Аптаның үздік блогы: "Иесіз хат"

Аптаның үздік блогы: "Иесіз хат"
жеке
блог

«... Кешелі бері ұйқы жоқ. Миымның ішіне кіріп алған шимай ойлар мені  мазалағаннан басқа ештеңе бітірген жоқ. Мына бір тілім хатты кімге жазарымды да білмей отырмын. Бірақ, бастап қойдым. 

Жетім емеспін. Бірақ, Жалғызбын. Үйде де жалғыз емеспін, екі қарындасым бар артымнан ерген. Бірақ, Жалғызбын. Жағдайым жұрттың баласымен қатар. Бірақ, көңілім құлазит та тұрады. Денім сау. Бірақ, аурумын. Немен ауырып жүргенімді білсе біреу білер. Ол кім, оны да танымаймын. Аяғым бар, жүремін. Бірақ, табаным жердің рахатын сезіне алмай жүр. Айтпақтай, қолым да бар. Бірақ, өзім қалағанның бәріне жеткізе алмай жүрмін. Жалпы он екі мүшем түгел. Бірақ, он екі де бір нұсқасы жоқ өмірім өтіп жатыр. НЕГЕ?

Иесіз хаттың иесі, мен дүниеге жылап келгенде өмір маған кекете, мазақтай күле қараған. Мен есейдім, мен ес білдім. Бірақ, әлі өмірді кекетіп бір күле алмай келемін. Ұмытып кетіппін ғой, мен АҚЫНМЫН! Ақын деймін... Бірақ, әлі бір болмысы мен бітімі сай өлең жазып көрмеппін. Күлкілі, онда несіне ақынмын деп жаздым екен. Әй, жарайды жазылып кетті, шимайлауға болар еді әттең, сиялы қаламның заманы емес...

Иесіз хаттың иесі, сен білесің бе бұл хатты жазып отырған адамның ішінде қанша ма мұң мен атомдар жатқанын. ЖОҚ! Сен үшін ол тым ауыр. Әр күнім сәтімен айналып жатыр. Бірақ, торығып жүремін. Әр түнім ләззаттың құшағында өтіп жатыр. Бірақ, жабығып жатамын. Махаббаттың шарабына мас та болдым. Бірақ, есімді білетін маспын. Қызық емес. Ештеңе де қызық емес. Қызық дүние бар екенін біле тұра, сызып тастаймын. Желіккен жел едім. Бірақ, тоқтадым. Тұрақтымын. Бірақ,  ...шынымен тұрақтымын.

Хат! Иесіз хат! Сенің баратын жерің де жоқ.  Менің баратын жерім бар. Бірақ, сенен өткен панасызбын. Түсіне алмай келемін. Бәрі бар, бірақ неге жоқ.  

Иесіз хаттың иесі, бұл менің алғашқы жазған хатым. Саған жазып жатырмын. Оқып жауабын берерсің. Бәрі бар, бірақ неге жоқ? Бұл сұрақтар да менің соңғы сұрақтарым емес. Егер, жауабын берсең менің тағы да қояр дүнием жетерлік.

Уахаххахахахх... хатымның баратын жері жоқ болса, несіне осынша ішімді ақтарып жазып отырмын. Әлде бар ма екен, иесі...

Жауабыңды асыға күтемін!

Құрметпен сені танитын бірақ, танымайтын досың!