Аппақ ботам қайда екен?!
блог
Бақытты балалық шағымнан ойып тұрып орын алатын бір оқиға бар. Сіздерге өтірік, маған шын, бұл оқиғаның өмірімде болғанына көп адамдар сене бермейді.
Шамамен төрт я бес жастағы кезім. Көктемнің, шамасы, сәуір айы (нақты есімде жоқ). Әкем мен нағашы ағам бір шаруалармен таулы аймаққа кеткен. Кешкі уақытта далада ойнап жүргенмін. Алыстан әкем мен ағамды көрдім. Әкемнің қолында аппақ бір нәрсе. Не жүк емес, не бір зат емес. Жақындаған кезде алдыларынан жүгіріп шықтым. Әкемнің қолында жаңа туған аппақ лақ. Әкем де, ағам да мәз. Бәріміз үйге кірдік. Ол кезде бес қабатты үйдің төртінші қабатында тұрамыз. Үйге кірген бойда әкем балконға киіз жайып, аппақ лақты киізге жатқызды. Сүйегі қатпаған, әлсіз лақ жаңа орнына бірден үйреніп алды. Әкемді «Қайдан алдың? Кім берді?» деп сұрақтың астына алдық. Әкем «Таудан тауып алдым. Ешкі шет жақта егіз туса, әлсізін тастап кетеді. Ол ешкіге тән қасиет, мынау лақты да солай тастап кетсе керек» деп айтып жатыр. Нағашы ағам өзі ауласы бар жер үйде тұрады. «Мен үйіме алып кетейін, сендерге ыңғайсыз болар, көршілерің де қарсы болатын шығар» деп бізге айтып жатыр, әкем болса: «Жоқ, бұл қыздар үшін, бере алмаймын» деп айтып жатыр. Әйтеуір, аппақ лақты алып қалдық. Бір кезде лағымыз әл жинап, жүре бастады. Біз болсақ мәз болып, қуанып жатырмыз. Енді ат қояйық деп, ары ойланып, бері ойланып, неге екенін білмеймін лақты «Бота» деп атап кеттік.
Сол уақытта елімізде дефицит орын алып, біраз тауарлар мен дүниелерге қол жеткізу ауыр болды. Тіпті, Ботамызға емізік таба алмай қалдық. Әкем алып Алматының бар дәріханасын аралап, емізік таба алмай, анам саусағын сүтке батырып, Ботаны солай асырай бастадық. Біраз уақыттан соң, Ботамызбен далаға шығып ойнап, көршілердің бәрі оны аппақ күшік екен деп, кейін кәдімгі ешкінің лағы екеніне көз жеткізіп, таңданып, қызыға бастады. Сол сәтте «іздегенге сұраған» көрші орыс апамыз немересінен қалған емізігін бізге берді. Анам болса, бөтелкеге сүт құйып, емізікпен емізіп, Ботамыз өсе бастады. Көршілеріміздің ішінде ит мысық асырайтындар бар болатын. Олар да иттерін далаға шығарады, біз болсақ аппақ лағымызды шығарамыз. Олар иттерін «Сандра», «Кнопа», «Джекси» деп атап шақырса, біз «Бота, Бота» деп дауыстап шақырамыз. Даладан үйге кіргенде төртінші қабатқа дейін өзі секеңдеп шығып, есікті «ашыңдар» дегендей басымен сүзетін.
Ботамыз үйдің мүшесі болды. Өз орнын біледі. Түнде балконға қамап қоямыз, күндіз үйде жүреді. Одан қалса, сондай ақылды болатын, дәретке балконға немесе далада ғана баратын. Үйді бір ластаған емес. Біз теледидар көрсек, бізбен бірге диванға жайғасып алатын. Одан қалса ешкіге тән қасиет, жиһаздың үстіне, әйтеуір, жоғарыға қарай секіріп шығып, сол жақта жүреді. Одан қалса, демалыс сайын қала шетіндегі қара шаңырақ атамның үйіне барамыз. Көлікке секіріп шығып, алдыңғы екі орынның арасынан басын шығарып, сол жаққа жайғасатын. Атамның үйіне келгенде ауладағы тауық қаздарды қуатын, одан қалса, сол жақтағы ит мысықтарды сүзіп, ойнайтын. Сондай бір тентек болатын. Үйге емін еркін кіріп, бөлмелерді аралап, төсек болсын, сандық болсын, жиһаз болсын, әдетіне салып үстіне шығып алатын. Апам мен үлкен ағаларым артынан қуып жүріп, далаға шығарады. Ол болса, қайта кіріп алады.
Көлікке де үйренген Ботамыз бір күні аулада көлік жуып жүрген ағамның көлігінің ішіне кіріп, алдыңғы орынға жайғасып отырады. Басында байқамай, кейін Ботаны көргенде ағам қолындағы суы бар шелегін түсіріп алып, Ботаны ұрсып, қуып шығады. Ақылды Ботамыз алдыңғы есіктен түсіп кетіп, саспай артқы есіктен көлікке қайтадан секіріп шығып, артқы жаққа орналасады. Ағам болса, ол жақтан қуып шығады. Бота болса, қайта айналып, алдыңғы жақтағы есіктен кіріп алады. Оған ағам жынданады. Әйтеуір, біраз уақыт екеуі қуаласпақ ойнайды. Сол кезде ағамда ақымақ, есіктерді жауып тастау туралы ойламайды))))
Ботамыз күннен күнге салмақ қосып, бірте бірте мүйізі көрініп, өсе бастады. Жоғарыда жазғанымдай, Бота есікті сүземін деп, бір мүйізін қисайтып алды. Ол мүйіз сол бойда, қисайып өсе бастады.
Жаздың жайма шуақ күндері де келіп жетті. Ол кезде бауырларым мектептен босап, жазғы демалысқа шыққан кез. Әке шешем бізді демалсын деп, Алатаудың көркем жерінің бірі Үшқоңыр жайлауына апарды. Ол жақта әкемнің нағашы әпкесі марқұм Тұрымқан апа (иманы саламат болсын) мен жездесі Тәлет ата мал шаруашылығымен айналысатын. Ол жаққа біз жиі баратынбыз. Ата анамның негізгі ойы, біріншіден, қалада өскен бізге ауыл тынысымен, сол жақта тіршілікпен таныстыру. Екіншіден, таза ауа, табиғи таза сүт өнімдері, құрт, ірімшік пен май дегендей, денсаулығымызды ойлап, демалсын деген ой. Үшіншіден, дәл сол сәтте, балконда өсіп келе жатқан Ботамызды малға қосу. Қашанғы бізде болады. Күннен күнге күш жинап, бұзық болып бара жатыр.
Әке шешем бізді қалдырып, қалаға кетті. Біз жайлауда қалдық. Жанымызда Ботамыз бар бәріміз киіз үйде жатамыз. Ботаны қойнымызға алғанды көріп, ата мен апа күлкіге батады. «Ол бала емес, қойындарыңнан шығарыңдар» деп Тәлет ата ұрсады. Апам болса, бізді алдап сулап, Ботаны алып, есікті түбіне орналастырып қояды.
Көз ашқаннан малды көрмеген Бота малды көрсе, сескенетін. Оларды көрсе, үйге қарай зытып, жоғалатын. Кейін үйрене бастады. Үйір үйір жылқы мен отар қой ешкінің арасында жүре беретін. «Бота» деп айтсаң болды, жүздеген малдың арасынан жүгіріп шыға келетін. Өзі сияқты лақтармен, қозы қошақандармен сүзісіп ойнайды. Бірақ оларға қосылмайды. Баяғы әдетінше, бізбен бірге киіз үйде жатады.
Бір күні жайлауда көкпар болатын болды. Мал бағып жүрген жас жігіттер көкпарға біздің Ботаны саламыз деп, есті шығарды. Үшеуміз үш жақтан «Ботаны бермейміз» деп тұрмыз. Атам болса: «Бере салыңдар, лақ жетеді, қорадан қалағандарыңды алыңдар, тіпті әрқайсысың үшеуден алыңдар» деп қыздырып, отқа май құйып жатыр. Біз болсақ қайтпаймыз. Ботаны қатты қысып, үлкен әпкем көтеріп алған. Бота қолға әбден үйренген, ол көтергенге қарсы болмады. Бір кезде үшеуміздің Ботаны бермейтінімізге көз жеткізген жігіттер: «Олай болса, сатыңдар, айырбастаңдар, бір тай береміз» деп жатыр. Бауырымыздай болып кеткен, аппақ Ботамызды тайға қалайша қиямыз?! «Жоқ» деп қайтпаймыз, сол сәтте нан илеп, жайып жатқан апам араласты. «Бүкіл жайлаудан қыздарымның лағын көре қалдыңдар ма?! Тірі тұрғанда, табандарыңды жалтыратыңдар» деп жігіттерді бір сөзбен айтқанда, оқтаумен қуып, айдап шықты. Атама да: «Менің қыздарымның лағынан басқа лақ көрмедің бе?! Немене қыздырып отырсың?!» деп, атамды ұрсып, оқтауымен бүйірінен түртіп қояды.
Біраз күннен соң, жайлауға ата анам келді. Олармен Ботаның жиналып қалған қызықтарымен кезек кезек бөлісіп жатырмыз. Бір кезде әкем: «Ботаны осы жаққа қалдырып, тастап кетейік, балконда оған тар болады» деп айтты. Қаралы хабар келгендей, бұл сөз төбемізге су құйғандай, жай түсті. «Жжжооооооооққққққ» деп үшеуміз үш жақтан айғайлап, жылай бастадық. Осы кезде Бота малдың арасында жүрген. Киіз үйден атып шығып, бар даусымызбен «Бота» деп айқайлап едік, Ботамыз шаңды көтеріп, жүгіріп келді. Әйтеуір, не керек, жылап жатып, Ботамызды қалаға алып кеттік.
Ботаны көршілеріміз де сағынып қалыпты. БІзден бұрын Ботаны айналшықтап, сипалап жатыр. Солай демалысымыз қалада жалғасын тапты. Анда санда қала шетіндегі атамның үйіне барамыз. Бота сол жақтағы достарымен ойнайды.
Жазғы демалыста өз мәресіне жеткен кезде, қайтадан жайлауға барып, Ботамызды жылап жылап, үлкен қимастықпен тастап кеттік((((
Атам мен апам да малдарын реттеп, киіз үйді жинап, қысқа дайындала бастады. Ботамыз болса, күндіз малдың арасында жүріп, түнде екі бөлмелі үйдің дәлізінде қонады. Қаншама жыл мал баққан атам Ботаны малға қоса алмады. Кешкі уақытта қораға қамап қойса, ақылды Бота бәрімен бірге жем шөп жеп, суын ішіп болған соң, малдың есігінен секіріп, шығып кетіп, үйге барып алады екен. Атам болса, жыны ұстап, ашуланады.
Бір күні атам мен апама қонақтар келеді. Келген кісілердің кішкентай (шамамен, бізбен қатарлы шығар) қыздары бар екен. Бота қыздарды көріп, соларға барып, жақындап, еркелейді екен. Оны көрген қыздар да Ботамен ойнап кетеді. Осыны көрген келген қонақтар «Аға, біз ала қояйық, орнына бір құнажын берейік» десе, атам мен апам «Қыздардың Ботасын сендерге беріп, өле алмай жүр дейсіңдер ме?! Қой, бере алмаймыз» деп, шығарып салыпты.
Уақыт өтеді, бізде анда санда болса да, Ботамызға барып тұрамыз. Барған сайын, Ботамыз бізге еркелеп, біз онымен ойнап, бір бірімізге деген сағынышымызды басамыз.
Күндердің күнінде атам, әйтеуір, Ботаны малға қосады ау. Арада бір жыл өтіп, біз кезекті жазғы демалысты өткізу үшін, жайлауға келдік. Келе сала, атам мен апамды «Бота қайда?» деп сұрақтың астына алдық. Атам мен апам «Боталарың жүр» деп қояды. Біз болсақ, қайда екен деп уайымдап отырмыз. Салқын киіз үйде, құрт жеп, саумалы ішіп отырған едік, бір кезде атам аппақ жүні бұйра бұйра кіп кішкентай көздері әрең ашылатын лақты қойнына салып, үйге кірді. «Оооо, күшті» деп біз мәзбіз. Бір кезде атам «Әй, бұл сендердің Боталарыңның лағы, кеше туды» деп айтқан кезде не сенерімізді, не сенбесімізді білмей аң таң болып, аузымыз ашылып қалдық. Әке шешем де аң таң. Апам болса, күліп қояды, Атам лақты бізге ұстатты. Біздің Ботамыз үлкен болып кетті дегенге сенбей тұрмыз. Қалайша, кеше ғана есікті сүзіп, секеңдеп қалған мүйізі қисық лағымыз үлкен болып кетті?! Соңғы рет көрген кездегі кейпі есімізде қалды ғой. Бота сол сәттегідей қалды деп бала көңілі аң таң. Далаға жүгіріп шығып, жайылып жүрген мал жаққа, бар даусымызбен «Бота, Бота» деп айқайлағанымыз мұң екен, бізге қарай үлкен аппақ ешкі жүгіріп келе жатыр. Мүмкін емес деп біз тұрмыз. Жақындаған сайын мүйізі қисық ешкі жылдамдығын артырып жүгіруде. Сол сәтте кеше ғана емізікпен сүт беріп, өсірген лағымызды көріп, танып, оны құшақтап, асты үстіне түсудеміз. Ол да еркелеп, мүйізімен бізді сүзіп жатыр. Атам болса, жаңағы кішкентай аппақ лақты Ботаның жанына қойды. Бота болса, лағын иіскелеп, еміріне бізге «менің лағым, көрдіңдер ме?!» дегендей қарап қарап қояды.
Өкінішке орай, араға уақыт салып, апамыз бір жағы қисая кетіп, инсульт алды. Амалсыздан бар малды сатып, түскен қаражатқа апамызды емдедік. Сатылып кеткен малдың арасында аппақ Ботамыз өзі сияқты аппақ лағымен болды((((
Ол кезде, өкінішке орай, дәл бүгінгі күндей сандық фотоаппарат пен бейнекамера жоқ. Ботамен өткізген балғын сәттер тек есте қалды. Осы күндер бейнеленген бір таспа, бір сурет жоқ, әттең.
Әпкем ортаңғы сыныптарды оқитын кезі. Үйге «Ақ желкен», «Ұлан», «Балдырғанды» жаздырып алып, таласа таласа оқимыз. Әпкем Бота жайлы мақала жазып, «Ұланға» жібереді. Арада екі үш ай өткен соң, «Айналайын, Шынар! Лақ туралы жазған шығармаң жақсы екен. Тек қиялға көп беріледі екенсің. Бұдан былай шындыққа жанасатын, өмірде болатын оқиғаны жазсаң дейміз» деген хат жауап келіп тұр. «Қайдағы, қиял?! Болған оқиға ғой» деп, біз ашуланып қалдық. Тіпті, таласа оқитын «Ұланды» көрсек, оқымай, жыртып тастайтын болдық. Дәл сол кезде дәлелге толы ең болмағанда Ботамен түскен бір суретіміз болса ғой деп қалдық.
Қазір айтсаң, әрине, біреу сенер, біреу сенбес. Осы күнге айтқан кісілер әлі күнге дейін, көздері шарасынан шығып, «Балконда қалай асырадыңдар?!» деп жағаларын, ұстайды.
Апам ауырып, он жылдай уақыт жатып қалды. 2006 жылы мәңгілік мекені жер қойнауына тапсырдық. Ол кісі өл өлгенше «Әй, анау Боталарың осылай істеуші еді. Бір күні шайқаған майымды секіріп жүріп, төгіп жіберіп еді» деп қуанышпен Ботаның қылығын еске алып, қызықтап отыратын. Тәлет ата, шүкір, қазір бар. Ол кісі де «Боталарың естеріңде ме?» деп сұрап жатады.
Ал біз болсақ, Бота жайлы естеліктерді жинап, ешкі лақ, көрсек есімізге түсіріп жатамыз. Әйтсе де, бақытты балалық шағымыздың балғын кезі Ботамен өткенін еске алып, біз мәз боламыз.
Бала күніміздегі «Қошақаным қайда екен?» деген әнді, «Аппақ Ботам қайда екен?!» деп өзгертіп алдық