Менің апамның есімі Гүлназ. Әдемі есім, маған ұнайды. Қырықтың қырқасына шықса да өңін әлі бере қойған жоқ, қыздай.
Апатайыммен бір күн сөйлеспесем ас батпайды. Негізі заң бойынша әкемнің қызымын. Бірақ сыртта жүрсем апатайымның қойынынан аңқитын жұпары мен аялы мейірімге толы көзінің қарасын үнемі сағынып жүремін. Дәл осы сөйлемді жазып жатқанда тамағыма түйіртпектеліп жас келіп қалғанын қарашы...Жә, ештеңе етпейді. Жалғыз мен ғана емеспін ғой анасы мен әкесінің құшағынан жырақта жүрген. Өстіп жұбатып қоямын өзімді енді...
Менің апам енді ақкөңіл жан. Әліге дейін біреу қатты сөз айтса жылап қалады бала сияқты. Әкем не десе, соны құп көріп отырады. Бірақ жуас емес, найман:)
Аяулы аналарымыздың мерекесі келіп қалған екен енді, құтты болсын. Апатайым, сізді де құттықтаймын. Үйде болсақ арқа-жарқа болып отырар едік, бір мантымызды жеп алып:) Ауырмай-сырқамай аман жүре беріңіз деген тілек айтады қара қызыңыз...Достар, сіздердің де аналарыңыздың, әжелеріңіздің дені сау болсын, бақытты болсын...