Алғашында ұқсаттым ба дедім. Мамамның бөлмесі бала күнімдегі апамның бөлмесінің иісін еске салды... Апам марқұм «дәу папанікінде» (әкемнің ағасы) тұратын, каникулда барамыз. Бөлмесінде ұйықтаймыз қаптаған қыз. Жатқан бойда қата қоймай шулаймыз, сөйлейміз, таяғымен түрткілейтінJ Қараңғыда дәл тимейді, кімнің қайда жатқанын, кімнің сөйлеп жатқанын біле алмайды. Біз де соны қызық көріп, таяғынан қашып, төсегінің астына кіріп кетеміз ұстатпай, мәз боламыз – баламыз... Сол бөлменің иісі ерекше еді - апамдікі. Еркелігі мен қаталдығы бар ақкөңіл жан еді. Айына, жылына бір келетін маған бар жылы-жұмсағын беретін. Кетерімде қолыма міндетті түрде ақша ұстатады. Сәбилерді емдейтін қасиеті бар еді. Ангинаны бас бармағымен-ақ басып қайтаратын әдісі де бар қазақтың. Не керек, ауылға сыйлы апа болды.
Биыл бір айғы демалыста Алматыға барып, екінші рет көзім жетті: анам апа болғалы қашан, бөлмесі тура енесінікіндей ерекше аңқып тұр. Туған иіс – ыстық иіс! Немерелерін қасына алып, у-шу болып жатады. Әр адамның өзіне тән иісі болады. Мен оны айтып тұрған жоқпын. Оның үстіне, анам хош иісті әтірлерін сеуіп, сәнденіп жүретін кісі – тазалыққа тым үйір.
Мұрным өте сезімтал ма, білмеймін. Бар білерім – бұл бала күннен таныс иіс. Апам барда бесікке бөлендік, киіз үй де тіктік, сиыр да сауылды, мал да жайылды, күбі де пісілді, диірмен де тартылды, бидай да қуырылды, құрт та жайылды, жүн де түтілді/сабалды, ұршық та иірілді, киіз де басылды, алаша да тоқылды, қолмен нан да жабылды, шай да самаурында қайнады.
Бақытты балалық шақ!!!