Апамның баласымын

Апамның баласымын
жеке
блог

Біз жақта әжені "апа" дейді. Солай айта берейін. Мен апамның баласы болып өстім. Алты айлығымда алған екен мені. Апам Махфуза - он екі баланың батыр анасы. Атам ертеректе қайтыс болыпты. Өз әке-шешем екі ініммен басқа көшеде тұрды. Оларды, ата-әжелері бауырына басқан көпшілік балалар секілді, мен де мойындамайтынмын. Әлі күнге,  жасым жиырма бестен асса да, салқын мойындап, парызым болғандықтан қамқорлық көрсетуге тырысқаныммен, аттарымен атап, жатырқауым басылған емес. Бұл менің еркімнен тыс нәрсе. Мендегідей жағдайда өскендер түсінеді деп ойлаймын.

 Еміс-еміс естеліктер...  Апамның қаладағы әпкелеріме 2-3 күнге кетіп бара жатқан кезі жадымнан өшпес, сірә... Неге өйткенін білмеймін, мені өзімен ертпеді сол жолы. Таңғы уақыт, күн енді көтеріліп келе жатқан кезде үй артындағы дөңді асып, автобусқа кетіп бара жатқан апамның соңынан жылап жүгірдім, мені де ала кетші, мен де барамын деп ұстап қалуға тырысқан ағамның қолынан жұлқынғаным бар. Сол сәт, апам қаладан келгенше елегізіп күткенім есіме түссе әлі күнге көзіме жас оралады.

Бірінші сыныпқа апам жетектеп апарды. Сыныпқа кіргізді де,  көзімен шолып шығып, қолымнан жетектеп бір ақ бантикті, сүйкімді қыздың қасына отырғызды. Бірнеше күн сабақ оқымаймын, мектепке бармаймын деп қиғылық салғаным бар. Апам кейін айтады, сол кезде сені оқымай қоя ма деп қорықтым деп (есейген соң мектептен келтіре алмайтын болды). Бір күні үзіліс кезінде ешкімге білдірмей жылыстап сыртқа шықтым да, үйге тарттым.  Үйде апам жоқ болып шықты. Мені апама апар деп көрші ересек қызға барып жылап, ол қыз мені ауыл орталығындағы конторға, пенсия кезегінде отырған апама ертіп апарған.  Ойбаай, қызың сабақтан қашып кеткен ғой деп қасындағы кемпірлер шу ете қалған еді... Сабақ  таңертең болатын,  ал үй мектептен алыс, мен жолайғы иттерден қорқамын деп жылаған соң апам таңертең ақсаңдай отырып, таяғына сүйене  жеткізіп салатын. Ал қайтарда, амал жоқ, жалғыз қайтамын.

Апамның жүрегі нашар болғандықтан, ауырып, төсек тартып жатып қалатын жиі. Сондай күндері мазам қашатын, қасына қайта-қайта келіп: "жазылдың ба, апа, жақсардың ба" деп жүз сұрайтын шығармын. Ес біліп, жоғары сыныптарда оқып жүргенде биология пәнінің мұғалімі өзі сатумен айналысып жүрген бір жақпа май ма, сұйық дәрі ме, сондай бір нәрсені аузының суы құрып мақтаған еді. Арада біраз күн өткенде апам бауырсақ пісіріп тұрып, қолына аз ғана май шашыратып алды. Бірақ сол кішкене ғана күйік қайтпады, үлкейіп, іріңдей берді. Апам әлсіреп жатып қалды. Қатты қорықтым. Апам өліп қала ма деп. Апам өлсе мен де өлетін шығармын деп ойлайтынмын. Ол көктемгі жайсыз уақыт еді, жер-көктің бәрі еріген қар суынан көлкіп жатқан, балшық, қар астындағы суға қара санға дейін кіріп кететін, қысқасы, көрші үйге барып келу мұң болатын. Менің есіме мұғалім айтқан дәрі түсті. Пенициллиннің құтысына құйып, жүз теңгеден сатамын дегені де. Апамнан жүз теңге алып, ауылдың екінші басындағы сол кісінің үйіне бардым. Күйікке керек еді деп едім, мұғалімім қалай пайдалану керектігін айтып жіберді. Осыны жақсақ апамның қолының жарасы жазылар деген үмітім ақталды. Екі-үш күнде жарасы мазалауын қойды, кетіп қалды. Қуанышымды айтпай-ақ қояйын.

Бірақ, апам мені еркелеткені сонша, қыз балаға керек өнерлерді желкелеп  отырып үйретуді білмепті. Шұлық тоқуды үйреніп алғанымда ғой деп өкінемін.Керек десеңіз, ыдыс жудырмайтын. Әйтеуір даланың жұмыстарын меңгеруді білдім. Қар күреу, қора тазалау, малды суару секілді. Себебі, ағам жоқта оларды атқаруға апамның аяғы жарамайтын. Тәрбие жөніне келсек, апам құлағымның құрыш етін жеп ақыл айтқан емес. Тек кішкентай кезімде бір кейігені өмірлік сабақ болған шығар. Үйдегі жеңгем есік алдында отырғанда бір көрші апай біздің үйдің алдынан өтіп кетті.  Ауылдың әйелдері көрші-қолаңды өзімсініп, сәнденіп жатпайды ғой әдетте. Ана апайдың қысқа шаштары дударланып тұрғанын жеңгем көріп менің көзімше сыртынан сөгіп тастаған. Мен пысық, оны әлгі апайға айтып барғам. Ол кісі келіп шаң-шұң ұрсыс шығарып кетті... Апам біреудің сөзін екіншіге жеткізуге болмайды деп ренжіген сонда.

Балам болса ешқандай ата-әжеге бермеймін деп ойлағаныммен, өзім апамның баласы болғаным үшін еш өкінген емеспін. Қайта, бұл өмірлік баянымның ең бір мақтанышпен айтатын, мен үшін ыстық бөлігі.