АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АҚИЫҚ АҚЫН
блог
Осы жылы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Соған орай әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Шығыстану факультеті, Шетел филологиясы: Қытай тілі студенттері Мұқағали атамызға арнап іс-шара өткізді.
Мұқағали атамыз жайлы айтып кетсем:
Ол 1931 жылы Алматы облысындағы Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ата-анасының азан шақырып қойған аты -- Мұхамедқали екен. Ұлы Отан соғысына аттанған әкесі Сүлеймен 1941 жылы Калининград майданында қаза табады. Мұқағали өзінің үш інісімен бірге анасы Нағиман мен әжесі Тиынның тәрбиесін көріп өседі. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен қатар өткендіктен, ол тағдырдың ащы дәмін ерте татады. Кейіннен ақын өзінің бұл кезеңі жайлы «Адам өмірінің бақыты -- балалық шағы. Балалық шақ бақытсыздықпен өтсе, санасы бар пенденің бүкіл ғұмырына ақау түскені...», -- деп жазады (Күнделік, 9 сәуір 1973 жыл).
1948 жылы аудан орталығындағы мектеп-интернатты ойдағыдай бітіріп шығады. Сөйтіп Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің (Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің) филология факультетіне оқуға түседі. Өкінішке орай аталмыш жоғары оқу орнын және кейіннен Шет тілдер институтын да тәмамдай алмайды. Қарасазға қайта оралып, ауылдық кеңестің хатшысы, бастауыш мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі, сегізжылдық мектепте мұғалім, аудандық газетте әдеби қызметкер, жауапты хатшы, Шалкөде ауылында қызыл отау меңгерушісі, комсомол қызметкері болып істейді. Алматы мен ауылдың арасын жалғап, Қазақ радиосында дикторлықтың дәмін де татып көреді. «Қырман басында», «Қойшы бала -- Әкітай» атты тырнақалды өлеңдері сол кезеңде аудандық «Советтік шекара» («Хантәңірі») газетінде жарияланады. Елуінші жылдардың басында «Інімнің ойы», «Шебер» деп аталатын өлеңдері «Жастық жыры» ұжымдық жинағына енеді. 1954 жылы бір топ өлеңдері «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналында жариияланған. Мұқағали Мақатаевтың талантын алғаш бағалаған ақын Әбділда Тәжібаев болатын. Ол 1960 жылы 18 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетінде ақ тілекке толы алғысөз жазып, ақынның бір шоғыр өлеңдерін оқырмандар назарына ұсынған. Сонда «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде мақтанбасқа бола ма?!» -- деп айрықша тамсанған екен. Алматыға түпкілікті көшіп келгеннен кейін «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан», 1962-1963 жылдар) газеті мен «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат», 1963-1965) және «Жұлдыз» (1965-1972) журналдарында әдеби қызметкер, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973) поэзия секциясының әдеби кеңесшісі қызметін атқарады. 39 жасында Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған. Мәскеудегі Максим Горький (Алексей Максимович Пешков) атындағы Бүкілодақтық әдебиет институтында оқығанымен, оны да аяқтай алмайды. Бұл жайлы ақын өзінің күнделіктерінде былай деп жазады: «Сонымен, қош бол Мәскеу... Шын уайым, шын қайғы осылай болады екен-ау» (15 қараша 1973 жыл). «... Үйреніп қалған ұямдай Мәскеуді барам қия алмай. Миллиондардың ішіне Бір басым менің сыя алмай. Еңсемді бір сәт жия алмай, Не бетімді айттым, Алматым, Не деймін саған ұялмай?.. Таңғы шақ, Аяз сорып тұр. Соғып тұр боран, Соғып тұр. Ақ құсым, мені аман-сау, Алматымменен жолықтыр» (18 қараша 1973 жыл). «Жұмыссыз жүргеніме Жаңа жылда бір жыл толады. Қайтіп, қалай жан бағып жүргеніме таңданамын» (7 желтоқсан 1973 жыл). «Үнемі Мәскеуде тұрып, сонда тірлік еткендей Мәскеу неге ой-түсімнен шықпайды?! Алматыға, адамдарға деген біртүрлі жатырқау бар. Как ни говори, Москва -- есть Москва, там все попроще. Так можно кое-кому научиться и можно добиться кое- чего. Бастан өткен аяулы бір дәурен сияқты. Бір нәрседен арманда қалған, сол жерде бір асылымды ұмыт қалдырғандаймын. Өмір болса тұра тұрсын, досты сол халықтың арасынан іздеу керек екен» (18 желтоқсан 1973 жыл). Ең бірінші бақытым -- Халқым менің, Соған берем ойымның алтын кенін... -- деп тебіренген ақынның «Ақ қайың әні», «Ару-Ана», «Аққулар ұйықтағанда», «Чили -- шуағым менің», «Шекарада», «Өмірдастан», «Арман», «Шолпан», «Досыма хат», «Алтай-Атырау», «Отаным, саған айтам», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Жер үстінен репортаж», «Моцарт. Жан азасы», тағы басқа поэма-толғаулары бар. Балаларға арналған өлеңдері мен ән мәтіндерін қоспағанда барлығы 971 өлең мен 14 поэма жазған екен. Соның ішінде жадағай публицистикаға толысы -- 49 өлең, өлең туралы жазылған өлеңдері -- 36, тікелей арнау өлеңдері --15, ақынның өз бетін, өз қолтаңбасын көрсететін негізгі өлеңдері -- 51, ал қалған 820-дей өлеңі табиғат, қоғам, адамгершілік, достық, жолдастық, сүйіспеншілік, тағысын тағылар туралы жалпылама түрдегі дүниелер. Мұқағали Мақатаевтың бірқатар өлеңдері әсем әуезді әнге айналған. Оған Нұрғиса Тілендиев, Дәнеш Рақышев, Шәмші Қалдаяқов, Ілия Жақанов, Алтынбек Қоразбаев, Тынышбай Рахимов, Мұхамеджан Рүстемов, Төлеген Мұхамеджанов, Әбиірбек Тінәлиев, Бейбіт Оралұлы, Табыл Досымов, тағы басқа сазгерлер ән жазған. Ақын қай тақырыпта жазса да жалған сезім, жылтырақ сөзге әуес болмаған. Ол: Мен жырламаймын, сырласамын, Сыры бар замандаспен мұңдасамын. Көгендеп жыр қосағын, Келмейді жыр жасағым немесе: Тіпті де мен емес-ті «Мен» дегенім... Өзгенің жаны-сырын ұғу үшін Өзімді зерттегенді жөн көремін, -- дейді. Мұқағали Мақатаев шығармашылығының тіні «өзін-өзі» зерттеуден тұрады.
Оның өлеңдеріндегі лирикалық Мен -- өзін-өзі іздеген, өмір мен өлім, адам мен қоғам, ғаламнан үйлесімділік іздеп шарқ ұрған, пәлсапашыл Мен. Шығармаларында пәлсапалық тереңдік, адамның психологиялық жан күйзелісін суреттеу басым. «Өмірдастан» атты топтамалы толғауында жесір жеңге (Дариға) бейнесі арқылы тылдағы халық өмірі мен адамдық, азаматтық, адалдық, ар-намыс, рух пен нәпсі арасындағы толассыз күрес психологиялық шиеленіс арқылы шебер жеткізілген. Мұқағали Мақатаевтың шеберлігі өзі өмірден көрген-білгенін көңіл елегінен өткізе терең жеткізуінде дер едік. Әсіресе тауды, қазақ ауылын көп жырлайды («Тауда өстім», «Тау бір аңыз», тағы басқалар): Өлмесін деп берген ғой тауды маған, Мен күрсінсем, күрсініп тау жылаған. Ол қазақ өлеңін мазмұн, пішін жағынан түрлентті. «Қазақтың қара өлеңі құдіретім, онда бір сұмдық сыр бар естілмеген», -- дейді ақын. Мұқағали Мақатаев өлеңге интонация, инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді. Оның поэзиясы ұлттық характерімен, мінезімен ерекшеленеді: Су сұрасам сүт берген, айран берген, Қартайып қалыпсыз-ау, қайран жеңгем. Ақын өлеңге ерекше кие деп қарап, Музаға табынған: О, Муза, маған алыс сөреңді бер, Ғайыптан кел де мені демеп жібер. Мұқағали Мақатаев адам жанының ішкі құбылысына терең бойлап, оның болмысын шынайы бедерлейді («Жапырақ жүрек-жас қайың»). Ол күнделіктерінде өзі жайлы, ақын хақында былайша толғанады: «... Енді өзім туралы. Жыр түсінер қауым өлеңдерің жақсы дейді. Әр тұстан қолпаштаған хаттар да алып жүрмін, бірақ сенуім қиын. Жаман жыр жазу қиынға түсіп барады. Жақсы жыр басылмаса, жарық көрмесе қайтем?!» -- деп мұңаяды (17 наурыз 1973 жыл). Ол «Нағыз ақын алдымен ойшыл, философ болуы қажет. Поэзияда философ болу өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу, ақырына дейін адам жанының инженері болып қалу» дегенді ұстанды (10 ақпан 1976 жыл). Ақынның шеберлігі өмірден өзін, өзінен өмірді көре білуінде деуімізге болады. Махаббат әлемін Мұқағали Мақатаевтай жырлаған ақын кемде-кем. Ол нағыз махаббатты армандады, махаббатқа бас иді, оның кеудесі сарқылмас сағынышқа толы болатын. Поэзияда негізінен Абай салған дәстүр -- адам сезімін табиғаттағы бейкүнә тіршілік иелерінің жанды бейнесі арқылы көрсету дәстүрі Мұқағали Мақатаев поэзиясынан заңды жалғасын тапты: ... Көзің қайда көшеден мені іздеген, Сөзің қайда жанымыз егіз деген. ... Терезеңнің алдына келіп тұрмын Көгершіндей Қысты күн... жем іздеген... Мұқағали Мақатаев -- өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан ХХ ғасырдағы санаулы саңлақтардың бірі һәм бірегейі. Оның өз сөзімен айтқанда: ... Ақынмын деп қалай мен айта аламын, Халқымның өз айтқанын қайталадым. Күпі киген қазақтың қара өлеңін Шекпен жауып өзіне қайтарамын. – деген ерен жырдың жаратушысы. Поэзия! Менімен егіз бе едің, Мен сені сезесің бе неге іздедім? Алауыртқан таңдардан сені іздедім, Қарауытқан таулардан сені іздедім. Сені іздедім кездескен адамдардан, Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан. Шырақтардан, оттардан, жалаулардан, Сені іздедім жоғалған замандардан. Осы өлең жолдарын оқыған кезде алып жырдың жаратылысын, жаңа қыры мен сипатын танығандай күй кешесіз... Ақын өзінің қысқа ғұмырында (ол 45 жыл ғана өмір сүрген) өзіне-өзі бек сенген. Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен көркем дастандары -- сол сенімінің жемісі. Ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына емін-еркін шығып отырғаны даусыз. Орыс әдебиетін көп оқыған Мұқағали Мақатаев Сергей Александрович Есенинге еліктеумен қатар Владимир Владимирович Маяковскийге де бірауық мойын бұрған көрінеді. Ол Николай Семенович Тихонов, шотланд ақыны Роберт Бернс, Ф.Ансари, армян ақындары -- Акоп Акопян, Аветик Саакович Исаакян, Евгений Александрович Евтушенко, Ф. Моргунның бірнеше өлеңдерін қазақша сөйлеткен. Ю.А.Александров, М.М. Курганцев тәржімалаған ақын өлеңдері «Зов души» деген атпен орыс тілінде басылып шықты (1982 және 2001). Шығармалары қырғыз, өзбек, тағы басқа тілдерге аударылған. Мұқағали Мақатаевтың адамзат ғұмыры мен әлем сырын жыр еткен лирикасы қазақ әдебиетіне мәңгілік мұра боп енді. Ол поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да белсене қалам тартты. Қаламгердің «Қош, махаббат» жинағына (1988) әр жылдары жазылған «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері, «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестері мен «Қош, махаббат» пьесасы, бірнеше сыни еңбектері енген. «Рух және сезім», «Сезім найзағайы», «1969 жылғы қазақ поэзиясы» атты әдеби сын еңбектерінде Олжас Сүлейменов, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Сырбай Мәуленов, тағы басқа қаламгерлердің шығармаларына талдау жасап, өнер, поэзия туралы ой толғайды. 1985 жылы Қазақстан Жазушылар одағы үздік шығарма авторларына Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлық тағайындалған. Бұл мәртебелі сыйлықты Несіпбек Айтұлы, Ерік Асқаров, Аманхан Әлімұлы, Айтақын Әбдіқалұлы, Жүрсін Ерманов сынды ақындар иеленген. 1999 жылы Мұқағали Мақатаев «ХХ ғасыр ақыны» атанды. Сол жылы «Атамұра» баспасы шығарған «Аманат» жыр кітабы үшін ақынға 2000 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы (Абай атындағы сыйлық) берілді. Алматы қаласында ақынның есімімен аталатын мектеп-гимназия, көше және сол көшенің бойында Мұқағали Мақатаевқа арналған ескерткіш бар. Туған ауданында Мұқағали Мақатаев атындағы жалпы орта мектеп жұмыс істейді. Алпыс жылдық мерейтойы қарсаңында туған жері – Қарасаз ауылында ақынның әдеби мұражайы ашылған және ескерткіші орнатылған. Кітаптары жыл аралатып шығуда. «Мұқағали» журналы жарық көреді. Екінші – мәңгілік өмірі басталған ақиық ақын жайлы 1995 жылы «Мұқағали» және 2014 жылы «Хантәңірінің мұзбалағы» атты естеліктер жинағы оқырмандар қолына тиген. Аты аңызға айналған ақиық ақынның мол әдеби мұрасын зерттеуде үш кандидаттық диссертация қорғалды. Олар – К. Сейітова «Мұқағали Мақатаевтың ақындық мұрасы» (1991), К. Хамидуллаев «Мұқағали Мақатаевтың ақындық шеберлігі» (1993), тіл білімінде З. Қазанбаева «Мұқағали Мақатаев лирикасының грамматикалық ерекшеліктері» (1999). Шығармашылығы турасында 700-ге жуық еңбек (мақала, естелік, эссе, өлең, поэма, роман, тағы басқалар) жазылған.Соңғы кездері ақиық ақынның мерейтойлары мен туған күніне арналған игі шаралар жиі өткізіліп жүр. Таулардың алыстаған сайын асқақтай, биіктей берері анық. Елдің еркесі боп саналатын ақындар да сол іспеттес. Өздерінен кейінгі ұрпақтарына баға жетпес рухани қазына қалдырып, Мәңгілік Музаға айналған Мұқағали Мақатаевтың ерен есімі мен мол ғибрат, таусылмас тәлім-тәрбие аларлық туындылары қазақ халқымен бірге мәңгі жасай бермек. Жалпы қаламгерлер жайлы толғанғанда сүйікті жазушымыз Мархабат Байғұттың: «Кітаптан алыстаған халықтың болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт», – деп қатты алаңдайтыны еріксіз ойға оралады. Ардақты ағамыз қадап айтқандай, біз, бүгінгі студент, болашақ туған тіліміздің мамандары төл әдебиетіміздің алтын қазынасынан жалықпай сусындауды – өзіміздің басты мақсатымыз деп санаймыз.
Оспанбаев Темірлан
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Шығыстану факультеті
Шетел филологиясы: Қытай тілі студенті