«Милан» — «Ливерпуль» — 3:3. Пенальтилер — 2:3.
25 мамыр, 2005. Ыстамбұл. Олимпиадалық стадион. 70 024 көрермен. Төреші: Мехуто Гонсалес (Испания).
«Милан»: Дида, Кафу, Стам, Неста, Мальдини, Пирло, Гаттузо (Руй Кошта 112), Зеедорф (Сержиньо 86), Кака, Шевченко, Креспо (даль Томассон 85)
«Ливерпуль»: Дудек, Финнан (Хаманн 46), Каррагер, Хююпя, Траоре, Чаби Алонсо, Луис Гарсия, Джеррард, Риисе, Кьюэлл (Шмицер 23), Барош (Ж. Сиисе 85).
Голдар: Мальдини 1 (1:0), Креспо 39 (2:0), Креспо 44 (3:0), Джеррард 54 (3:1), Шмицер 56 (3:2), Чаби Алонсо 60, пенальти (3:3).
Пенальтилер сериясы: Сержиньо (биік тепті), Хаманн (0:1), Пирло (қақпашы қайтарды), Ж. Сиисе (0:2), даль Томассон (1:2), Риисе (қақпашы қайтарды), Кака (2:2), Шмицер (2:3), Шевченко (қақпашы қайтарды).
Ескертулер: Каррагер 76, Барош 81.
**********
2005 жылғы Чемпиондар лигасының финалында «Милан» және «Ливерпуль» клубтары ойнады. Бұл матч 2005 жылдың 25 мамырында Ыстамбұлдағы «Ататүрік» Олимпиадалық стадионында өткен еді. «Милан» бұған дейін бес рет осы турнирде топ жарған болса, сол бес финалда да ақ жейдемен ойнапты. Қызығы сол, «Ливерпуль» де бұған дейін төрт рет кубокты алған, және үнемі қызыл жейде киіп ойнаған финалдық кездесулерде жеңіске жетіп отырған. Демек, Ыстамбұлдағы финалда қос клуб та өздеріне сәттілік әкелетін түспен алаңға шықты. Бірақ міндетті түрде біреуінің ұтылуы тиіс екені анық қой. Мұндай матчтарда сәттілік тек бір тарапты ғана таңдайды.
Ойында есеп жылдам ашылды. Пирлоның қапталдан асырған айып добын Паоло Мальдини ойланып тұрмастан қақпаға қарай тепті. Доп нысанаға барар жолда жерге дік етіп соғылды да, тордан бір-ақ шықты. Бұл — не бары бірінші минут (52-секунд) болатын. Айтпақшы, әлі күнге дейін Мальдини финалда гол соққан ең қарт футболшы (гол соққан сәттегі жасы 36 жыл, 11 ай) саналады.
Жылдам гол «қызылдарды» абдыратып тастады. Десек те, гол соғудың қажет екенін ұғынғандықтан, әлсін-әлсін шабуыл жасай бастады. Онымен ештеңе мандымай, оның үстіне 19-минутта ливерпульдік Харри Кьюэлл жарақат алды да, ұзамай оның орнына Владимир Шмицер шықты. Олардың шабуылынан гөрі миландықтардың қарсы қимылдары қауіптірек болып жатты: 29-минутта Шевченко гол соғып еді, қапталдағы төреші жалауын көтеріп, Шева-голдың тура соққысы есепке алынбады. Шабуылшы ойыннан тыс қалған екен. «Ливерпуль» шабуыл жасаған бір сәтте Луис Гарсияның тепкен добы айып алаңында сұлап жатқан Нестаның шынтағына жазатайым тиіп кетті, бірақ матч төрешісі Мехуто Гонсалес италиялықтардың қақпасына пенальти белгілемеді.
Тайм соңына қарай шабуылға қатты кіріскен ливерпульдіктер тылды мүлдем ашық қалдырды, онысы үшін қарсыластары лайықты жазалады. 39-минутта Шевченко айып алаңына емін-еркін кірді де, Креспоға оңтайлы пас тастады. Апандай қақпа алдына барып қалған аргентиналық шабуылшы қателескен жоқ — 2:0!
Арада бес минут өткен соң қорғаушылар тағы да Креспоны ұмыт қалдырды. Кака асырған пастан соң Креспо Дудекті сан соқтырып, есепті 3:0-ге жеткізді.
Мына соққыдан соң «Ливерпульдің» ең берілген жанкүйерлері де «Миланның» бүгінгі финалдағы мықтылығын мойындауға мәжбүр болды. Себебі, бірінші таймда жүйелі ойын көрсете алмай, тірліктері алға баспаған, оның үстіне қарсыластарынан үш доп қалып кеткен клубтан екінші таймда бірдеңе күту де қиын еді.
Ойынға өзгеріс енгізу үшін «Ливерпульдің» бас бапкері Рафаэль Бенитес үзілісте қорғаушы Стив Финнанның орнына шабуылға көбірек қол ұшын беретін жартылай қорғаушы Дитмар Хаманнды алаңға жіберді. Ал шәкірттерінің бірінші таймдағы қимылына көңілі толған Карло Анчелотти үзілісте ешкімді алмастырмады.
Джеррардтың естеліктеріне сенсек, үзілісте Бенитес футболшыларға зекімеген де, қателіктерін беттеріне баспаған да. «Әлі жеңілген жоқпыз. Алда 45 минут бар. «Милан» футболшылары мынадай нәтижеден соң арқаларын кеңге салып, босаңсымауы мүмкін емес. Сендер тек өз білгендеріңше шабуылдай беріңдер. Енді жоғалтатын ештеңе де қалмады» депті-мыс...
Екінші таймды да миландықтар ширақ бастады. Шевченко айып добын теуіп еді, Дудек сыртқа қағып жіберді. Мұнан соң ливерпульдіктер бар тірлікті ысырып қойып, бапкердің тапсырмасы бойынша алға атойлады. Алонсоның 30 метрден тепкен добы қақпадан бірнеше сантиметр ғана қиыс кетті. 53-минутта Йон-Арне Риисе сол қапталдан үш рет айып алаңына доп бағыттады, алғашқысы қорғаушылардың олжасына айналса, екінші асырғаны қол созым жердегі Кафуге тиіп кері серпілді. Үшіншісінде ғана доп Джеррадты тапты. Джеррард таза британдық стильмен баспен ұрып, алыс бұрышты көздеді. Гол!
Бірінші таймдағы сәтсіздіктен соң есеңгіреп, ұнжырғасы түсіп кеткен «Ливерпуль» жанкүйерлері бір еңсесін тіктеді, олардың қуанғанына қарап, есеп теңесіпті деп те қалар едіңіз. Ал, есеп бар болғаны — 3:1.
Джеррардтың голы қуаныш пен үміт сыйлағандай, Англиядан келген жанкүйерлер енді клубтың ән ұранын хормен шырқай жөнелді. Мұнысы футболшыларға жігер берді де, тағы да алға лап қойды. Қарсыластарының жойқын ұмтылысы шошытты ма, миландықтар өз қақпаларының алдына ұйлығысып, қорғаныстарын бекіте түсті. Джеррард гол соққан соң екі минут өтпей жатып, ливерпульдіктер тағы бір қауіпті шабуыл өрістетті. Шабуыл өтінде тағы да Риисе! Ол Чаби Алонсоға пас берді, Алонсо Хаманнға. Хаманн өзіне жақын жердегі Шмицерге допты итере салды. Шмицер қақпаға қарай сұмдық соққы жасады. Болар-болмас траекториямен ұшқан доп айып алаңындағы миландық клубпен аттас Барошқа тиіп кете жаздады. Чехиялық шабуылшы бұлт етіп, доптан сытылып үлгерді. Келесі секундта доп торда тулап жатты. Есеп — 3:2!
Мұнан соң миландықтар тіпті білгенінен жаңылды. Есептегі болар-болмас басымдықты сақтап қаларына өздері де сенбегендей қалып танытып, жиі шатаса берді. Бұл абдыраулары есептің теңесуіне апарып соқты. 59-минутта айып миландықтардың айып алаңында Барош Джеррардқа өкшесімен пас қалдырды. Дидамен жеке шығуға сәл қалған Джеррардты Гаттузо итеріп құлатты. Төреші пенальти белгіледі.
Он бір метрлікті Алонсо тепті. Дида допқа тосқауыл болып еді, бірақ қайтқан допқа елден бұрын жеткен Алонсо төрт метр жерден тоғыздыққа қадады. Гол — 3:3!
Алты минутта соғылған үш доптан соң қос команда жанкүйерлері бір-бірімен көңіл-күйлерін алмастырды. Енді «Ливерпуль» фанаттары жайғасқан сектор ән салып, билей бастады. Үшінші голдан кейін «Ливерпуль» футболшылары сабасына түскендей болып, манағы жойқын шабуылдарын бәсеңдетті. Алаңдағы футбол кескілескен емес, сабырлы қалыпқа көшті. Ес жинай алмай қалған италиялықтар да алға оншалық ұмтыла қоймай, асығыстық танытпады.
Кейін Андрей Шевченко бір сұхбатында былай деген болатын: «Есеп 3:3 болған соң салымыз суға кетіп, өзегіміз өртеніп, жанкүйерлерге қарауға бетіміз қалмай, алаңда не істеп жүргенімізге есеп бере алмайтындай да халде едік. Сондай сәтте капитан Мальдини бәрімізге жігер берді. «Қане, ойынға кірісіңдер! Ұтылған жоқпыз, есеп әлі — 3:3! Бірінші таймда үш гол соққанымыз қандай жақсы болған, өйтпегенде осы кезде үш доп айырмашылығымен ұтылып жататын едік», — деген соң аздап болса да қимылымызға жан біте бастады»...
Мальдини бұл жігер берер сөзін ойынның қай минутында айтқаны белгісіз, бірақ екінші таймның ортасынан пенальтилер сериясына дейін олардың аздап болса да басымдық танытқанын қауіпті сәттерді көбірек ұйымдастыра алғандарына қарап-ақ аңдауға болады.
Қалған уақытта миландықтар бірнеше рет қауіпті соққы жасай алды. Әсіресе 116-минутта олардың өзегін өртеген жәйт болды: Шевченко екі метр жерден қақпаны көздей алмады, оның әлсіздеу соққысы Дудектің далбасалап сермей салған қолына тиіп, доп басқа жаққа қарай ұшты. «Сол мүмкіндікті пайдалана алмағанымнан-ақ, ол күні бізден сәттіліктің мүлдем бас тартқанын түсінгендей болдым» дейді кейін Шевченко.
Жеңістен Шевченко ғана емес, басқа миландықтар да күдер үзгендей, матчтан соңғы пенальтиде де олардың жолы болмады. Дудек қақпада тұрудың ешкім ойламаған әдісін қолданып, қарсыластары соққыны теберде жаттығу жасаған адамша қолдарын басынан асыра ербеңдете беріп, пенальти тебушіні шатастыруға тырысып жатты. Онысы нәтиже берді де. Миландықтардан Сержиньо, Пирло және сол баяғы Шевченконың соққысы қақпаға дарымай, «Ливерпуль» 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Сол күнгі жетістік олардың бесінші рет топ жаруы болғандықтан, кубокты өздеріне мәңгіге алып қалды.
Бұл — УЕФА Чемпиондар Лигасының (немесе УЕФА Чемпиондар Кубогының) елуінші маусымы болатын.
Бірінші таймда керемет ойын көрсетіп, дубльге жасай алған аргентиналық Эрнан Креспо кейін ойынның бірінші таймын ғана дискіден қайта-қайта тамашалапты. Ал екінші таймды, қосымша бөлімдерді, пенальтилер сериясын ешқашан қайталап көрмепті. Бұл — оның футболшылық карьерасында ойнаған жалғыз ғана финалдық матч еді.
* * *
Арада екі жыл өткен соң осы екі клуб тағы да аталмыш турнирдің финалында жолықты. Бұл жолғы матч Афинадағы Олимпиадалық стадионда өтті (1994 жылғы Чемпиондар Лигасының финалында «Милан» «Барселонаны» 4:0 есебімен ойсыратқан стадион). Филиппо Индзагидің екі голына ливерпульдіктер тек соңғы минутта бір доппен ғана жауап бере алды. Ыстамбұлдағы камбэк қайталанбады. Нәтижесінде «Милан» турнирде жетінші рет топ жарды.