"Анти Кардашян"

- Бауырым, көмегің қажет!

- Ау қандай? - деп мырс ете қалдым, досымның жүзін көріп.

Әдеттегідей, Болат бірнәрсе өтінер болса, түрі кәмпит сұраған үш жасар қызға ұқсап кетеді. Сондықтан болар, қыздардың оны "құдооой, лапочка" дейтіндері.

- Дос, күлетін жағдай емес, жүрек мәселесі.

- Болат, бұл жолы емес кешір!

Оның қиылып не сұрап тұрғанын ішім сезіп отыр. Кезекті бір шүйкебас қызға ұнау үшін, өлең шығарып берші демекші.

- Сенде осы жылы үшінші рет "Жүрек мәселесі".  Досым, тұрақтылық саған артық етпейді.

- Жүрегім кең болса қайтейін? Жанар да, Жұлдыз да сияды. Жұлдыз демекші... Қызға сенің өлеңің ұнады. Енді Аружанға...

- Өй, сен де Дон Жуан! Әнеугүнгі өлеңнің "Жұлдыз жаным" деген тұсын "Аружаным" деп өзгерте сал! Түсінсеңші, поэзия деген арзанқол дүние емес... Шабыт заказбен келетін электрик емес қой, бауырым!

Болат ішек сілесі қатып күліп алды. Ақтаудағы ең әсерлі орын осы деп қызды теңіздің жағасына шақырған. Романтик болған түрі.

- Жақсы, Дәке, хабарласамыз - деді де қолымды алып, тұрып кетті. Біздей өкшелі туфлимен  миралаңдап сүйіктісі де келе жатыр екен.

Тауық махаббаттарынан масайраған жастардан көзімді тайдырып, аспанға қарадым, салқын ауаны құмарлана жұттым.  Теңіздің иісі... Балдырдың иісі... Ақтауға ғана тән иіс...Өз қиялымның тұңғиығына өзім батып отырғанымда, "Әй" деп шыққан ащы дауыс селк еткізді.

- Әй, бұйрабас!

- Мен бе? - дедім сасқалақтап.

- Сен емей кім! Аспанға қарап не тілеп отырсың, оданда қағаздарыңды жина!

Сөйтсем, бір бума өлең жазылған қағаздарымды жел ұшырып әкетіпті. Іздерінен қуып жүріп парақтарды жинадым да, әлгі ащы дауыстың иесін көзіммен іздей бастадым. Таптым!  20 жылдық өмірімде мұндай "біртүрлі" қызды көрмеппін. Киіп алғанын қарашы... Көк етік , қызыл белдемше, сары күрте. Қыз емес тірі радуга десең  болады. Немесе тотықұс... Теңізге қарап билеп тұр, құлағында құлаққап жоқ, әуенсіз билеп тұр. Әуестігімді жасыра алмай жанына бардым:

- Әй, киізбас!- дедім қызға есемді жібергім келмей.

- ?

- Иә, иә сен! Бақшитпа көзіңді! Андағың шаш па әлде сыпыртқы ма? - дедім күліп.

- Ал сенің шашың оратылған ұлудың бақалшағы сияқты - деп қыз да күлді. Тик-так жейсің бе? - деді де, қыз қолымды көтеріп, тершең алақаныма екі түйір кәмпитті домалатып жіберді.

Жақыннан  ғана байқадым, қыз мен ойлағандай сұрықсыз емес екен. Тіпті сүйкімді. Әлгінде ғана ерсі көрінген түрлі-түсті киімі де жарасып тұр. Қыздың оғаш қылықтары, кішкене балаға тән күлкісі, киіздей қалың шаштары керемет қызық болмысты қалыптастырып тұр.  Жанарына қарасам құдды жүз жылдан бері танитындаймын. Шынайылығымен көңілімді жаулап алды.

- Димаш, сен әлі жүрмісің? - деп Болат жаныма келді. Сен кіммен таныстың? Қасыңда болған қыз онша сұлу емес қой.

Сүйтсем әлгі Тик-так ұсынған қыз ешқайда жоқ. Еріп кеткен елестей...

- Досым, қыз деген Селена Гоместей сұлу, әлгі аты кім еді... Ким Кардашяндай болу керек. Анауың...

Болаттың ары қарата  не айтқанын естімедім. Тек бір білгенім нағыз "Жүрек мәселесіне"  мен ұшырап қалғандаймын.



Бөлісу: