Антарктидада қанды сарқырама барын білесіз бе?

Құрғақ алқап аймағындағы Тейлор антарктикалық мұздығынан ағатын, қып-қызыл түсті судың ағынын зерттеушілер қанды сарқырама деп атайды. Сарқыраманың мұндай түске боялуы су құрамында темір тотығының көп болуымен түсіндіріледі. Су мұз қабатының кішігірім жарықшағынан атып ағып жатыр. Мұның қайнар көзі 400 метрлік мұз қабатының астындағы өзен екені анықталған. Сарқыраманың өзінен ол бірнеше шақырымға алыста жатыр. Өзен Құрғақ алқапты теңіз суы басқан кезде құрылған. Шамамен 2-4 миллион жыл бұрын су қайтып, ал суайдын мұз қабатымен бүркеліп қалған. Бір қызығы, бұл қайнар көздегі судың ащылығы мұхит суының ащылығынан 4 есе артық. Сол себепті ол –10°C-та да қатып қалмайды. 
Су ағынын зерттеген ғалымдар, тереңде орналасқан өзенде көптеген микроағзалар мекендейтінін дәлелдеген. Олар оттегісіз, сыртқы ортадан алынатын нәрлі заттарсыз және фотосинтезге қажетті күн сәулесінсіз өмір сүре алады. Табылған экожүйе астробиологтарға күн жүйесіндегі өзге планеталарда осыған ұқсас жағдайларда өмір сүретін микроағзалардың болуы мүмкін екенін болжауға мүмкіндік берді. Мысалы, Марстың полярлық бөрігінің астында немесе Юпитер газ алпауытының серігі – Еуропаның терең мұхиттарында.

 



Бөлісу: