АҢСАР
Өтіп кеткен балалық шақ, бал күнім,
Айтпан енді, сол шақтардың ән-жырын.
Кете бардық, соқпаққа еріп беймәлім,
Кім біледі, не болады тағдырым?
Ол күндерді енді несін күндеймін?!
(Әлі күнге баласың деп, күл мейлің)
Бала күннің ұшып кеткен құстарын
Шақырамын...
Неге екенін білмеймін.
Балалық шақ өтіп кетті алаңсыз
Ойыншықсыз, қуыршақсыз,
(Амалсыз...)
Теріс қарап бір балдырған өксіп тұр,
Жүзі сынық, жасаураған жамалсыз.
Кетіпті өтіп – балалығым, балдәурен,
Болашақтың жолдорбасын қамдаумен.
Өте берме, ей, өмірім,зымырап,
Балалықтың басын сипап алдаумен.
Әлия ІҢКӘРБЕК