"Әннің де естісі бар, есері бар" (байқау)

Қазақ әні туралы, өнері туралы әңгіме көп-ақ. Бір кездері жер аударылып, қазақ даласына ат басын тіреген поляк зерттеушілерінің бірі «маған күллі қазақ даласы ән сап тұрғандай көрінеді», – деп  тамсана таңдай қақпаушы ма еді?! Ол қазақтың сөзін, әнін зерттеп барып, көпті көрген зерделі көңілі түйген ойы екені даусыз. «Басында Қамажайдың бір тал үкі, айырылып Қамажайдан болдым күлкі», – деп келетін халық әндері өзге мәдениет өкілін неге тамсандырды? «Әніне қарап, ұлттың эстетикалық талғамын, деңгейін білуге болады» деген білгірлердің пайымын қайдан оқыдық екен? «Қазақ даласының ән сап тұрғандай көрінуі» бабаларымыздың ғасырлар тоғысы мен жылдар арасынан тірнектеп жиған өнерінің әсері шығар. Бүгінде келмеске кеткен, қимастай болған сақи бабаларымыздың мұрасын тыңдай қалсақ, «пәлі» деп тамсанып, «па, айтқан екен» деп тебіреніп отырамыз.

Өнер — халқымыздың қазынасы, ұлтымыздың өресі. Ата-бабамыздан мирас етіп қалдырылып, ғасырдан-ғасырға саф күмістей сақталып келген өнерімізді дәріптеу, келешек ұрпаққа оның маңызын жоғалтпай, аманат етіп қалдыру әрбір адамзаттың азаматтық парызы. Бірақ күн өте өткенімізді ұмытып, бабалар салған сара жолдан адасып барамыз. Себебі бүгінде ұлттық нақыштағы есті әндерден гөрі, өзге ұлттың ырғағы басымырақ жеңіл-желпі, ойнақы, той сарынындағы ессіз әндер ұрпағымызды улап келеді. Қазір ол әндер сахнада, тойда да шырқалып келеді. Олардың атын айтып, түсін түстегім келмейді. Себебі оларды халықтың өзі де біледі. Айқынның «Пах – пахыхан» басталып қазіргі Асхат Тарғынның «Чип - чипінен» аяқтауға болады. Алайда айта – айта жауыр болған бұл тақырыбтың шешу үшін мына ұсыныстарды таныстырып өтсем. Және де сәрсенбі күні осы талаптарға сай «5 үздік ән мәтінін» жариялайтын боламын.

1. Өнер саласын бірізділікке түсіретін жалпыға ортақ арнайы заң керек.

2. Киелі сахнаны сақтауды алғашқы баспалдақтан бастасақ (демек, өнер мектебіне, колледждерге, академия, университеттерге түсуде тұла бойында таланттың тамыры бар, өмірін өнермен өрбітуге дайын шын талантты шәкірттерге жол ашсақ);

3. Өнерімізде ұлттық ырғақтың, ұлттық әуеннің жоғалып кетуіне жол бермеу; (яғни қазақ әндерін сараптап, ой сүзгісінен өткізетін көркемдік кеңес құрып, жұмысын жандандырса);

4. БАҚ-та өзге елдің емес, өзіміздің ұлттық өнеріміз кеңінен насихатталса;

5. Жазушылар одағынан ән мәтінін жазатын ақындардың өлеңдерін сараптамадан өткізетін, тіркеп отыратын бөлім жұмысы қажет;

6. Киелі сахнаға шыққан әрбір өнер иесінің музыкалық сауаты болуы шарт;

7. Өнердегі идеологияның рөлі күшті болуы шарт. (Демек, бірінші орында ақша емес, талант тұрса. Жасырып қайтейік, қоғамның қай саласын да жаулаған бармақ басты, көз қысты, тамыр-таныстыққа қасиетті өнерге мүлдем жат екенін түсіну және мойындау);

8. Ұлттық әндерді, бейнебаяндарды насихат-тайтын телеарналар болса (мысалға, “ХИТ тв” телеарнасы жастарымызды жат өнердің бейәдеп әндерімен улап жатыр. Бұған тыйым салып, оны қазақтың әнін, күйін насихаттауға бұрған жөн);

9. Әндерді талғайтын, талдайтын, орын-даушыларға қамқорлық жасайтын орталық ауадай қажет.

10. Әуе жолдарында, пойыздарда, жолаушы кө-ліктерінде қазақтың ән-күйлерінің орындалуына ықпал ету;

11. Композиторларға, әннің сөзін шығаратын ақындарға қомақты қаламақы берудің жүйесі мемлекеттік тұрғыда жасалса.



Бөлісу: