Орыстың "гениальный" жазушысы Лев Толстойдың ең атақты туындысы, әлем әдебиеті жақұты "Анна Каренина" қазақ сахнасында алғаш рет қойылды.
Қойылымның алғаш рет туған тілімізде сөйлеуі айтарлықтай елеулі оқиға болды. Мұндай тарихи сәтті өткізіп алмау керек еді. Сол үшін премьераны тамашалау мақсатымен 24 қараша күні Әкемтеатрдан табылдық.
Трагедиялық махаббаттың, әйелге ғана тән сүйе білу қасиетін сипаттайтын туынды жоғары деңгейде сахналанды. Бәлкім, оған себеп болған бұл қойылымның айналасында кіл мықтының шоғырлануы шығар. Түпнұсқа тілден Асхат Маемиров аударса, режиссер тізгіні Есмұхан Обаевтың қолында болды.
Ал, басты кейіпкер, жаны мұң мен шерге толы Аннаның рөлін қара шаңырақ сахнасын аңсап келген хас сұлу һәм талантты актриса Назгүл Қарабалина сомдады.
Ақпарат көздері актрисаның бұл рөлді ұзақ күткенін жазған болатын.
Мендік көңілден шыққан Аннаның күйеуі Алексей Каренинді сомдаған Бауыржан Қаптағайдың ойыны болды. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері ішкі жан-дүниесі қайшылыққа толы образды аса жоғары деңгейде алып шықты.
Ал Каренинаның сүйіктісі Вронскийді сахналаған Нұрғиса Қуанышбай үшін театр сахнасындағы алғашқы басты рөлі сәтті шықты деп айтуға болады.
Ал, қойылым аяқталар тұста сахнаға нағыз пойыз вагонының шығуы үлкен әсерге бөледі. "Анна Каренина" қойылымы басқаша аяқталуы мүмкін емес еді. Күллі әйелге арналған әдемі, бірақ мұңды жыр болды.