Әңгіме

Әңгіме
жеке
блог

          

Бозқараған гүлдегенде

 

Гүл өрнек аппақ ұлпаға,

Оранар қашан бұл қала...  Қара суықтан мезі болған жұрт көңілін өз көңіліндей ұғынған Ғали ыңылдап, сөз құрап келе жатқан, кенет қылаулап қар ұшқындағандай болды. Өз көзіне өзі сенбеген ол ауаға алақанын тосып, дегбірсізденді. Сосын күбірлеп, күртесінің жағасын қымтап, көкейіндегі жолдарды сабақтады:

Жанымнан жыр да жоғалған,

Батады суық арқама...

            Биылғы қыстың сыңайы бөтен.  Қара суық. Қаңтар айының бел ортасы таяса да жер жалаңаш, қатып-семген, топырағы шаңдаққа айналған. Мұндай көрініс аса әсершіл, ақын жанды Ғалиды қалай жабырқатпасын? Мұның:

Ақ шілтер көкте тоқылған,

Саулап кеп берші тосыннан...- деуін күткендей жаңа бір әзірде сәл қылаулап өткендей болған қар ұшқындары келер сәтте молайып, кәдімгідей жапалақтап жауа бастады. Ғали мәз. Жаратқан нақ бір өзінің шала-пұла құрылған екі ауыз сөзіне бола қар жауғызып жатқандай, осыған шейін неғып мұндай өлең шығармай келген?

Жұрттың мұнымен ісі жоқ, бәрі де қарды өмірлерінде жаңа көргендей шат-шадыман. Ғалиды бала сезім қайта баурады. «Дүниенің құпия кілті адамның өз қолында екен-ау?! Мен тәрізді тілесе болғаны – қара жер ақ мамыққа оранбақ! Мұны адамдар біледі ме?» деп аңғал, ақ көңілімен өз ойына өзі иланған жігіттің бар даусымен айқайлағысы, жүгіргісі, көшеде кездескен кез келген адамды құшақтап құттықтағысы келіп кетті. Бірер кісіге «Жаңа жылыңызбен» деп қалды. Қарсыз, еш қызықсыз өте шыққан кешегі жаңа жыл мерекесін несіне аузына алды? Еш қисынсыз. Ал өзінше құраған бірер шумағын ақтарылып оқып берер таныстарынан ешкім ұшыраспады. Қуанышы қойнына сыймай келе жатқанда аяғы тайып, шалқалай құлады. Ұлпа үстінде еркелеп  жатып алды. Жүргіншінің бірі қол созған, бұл жай өзім ғой дегендей  ишара білдірді.  Отырған күйі алақандарын жайып, қонған әр шытыраға үңілді. Құдды әлдебір қызықты кітап есіл-дертін жаулап алғандай.

Қоныңдар алақаныма,

Болайын сыршыл оқырман,- деп әлгінде үзілген жолдарды тиянақтап, өзінше үлкен бір шаруаны жайлағандай жан-жағына масаттана көз жіберді. Сосын қайтадан шалқалай жата кетті. Көк жүзін барлап, төгіліп жатқан сан мың қиыршықтарға сүйсінеді.

Кенет қарсы алдындағы бес қабатты үйдің жоғарғы терезесінен бұған қарап күлімсіреп, «орныңнан тұрсаңшы» дегендей қолын бұлғалаған бір бойжеткенге көзі түсті. Алдымен күмәнданды. Жоқ, расымен де өзіне қол бұлғайды екен. Бейтаныс қыздың көзіне оғаш қылықпен түскеніне ұялып, түрегеліп, үсті-басын қағып, бұл арадан кеткенше асықты. Бірақ артына қайтара қарағысы келіп барады. Он-жиырма қадам ұзағанда қайырылған, қыз кетпепті.

            Бұл арадан Ғали күнде жүреді. Жұмысқа баратын жолы осы. Алғашқы қар жауған күні болған бұл оқиғадан кейін Ғали «терезедегі сұлуды» күнде көретін болды. Танысқысы келді. Ретін таппады. Сөйтіп жүргенде көзтанысы көрінбей кетті. Ғали оны кәдімгідей сағынып, іздей бастады. Осылай қыс өтіп, көктем туды. Бір күні қолына құшақ гүл алып, қыз тұратын үйдің бесінші қабатына көтерілді. Шамасын білетін болғандықтан «85» нөмірі жазылған есіктің қоңырауын еппен басты. Сыбыс жоқ. Көршілерінен сұрауға тура келді.

- «85-ші» пәтердегілер қайда екен, білмейсіз бе?

- Жанарды айтасыз ба?

- Иә...

- Ол «жақсы әжей» екеуі төменгі қабатқа көшкен.

- Қайда? Қашан?

- Біраз болды-ау. Ұмытпасам бесінші нөмірлі пәтер. Подъездері келесі бетке қарайды.

- Бәсе... Терезелері көптен жабық. Рахмет,- деп Ғали тез-тез басып, сыртқа беттеді. Үйді айналып жүріп іздегенін тапты. Есікті әжей ашты.

- Сәлем бердік апа.

- Бақытты бол, балам.

- Көшіп кеткен екенсіңдер... Терезе жабық... Жанар көрінбейді...

- Иә, балам. Айдың жүзі болды. Көптен бері армандап, зарығып күтіп жүргенбіз, көктем туа осы пәтерге шықтық.

- Төменгі қабат салқындау емес пе, апа?

- Ештеңе етпейді. Жанарыма жақсы болса болғаны. Табалдырықта тұрма балам, ішке кір, төрле, Қызым демалып жатқан. Оянып қалар. Күте тұр. Мен шай қоя берейін.

- Жоқ апа, қажеті жоқ. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын,-деп құшағындағы гүл дестесін ұстатты –  Апа, айып етпеңіз, мен асығыс едім, тағы бірде соғармын.

- Өзіңнің атың кім балам? Жанаржанға кім келіп кетті дейін?

- Ғали деңіз,- деп айтуын айтса да Жанар екеуі бірін-бірі танымайтындары есіне түсіп, қызарақтап қалды,- апа, кешіріңіз, шындығында ол мені танымайды, бірақ білуі керек деп ойлаймын. Сау боп тұрыңыздар.

Ғали кетісімен Жанар оянды. Терезе алдындағы әйнек вазаға салынған әдемі гүлді көріп, таңырқап, жүзі бал-бұл жанды.

- Жақсы әже, гүл сатып алғансыз ба?!

- Жоға! Сен демалып жатқанда бір көрікті жігіт келіп кетті. Есімі Ғали. Өзі ұялшақ. Үйге кірмеді. Қызым, кім ол, Ғали деген?

- Ғали... білмедім. Менің ондай танысым жоқ.

- Өзі де ескерткен. Сендер бір-біріңді танымайды екенсіңдер. Мен де осы арасын ұқпадым. Оның айтуына қарағанда сен оны білуің керек екен...

- Ғали... – деп жігіт есімін қайталап, ол сыйлаған гүлден тараған жұпарға бір сәт елтіп, ойланған қыздың есіне осыдан бес айдай уақыт бұрын ең алғашқы қар түскендегі оқиға оралып, езуіне күлкі еріксіз үйірілді. Көбелек қуғандай қар шытыраларына алақанын тосып, әрі-бері шапқылаған жігіттің тайып жығылып, шалқасынан түскені, оған өзінің қол бұлғағаны, одан кейіндер бұл тұратын бесінші қабаттағы терезеге күнде елжірей қарап, бір бұрылмай кетпейтін таныс бейненің Ғали екеніне күмәні қалмады.  Бірақ өзінің хәлін ойлағанда көңілі лезде жүдеді.

- Жақсы әже, ол тағы да келемін деді ме?

- Солай деген.

- Келмей-ақ қойсын. Егер келіп жатса, мені үйде жоқ деңіз...

- О не дегенің қызым. Өзі бір иман жүзді, ақылды азамат көрінді. Неден шошыдың? Осылай сырт дүниемен араласпай қашанға қамалып отыра бересің? Тілдес. Басың жас. Өзіңді кем санама. Әлі-ақ өз аяғыңмен жүріп кетесің...-деп әжесі Жанардың көңілін аулады. Алайда осыдан біраз жыл бұрын жол апатына ұшырап, әке-шешеден айырылып, мешел күйде әжесінің қолына қарап қалған қыз көңіліне  мұндай жұбату демеу ме? Айналасынан, әжесінен жылы сөздің талайын естіген, бірақ жастай жетім қалып, әрі өз аяғымен жүріп-тұра алмағасын не қайыр? Оған өмір сүрудің өзі қызықсыз көрініп, күн артынан күн өткізуден жалыққан кездері болған. Өмірден қатты түңілгенде өз-өзіне қол жұмсағысы да келген. Бірақ әжесінің ақылды сөздері райынан қайтарып, өмір сүруге күш беріп, үміт отын қайта тұтататын. Ораза-намазы бүтін, әңгімесі әсерлі әжесін көрші-көлемнің барлығы да  сыйлап, «жақсы әже» атандырған. Сол жақсы әжесінің жанында өмірге деген жігер тауып, өзінше әр таңды қарсы алып, қызарған күнді ұясына шығарып салып келеді. Биыл жасы жиырма екіге толады. Жас жүрегі арманшыл. Оған дәрігерлер дұрыстап емделсең үміт бар, бірақ комақты қаражатсыз іс алға баспайды деп ескерткен. Содан бері бірталай уақыт өткізіп алды. Ем-домға керекті қаражат табылмады. Әйтеуір тиісті орындардың көмегімен жоғарғы қабаттан төменге ауысты. Таза ауаға, тысқа шықпағалы қанша болды? Ызғар-сызы табаннан өтсе де төменгі қабатта бірдеңе етіп, есік алдына шығып қайтуына мүмкіндік бар. Тек арнайы мүгедек арбасының жоқтығы қинайды. Жуық арада оны да тауып береміз деген. Соны күтіп жүр. Арбасы болса әжесіне түсер салмақ азаяр  еді.

            Жанар Ғалиға дейін ешбір жігітті кездестірмеген. Ол келіп кеткелі жан сарайы бір өзгеріске түсті, ойламайын десе де тал бойын билеп бара жатқан тосын да тәтті сезім алды шарасыз. Өзінің бейшара күйіне күйініп, оның келгенін қаламайтыны рас, бірақ жүрегін қайтеді? Жүрек сау ғой! Онда жазық жоқ.  Оның дерті – махаббат. Шипасы да – махаббат!

 Әжесінің «өзі бір ақылды, көрікті азамат екен, сен де бұлай отыра берермін деймісің, ертең-ақ өз аяғыңмен жүріп кетесің» деуі жанына жағып, бұл сөздерді ой елегінен қайта-қайта өткізді. Және Ғалидың қар үстінде жас баладай аунап-қунап жатқаны, күн сайын бұл тұратын терезеге телміретіні көз алдынан кетпейтін көрініске айналды. Сөйтіп іштей Ғали есімді бейтаныс жігітті өзіне жақын тұтты, көргісі, тілдескісі келетін сезім ырқына жығылды. Тағдыр қызық, тосын сый жасай салады, әлде қатты, әлде тәтті...

 Мамыр айы нұрлы көктемнің шырайлы шағы. Әсіресе, бұл айда Орал қаласы алуан түрге еніп, гүл біткен көрген көзді қуантады. Ғали бұл жолы келісті киініп, Жанар тұратын үйге келді. Үй айналасы желектен жайқалып, сирень талдары гүл атып, жұпар шашып, құлпырып тұр. Жігіт кіре беріске таяғанда жедел жәрдемдікі сияқты бір көлік тоқтады. Екі кісі түсіп, су жаңа мүгедек арбасын алып шықты. Айтқан сөздері де анық естіледі. Ғалидың ұққаны олар Жанарға келіпті. Ғалидың жүрегі сонда барып осыған шейін емескі болған ішкі секемінің бекер еместігін сезді. «Жанар не себепті үнемі терезеден тысқа қарап отыратын да қоятын? Әжесі де төменге көшуіміз Жанарым үшін демеп пе еді? Сонда қалай болғаны? Жанар... Жоқ! Мүмкін емес! Ол жас, ол сұлу ғой! Олай болуы мүмкін емес!..» деп өз ойымен өзі арпалысқан Ғали арба ұстап, ішке кіргендердің соңынан ілесті. Олар Жанар тұратын пәтердің алдына барғанда Ғали кібіртіктеп барып қалт тежелді. Аңсар көңілі қаңырап, асық сезімі ұрланып, ауыр ойдың тұтқынына айналды.

Ғали осы күйі тысқа шықты. Ол Жанардікіне келгендер көліктеріне отырып, кетіп бара жатқанын байқады. Сосын желектерді жағалай жүріп, жолын бөгегендей болған шоқ-шоқ гүлді тал жанына аялдады. Мұның мұңын бөлісердей сирень дір-дір етеді. Ғали оны саусақ ұшымен, алақанын тигізер-тигізбес аялап өтті. Сосын басын көтеріп, терезеге қараған, Жанардың күлімсіреген көздері нұрға толып, өзіне мейірлене қарап тұр екен. Ең алғашқы рет көргендегідей бейкүнә, сондай сұлу көзқарас! Әрі терезені айналдыра көмкерген сирень гүлдері Жанардың сұлулығына әр қосып, одан сайын сұлуландырып жіберген! Жанардың көзімен көзі түйісуі мұң екен, жігіт жүрегіндегі тат тазарып жүре берді. Жаны зілден арылып, өзін өмірге ғашық кейіпте қайта сезініп, терезеге жетіп барды. Алақанын қыз алақанына жұптастырды. Екі жастың бірін-бірі алғаш рет жақыннан көруі. Қос алақанды мөлдір, сәл суық шыны ғана бөлген. Ғали ұқты. Жанар жай ғана Жанар емес, жан-жүрегінің жанары екен! Мейлі ол қандай күйде болсын өмір бақи алақанына салып, аялап өтетініне берік сенді.

Жүрекке әмір жүрмейді. Өзіне байланысты өрістеген оқиғалар бір құдіреттің пәрменімен болып жатқанын  жігіт түйсінді. «Дүниеде кездейсоқ нәрсеге орын жоқ. Бұл менің тағдырым, пешенем. Айналамдағылар: «Басқасы құрып па, мүгедекке ғашық болып, сен жынданған шығарсың» дер. Қатты-қатты жазғырар. Олар түкті де ұқпайды. Мейлің, Ләйлісін іздеген мен де бір Мәжнүн екенін білмей-ақ қойсын. Несіне жасимын? Жанымда айдай сұлу, сиреньдей жұпарлым, періштедей пәк Жанарым бар! Ол қаласа, құс боп көкке самғаймыз! Жанар бұлай қалмайды!»-деп жігіт бір әнді ыңылдап, әуездете берді. 

Ұқпайды тас құлақ,

Ән мен күй мәнін.

Сезер ме еді,

Оларға салып берсе Сиреннің әнін?

            Жақсы әже қайран. Су жаңа арбаны қалай әкелді, солай босағада қаңтарылған. Қайрымдылық қылғандарға алғысын айтып, қуанғанымен, енді өмір бойы сол қос дөңгелекке таңыламын ба деп таусылып, төсегіне қайта жатып қалған Жанары терезе алдына барыпты?!. Өз аяғымен... Жақтауға қарысып қалған қолына аяғы көнгісі келмейтіндей дірілдейді...

- Жанаш, жаным-ау, сен... саған не болды?

- Жақсы әже, қарашы, бұл Ғали ғой, Ғали!..-деген үнінде: «Бұл менің махаббатым, азаптан құтқарушым келіп тұр» мағынасы жатқанын кейуана сезді, сезді де қуанды. Аңғарды, шыны артында өткендегі жігіт тұр екен. Әже арбаны келесі жаққа сүйреп шығара берді.

Ғали да тағдыры тосқан табиғатқа мас. Оған көз жетпес ғаламның құпия пердесі ысырылып, алдынан самалалы есік ашылған, Жанары арқылы Жар сипатын сезінген, жан-жүрегі әнге тұнған:

Гомер ән сиқырын көрсеткен сиреннен,

Қиялдаған оймен тереңнен...