Көп түнде қиял қуып, оңаша ояу қалам,
Құшағын тәтті елеске бұл сәтте жаяр балаң.
Нұрына малындырып, сәулемен сурет салар,
Күннен де мейірімің ыстық-ау, аяулы Анам.
Сағыныш жанарымнан кетеді жасымды іліп,
Көңілің жайланады сөзімнің расын біліп.
Ауылды есіме алып, кеткім-ақ келед (і), бірақ,
Күйбелең қу тіршілік қарайды басын бұрып.
Күш-қайрат таусылмайды тұрғанда нақты айбыным,
Перзентің жаманға-жат, жақсыға тақпайды мін.
Өзінің алға қойған мақсатын қуып жетіп,
Үміт пен сеніміңді бұйырса ақтайды ұлың!
Әр айтқан ақылыңмен толтырғам санамды, Ана,
Себебі өзің берген тәрбие маған-дара.
Жаратқан сәтін салса бәрі де жақсы болад (ы),
Бастысы қайғы жұтып, уайымдап, алаңдама!
...Осылай өлеңменен хат жазды балаң бүгін,
Алдыңнан шығармаймын ешқашан «қараңғы күн».
Жаулығы жақұтпен тең, анашым, менің үшін:
Бар байлық, бақыт, шаттық - өзіңнің амандығың!