Ананың тамағы

Адамның  тамақты қандай көңіл-күймен, қандай ынтамен, қандай сезіммен жасағанын  тағамның дәмінен-ақ сезінуге болады. Әр адамның қолынан бірдей тамақ әр түрлі дәм береді екен. Дәл сол ингредиенттерді қосып істесе де, дайындалуында дәл сол әдістерді пайдаланса да  дәмінің әр түрлі  болатынын сеземіз.     Кім болмасын бір байқағаным «анамның  тамағы» деп сілекейі шұбырып отырады. Расында ананың жасаған тамағы өзгеше.  Ананың мейірімі тіпті тамақтан да өз үлесін табатындай. Анамның үйіне тамағын аңсап баратыным да сол. Тамағы арқылы бойыма мейірімін тағы да сіңіре түскім келеді. Баратын кезде ескерте қойсаң бітті анам самса, бәліш, мантысын әзірлей бастайды. Ынтасымен құйған шайын емірене, еркелей отырып ішкенге не жетсін.

Кезінде, осыдан 8 жыл бұрын, жаңадан келін болып түскенде кейде енем тамақ жасаса, кешкісін балалары келіп «мамамның тамағына ұқсайды екен» дейтін бірден. Кейін  өзім ана болғасын «мамам екеуіңнің тамақтарың бірдей» дейтін болды.  Бәлкім менде балаларыма деген ерекше мейірім туған шығар. Сол тамақтан көрініс тапқан болар деп ойлаймын.

 Тіпті анамның жасаған қарапайым көжесі кез келген мейрамхананың қымбат тағамдарынан асып түсетіні де рас. Тәңірім аналарға ұзақ ғұмыр бере гөр. Көжесі тұрмақ бір пиала шәйіне жете алмай қалатын күніміз өтееее алыс болсыншы.  Ол күнді тіпті ойыма алғым келмейді. 

Қолыңда сиқырлы ерекше дәмдеуіші бар алтын аналар аман болсын!!!



Бөлісу: