Әлдиін айтып тербеткен,
Тәрбие берген жөргектен.
Анаңдай асыл адамды,
Табарсың қалай жер-көктен.
Қадірлеп аппақ жаулығын,
Тағдырдың тартқан тау жүгін.
Ауылда қалған анаңның,
Білдің бе, аман-саулығын?
Кетсең де шалғай сан қырға,
Парызыңды еске алдың ба?
Жетелеп сені жеткізген,
Анаңа қоңырау шалдың ба?
Жүзінен шуақ төгілген,
Қиналсаң көңілі сөгілген.
Жарығым, балапаным деп,
Елжіреп жаны егілген.
Сен үшін шекті ол сан уайым,
Қалай деп, шеше хал-жайың?
Ақ сүтін берген анаңның,
Көрдің бе, сұрап жағдайын?
Қарамай дауыл, жаңбырға,
Өзіңді салған даңғылға.
Арқалап жүріп өсірген,
Анаңа қоңырау шалдың ба?!!!
Бұл әнші Райым Уайыстың «Анаңа қоңырау шалдың ба?» атты әнінің жолдары. Сөзіне үңіліп қарасаң, шынымен де мағыналы ой түйесің екен.
Қазіргі кезде көпшілігіміз анамыздан, әкемізден жырақтамыз. Бірі оқу, бірі жұмыс... Тіпті жанында жүргендердің өздері де ата-ананың қал-жағдайынан бейхабар жүреді. Өкінішті...
Ана – бұл сенің жүрегіңнің лүпілі. Сен оның соғып тұрғанын әрдайым сезіп, сағынғанда, қобалжығанда, уайымдағанда, қуанғанда тыныштық табасың. Қайда жүрсең де анаңды қасыңнан тастамай ерітіп жүргіміз-ақ келеді. Бірақ, әттең, олай жасау көп жағдайда мүмкін емес. Мысалы, мен қазір Алматыда білім алып жатырмын, ал анам маңғаз далам Маңғыстауда.
Кейбір адамдар «Ана» сөзінің мағынасын жете түсінбейді-ау, шамасы. Себебі, көзбен көріп жүрген нәрселердің бәрін ойласақ, бірде-бір адам анасын керемет құрметтеп жүрген жоқ екендігін көресің. Әлеуметтік желілерде (instagram, vk, fasebook, т.б.) аналарының суреттерін салып немесе ата-ана жайлы керемет дүниелер жазып салып жатады. Сол адамдар анасына өмірде солай қарайды ма екен осы?! Жоқ! Көпшілігі тек көз бояушылық. Олар суретке түсіп болып, оны әлеуметтік желіге «кереме-е-ет» қып салады-ау. Бірақ дәл сол кезде анасына бір жылы сөз айтпай да жатады. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашпаймын. Бірақ көзбен көргенде ішің удай ашиды екен... Сондай да, «мұндай жасандылық неге керек, осы?!» деп терең ойға кетесің.
Анамды сүйемін, бағалаймын, сыйлаймын, құрметтеймін!!! Әр адам осындай болуы керек. Ана деген ол «жалғыз». Ол тек сен де бар. Оны ақшаға сатып ала алмайсың. Не болмаса, айырбастай да алмайсың. Сол сияқты сен оның өмірін де ұзарта алмайсың...! Сен тек қана жалғыз нәрсені істей аласың. Ол – жүрегіңдегі анаңа деген махаббатыңды шынайы түрде, еш жасандылықсыз анаңа көрсету! Сездіру! Оның өзің арқылы «ана бақытына ие асыл жан» екендігін сәт сайын ұғындырып, білдіру. Сол арқылы бақытты ету!
Қазіргі адамдар жақсыны емес, жаманды көргіш қой... Аузыңнан жақсы сөз шықса «Маша Аллах» деудің орнына, «соны бірінші өзі істеп алсын да» деп күңкілді жібереді. Менің жазған «Ана» туралы бұл сөздеріме қарап, олардың да ең бірінші «әуелі өзі анасына солай қарайды ма екен» деп ойлайтыны айдан анық нәрсе. Мен өз дәрежемде, өзімнің қолымнан келгенінше, жүрегімнің әмірі жеткенінше «анашымды» бақытты етуге сәт сайын талпынып жүремін. Ол үшін жоғарыда өзім айтқан әрекеттерді істеуден жалыққан емеспін, жалықпаймын да!
Дәл қазір сіз қайдасыз? Анаңыздың жанында ма? Әлде мен секілді жырақтасыз ба? Қайда болсаңыз да осы қазір анаңызға хабарласыңыз. Жылы сөздермен жылы жүректің жылуын сезініңіз...
Абылова Шалқар