Кәмелеттік жасқа толып балалар үйінен кеткен күнім әлі есімде... Кетерде ойымда тек бір ғана нәрсе болды... Енді қайда барамын? ... Кімге барамын? Мені күтіп отырған ешкімнің болмағаны үнемі жаныма бататын. Анам балалар үйіне тастап кеткенде ештеңе түсінбеген екенмін. Ең өкініштісі анамның жүзін дұрыс жаттай да алмаппын. Небәрі сегіз жасымда тастанды атанған мен болып жатқан жайдың мәнін бірден түсіне қоймаппын. Есімде қалғаны тек анамның жағдайымызды дұрыстап алған соң мені алып кетем дегені ғана. Содан бері бірталай жыл өтті. Анам келмеді... әрине, сағынамын. Анамды жазғыруға тіпті қақым жоқ.
Балалар үйінен құжаттарымды алып далаға шыққанда қай бағытта жүрерімді білмей біраз тұрған шығармын. Содан өмір сүру керек деп шештім. Мен көшеде отырып қайыр сұрай алмайтынымды әу бастан сезгенмін. Олай етуді тіпті ойлаған емеспін. Оқу оқып, білім алғым келді. Таңдауым әл Фараби атындағы ҚазҰУдың журналистика факультетіне түсті. Құжаттарымды оқуға тапсыруға келгенімде қабылдау бөлімінде отырған апай маған балалар үйінен келген оқушыларға жеңілдік барын айтты. Яғни мен басқа талапкерлер секілді шығармашылық емтихансыз оқуға қабылдана алады екенмін. Анам мені жетім етіп тастап кетерде мені жетім емес мүсәпір күйге тастап кеткен екен. Бәрі сені аяп, аяушылық танытқанынан асқан қорлық жоқ секілді көрінді.
Қайта балалар үйіне келіп мені өз баласынан артық көрмесе кем көрмейтін күтушіме жылап, мән жайды жайып айттым. Ішіме сыймай тұрған ренішімді одан өзгеге айта алмадым. Келесі күні күтуші апайым журналистика факультетінің деканына жолығып мені өзге талапкерлер секілді шығармашылық емтихан арқылы қабылдауын өтініп барыпты. Әрине, ыңғайсыздандым. Дегенмен, әділ түрде оқуға түскім келді. Екі аптадан соң шығармашылық емтиханға өзгелермен бірдей келіп, тапсырдым. Емтихан жауабы бірден шыға қоймады. Тағатсыздана күттік. Сөйтіп жүргенде уақыттың түнгі он екіні соққанын да байқамай қалыппыз. Алғашқы емтиханнан жиырма бес балл алыппын. Қатты қуандым. Келесі ауызша өткен емтиханнан да сәтті өтіп университетке қабылдандым.
Қазіргі таңда үшінші курс студенті болып отырмын. Көп дүниені үйрендім, көп адамдармен таныстым. Бірінші күні Гүлнар Өзбекова апайымыз бізге не үшін журналистика мамандығын таңдадыңыз деген тақырыпта эссе жазуға тапсырма берді. Бәрі телевидениеге бару үшін деп жарыса жазысты. Мен де солай дедім. Алайда, мақсатым жұлдыз болу емес, керемет маман, мықты журналис болу емес. Атым шықса анам мені танып маған келер деген үмітпен журналист мамандығын таңдадым дедім. Әрине, ол үшін мықты болуым керек, танымал болуым керек. Бірақ, мен осылайша ғана анамды таба аламын. Мен анамды кеудесінен итеріп, кінәлап отырмаймын. Тек құшағыма қысып мені өмірге әкелгені үшін алғысымды айтып, қалған өмірінде қиындыққа таптырмай баққым келеді... Себебі, мен анамның құшағын сағындым.