Алдыңғы аптада ғана өткен «Блогкэмп-2012» көптеген Интернет қолданушыларының басын қосып, виртуалда жүрген достардың реалда көрісуіне себеп болды.
Интернет – әр адамның жеке өміріндей болып кетті. Интернетте әркім түрлі никтермен бүркеніп, әр-алуан тақырыпта пікір қозғайды. Осы күні 24 сағат интернетке үңілген балаларының қызығушылығына ата-аналары қалай қарайды екен? Жалпы блог жазатынын анасы біле ме екен? Осы жайлы блогшылардан сұрап көрдік.
Жансая. Интернеттегі лақап аты - Zhan
"Блог жазатынымды анам білмейді. Айтқан күнімде де ол қарсы болмайды. Қандай тақырыпты көтерсем де, ол менің шығармашылығыма қарсы емес"
Жалғас. Интернеттегі лақап аты - e_zhalgas
"Менің анамнан бұрын әкем блогтарымды оқып тұрады. Кейде «Сенің ана тақырыбынды, мына тақырыбынды оқыдым» деп айтып отырады."
Димаш. Интернеттегі лақап аты - qisyq
"Анам блог жазатынымды біледі. Қандай сайттармен айналысатынымнан хабардар. Бірақ толықтай отырып, бақылап жүр деп айта алмаймын."
Тимур. Интернеттегі лақап аттары: timurrr, timusha
"Анам білмейді деп ойлаймын. Ата-анам ауылдағы, үлкен кісілер, немерелері бар. Тосын сұрақ, ауылға барған соң міндетті түрде көрсетемін деп ойлаймын."
Айгерім. Интернеттегі лақап аты: AKY
"Мен бәлендей блог жазбаймын ғой. Жалпы анам интернетте жүретінімді біледі. Былтыр Алматыға Блогкэмпке барғанымды, бірақ толық түсінбейтін сияқты не істеп жүргенімді."
Айжан. Интернеттегі лақап аты: Aikona
"Анам да, әкем де блог жазатынымды біледі. Басында «Ол не?» деген сұрақтар көп болатын. Қазіргі кезде түсінді. Кейде ақпараттық блогтар жазғанымда «Сен ана тақырыпты қозғаушы едің ғой, соны неге жазбайсың?» деген сияқты ұсыныстарын, идея білдіріп жатады."
Роза. Интернеттегі лақап аты: Rozatai
"Анам интернеттен алыс адам болғандықтан толыққанды түсінбейді, бірақ бірдеңе жазатынымды біледі. Былтыр ғылыми конференцияда блогосфераға қатысты қорғаған жобам үшін мақтау қағазын алғаннан бері жақсы нәрсемен айналысып жүр-ау деп, сенімдері арта түсті."
Маржан. Интернеттегі лақап аты: Madlen
Анам блог жазатынымды білмейді. Мысалы, Астанаға жұмыспен кеттім деп айттым. Себебі олар түсінбейді.
Ернар. Интернеттегі лақап аты: Patiсk
"Былайша айтқанда «курста». Интернеттегі отыратынымды біледі, блог дегенді де менің айтуымнан біраз хабардар. Жалпы sms жаза алмайтын адамға интернет мүлде қызық емес қой )"
Айжан. Интернеттегі лақап аты: Aizhan Kerbez
"Жалпы ата-анам блог жазатынымды біледі. Бірақ анам онша оқымайды. Үлкен әпкем оқиды, әрдайым пікірлер жазады. Ал әкем ұдайы не жазатынымды қарап отырады."
Елдар. Интернеттегі лақап аты: e_sheber, web_sheber
"Анам блог жазатынымды білмейді. Түсінбейді да, бірақ негізі білгенін қалар едім."
Назира. Интернеттегі лақап аты: estetika_91
"Көбі енді интернетті Мой Мир, агент деп ойлайды ғой. Анам да басында солай түсінбей жүрді. Бірақ кейін блог жайлы бәрін түсіндірдім, өзімнің де жазатынымды, біреулер оқитынын айттым. Қазір түсінеді, бірақ көп қарайды деп айта алмаймын. Анда-санда өзі келгенде көрсетіп тұрамын, бірақ барлық постарымды емес ))) Менің атымды көріп, суретімді көріп қуанып қалады."
Эльвира. Интернеттегі лақап аты: Aikarakoz
"Анама интернет дегеннің өзі түсініксіз нәрсе. Менің анам үлкен кісі, әже, немерелері бар. Әпкелеріме блогтарым жайлы айтамын, бірақ көп қызықпайды."
Анар. Интернеттегі лақап аты: Gulstan
"Достарым ғана біледі. Ешкім, ештеңе білмейді. Ата-анама менің интернеттегі өмірім қызық емес."
Ербол. Интернеттегі лақап аты yerbol_89
"Анам блог жазатынымды білмейді. Бірақ сайт жасайтынымды біледі. Блогтағы жазған постарымды көрсе талып қалатын шығар ))) Анам қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Негізі электронды түрде жазғаннан гөрі қолыма қалам алып, параққа жазғанды жақсы көремін."
Жансая. Интернеттегі лақап аты: zhannin_sayasi
"Анам әрине біледі. Бірақ ол кісі интернетте отырмайды. Сондықтан жазбаларымды оқымайды. Алайда күнде өзім ауызша не жазғанымды баяндап отырамын, өзі де сұрап отырады."
Абылай. Интернеттегі лақап аты: abylai
"Жақында блог жазатынымды айттым. Сол Блогкэмпке бара жатырмын, жаңа медиа жайлы, не екенін түсіндірдім. Енді біледі. Барып кел, көріп кел деп, қуанып қалды."
Суреттер Блогкэмп турасында салынған дереккөздерден алынды.