Анама сәлем айтшы, ақ көбелек!

Ардақтың  осы  балалар  үйінде жүргеніне  үш  жылдан  асты. Қазір  жасы  бесте, екі  айдан  соң  алтыға  толады. Жасы  кішкентай  болғанымен, сөзге  жүйрік. Сөйлегені  үлкен  кісілердің  әңгімесі  секілді. Алғыр, айтқаныңды  тез  ұғып  алады. Жазуды,  әліпбиді  енді-енді  үйреніп  келеді. Мұғалімдері  де  Ардақтың  бір  жаман  әрекетін  айтып, даттап  жатқанын  көрмейсіз. Өзімен  жасты  балалармен  жүргенді, өзінен  кіші  балаларды  ойнатқанды  жақсы  көреді. Оқу   десе, көзі  жалт-жұлт  жайнап  шыға  келеді.

Бір  күні  Ардақ  аулада  ойнап  жүрген  бір  топ  балалардың  қасына  барып, оларды  сыртынан  бақылап  тұрды. Бәрі  де  өзі  қатарлы  балалар. Олар  да  Ардақты  байқап, қасына  келді:

-Сен  кімсің?

-Ардақ.

-Неге  бізге  бұлай   қарап  тұрсың?

-Жай.

-Ойнағың  келе ме?

-Иә.

-Қайда  тұрасың, үйің  қайда?

-Анау  жерде...,-деп  балалар  үйін  нұсқады. -Үйім  сонда.

Бір  топ  жаңағы  балалар  күлісіп  жіберді:

-Әй, ол  үй  емес, балалар  үйі  ғой. Онда  тек  ата-анасы  жоқтар  тұрады. Тіпті, әке-шешесі  тастап  кеткен  деп  те  естуші  едік.

Қыз  сәл  ойланды да:

-Бұл  өтірік, менің  үйім  осы  жер. Онда  бізге  тәрбие  беретін  анамыз  Нұрпия  Екпінқызы  бар. Сол  менің  анам.

 -Егер  анаң  болса, неге  балалар  үйінде  тұрасың? Өз  үйіне  неге  алып  кетпейді  сені?-деді.

Ардақ  не  дерін  білмей, үндемей  қалды. Бар  айтып  жатқаны: "Анам  мені  жақсы  көреді, мен  де  оны  жақсы  көреміні"  ғана. Көздерінде  жас  та  үйіріліп  тұр. Енді  бір-екі  ауыз  сөз  естісе, жылап  жіберуге  де  дайын.

Ардақ  соңғы  кезде  тұйық, көп  сөйлемейтін  боп  алды. Жанындағы  ең  жақын  досын  басқа  біреулер  асырап  алды. Мұны  көрген  Ардақ  қатты  жылаған. Содан  кейін  осындай  күйде. Бар  ойы: "мені  қашан  Анашым  алып кетеді?"  ғана. 

Бүгін  де  осындай  ойда  болды. Терезеге  терміліп  отырып, іштей  сол  арман-тілегін  айтып  жатыр. Қараса, терезе  жақта  бір  ақ  көбелек  торға  түскен  балықтай  ашық  тұрған  кішкентай  терезеден  шыға алмай  ұшып  жүр  екен. Ардақ  көбелекті  ұстады  да, өзіне  қарай  жақындатып:

"Анама  сәлем  айтшы, ақ  көбелек!"-деді  де, далаға  ұшырып  жіберді. 




Бөлісу: