Анам – музыка пәнінің мұғалімі. Бастауыш кезімізде сабақ берді. Біртүрлі қызық-етін. Үйде халатпен жүретін адам музыка пәні сабағы болған кезде, өзге адамға айналып, "апай" болып отырады. Балаң шақта кәдімгідей түсіне алмайтынмын )
Батыстың түкпіріндегі мектепке еңбегі сіңген екі адам болса, соның бірі, бір адам болса, нақ өзі де – менің анам. Өйткені, ауылда мамадан басқа музыкант болған жоқ. Ауыл оқушыларының музыка десе, көз алдына анамның келе қалатыны да сондықтан. Біздің ауылда қобыз, домбыра, пианинода қатар ойнайтын кәсіби білімі бар жалғыз адам да – менің анам.
Анамның түрлі сайыс алдындағы қобалжуы, тіпті кішкентай тәрбие сағаттарының алдында да тыңғылықты дайындық жүргізу әдеті әлі күнге дейін бар.
Анам оқушыларымен
Анам мектеп оркестрін дайындағанда, үнемі менің қолыма домбыра ұстататын. "Бәтес апай өзінің қызын оркестрге қатыстырып қойыпты" деп айтпасын деп, анамның артынан сөз келтірмейін деп, намысқа тырысып, домбыра үйрене бастадым. Сөйтіп домбыраға деген махаббатым оянды. Кәсіби домбырашы болып кетпесем де, анда-санда қолыма алып, шертіп, домбырамын сырласып алам... Алыста жүрген анамды сағынғанда...
Мектепте үздік оқуға тырысуымыз, алда жүруге ұмтылуымыз анамның арқасы еді. "Мұғалімнің қызы" деп жұрт жүріс-тұрысымызды бақылап, сынап отыратын.
Анамның жас кезі
3 сынып оқып жүргенде ғой деймін, анам әпкем екеумізді ауылдық "Балдәурен" байқауына қатыстырмақ болды. Сөйтіп пианиномен сүйемелдеп, өзі музыкасын жазған бір әнді үйрете бастады. Әпкем екеуміз аузынан уызы кетпеген баламыз. Ән үйрену мұншалықты қиын болар ма?! Бізге ән үйретем деп анам да шаршады. Бірақ қайтпай, ақыры сол байқауға алып шықты.
Сахнаға шықтық. Қадалған сансыз көздер. Әділқазылар алқасында анам да отыр. Әпкем екеуміз ауыр микрофонды әрең көтеріп, әнді айта бастадық. Бір кезде мен сасқалақтап, әннің сөзін ұмытып қалдым. Сөйтіп, бәрі де бір сәтте быт-шыт болды. Анамның үміті ақталмады...
Анамның қазіргі кезі
Анам іштей әйтеуір бір баласының музыкант болғанын қалайтынын сезем. Бірақ мен де, әпкем де, сіңлім де, ол жолды таңдамаған екенбіз. Үйдегі екі кішкентай інімнің кім боларын болашақ көрсетер... Бәлкім анамның орындалмай қалған, іште бұйығып жатқан армандарын солар орындар...
Анамды бүгінгі төл мерекесімен құттықтай отырып, деніне саулық тілеймін! Мама, мен сенімен мақтанамын!!! Мен сені қатты жақсы көремін! Менің тыныстап жүрген ауам – өзің, Мама...