АНАМ ҮШІН МАҚТАНАМЫН!

АНАМ ҮШІН МАҚТАНАМЫН!
жеке
блог

    Ғазиз, ана! Есіл, ана! Жан, ана! Анашым, осы бір дүниеде бәрі меннен теріс айналса да, «ботам, балапаным» деп шырылдап, мені ешқашан да тастамасыңды білемін, мама! Сенің алақаның мен үшін ыстық ұя. Ең алдымен Тәңіріме алғыс білдірейін; «о-Құдайым! Сізге мына бір суық та қараңғы дүниеде жалғыз тастамай, мен үшін осындай періште бергеніңіз үшін алғысым шексіз. Ананың аялы алақанын, шексіз махаббатын сезіндіруге мені лайық санағаныңыз үшін сізге қалай алғыс айтсам да жеткіліксіз шығар. Әйтеуір, дүниеден ана дегеннің не екенін ұғынбай өтпейтін болдым. Мың алғыс, сізге, мың алғыс!» Шынымен де, ана деген сөздің мағынасын түсінбей өтсем қасірет қой бұл! Мен бір бақытты жан екенмін ғой! Осы бір дүниеде шексіз байлық иесі мен екен ғой! Менің мына бір кішкентай қолымда адамның бақытты болуы үшін керектігінің бәрі бар! Мол махаббат, ыстық ұя, қамқор адам, мейірім иесі. Осының барлығын өн бойына сыйдыра білген бір-ақ нәрсе бар менде! Ол ерекше әрі нәзік үш әріптен құралған адам... Ол Құдайдың кішкентай сәбилер аузындағы аты. АНА!

Менің тіршілігімнің гүлі, өмірімнің нәрі, тағдырымның тамыры. Анашым, сізге деген алғысымды жаудырсам да бұл жеткіліксіз болады, білемін. Бірақ та осы сөздерімнің сені қуантуы үшін жеткілікті екенін де білемін. Анашым, менің ашу үстінде  байқаусызда айтылған ашшы сөздерім жүрегіңе оқ болып қадалып, самайыңдағы ақ шаштарыңды ағартатын болды ғой! Сәбиіңнің осындай білместікпен жасалған күнәларын кешіре көрші. Саған менің бақытымнан асқан байлық та, алтын да керек емес. Тек менің денсаулығым, менің бақытым, менің гүлденуім. Тіпті бұл үшін өзіңді құрбан етуге дайын шығарсың. Бірақ, есіңнен шығармашы мама, менің бақытым, менің өмірде қайталанбас бақытым-сенсің. Жер бетінде маған сенің орныңды миллиондаған адамның ешбірі де баса алмас, маған сенсіз мына дөңгелек шар, ондағы адамдардың ешбіреуі де керек емес! Мейіріміңнің, қамқорыңның ұшы-қиыры жоқ. Дүниедегі ең қуанышты сезім шақыртып, мені тебірентетін ол сенімен мақтануым! Сенің маған берген өмірің, маған берген тәрбиең. Ешбір ата-ана өз құрсағын жарып шыққан сәбиіне жамандық тілемейді, ешқашан да жаман болсын демейді.

Ата-анаң мен өзіңді, отбасыңды бақытты қылуың ол-өз қолыңда. Мен сенің маған берген тәрбиеңмен мақтанамын. Тәрбиелі деп-ата-анасы үйде қыспаққа алып, қамауда ұстап отырған адамды айтпайды. Маған анам тек еркіндік берді, ал мен оның үмітін ақтап келемін. Себебі мен өмірімдегі ең маңызды, ең ақылшы, адал досымды жерге қаратқым келмейді. Өн бойыма тамшылатып берген ақ сүтіңнің тәтті дәмін ешқашан да ұмытпаспын. Сенің мен үшін бөлінген шала ұйқыңды да ақтаймын, анашым. Мен үшін күндіз-түні еңбек етіп терлегеніңді де ұмытпаймын. Тек маған сенуіңді қалаймын. Себебі, сен мені неге осыншама қиындықпен өсірдің онда? Неге денеме білім дәнін, көкірегіме тәрбие егінін ектің? Өмірімді жарқыратып, өмірімнің қызығын келтірген сенсің. Сенің арқаңда ғана шырмауыққа толы кейде суық, кейде балдай тәтті, мақтадай жұмсақ тағдырдың, өмірдің әділетсіздігін шекпей келемін. Сен маған суықта астыма жылы жер болдың, ызғырық желде өзіңнің нәзік денеңмен мені қорғап тағы да пана болдың.

Ана-ол адам баласының жарық сәулелі күні. Ал әрбір адам сол күніне табынуы тиіс. Көк аспанда, ну орманда «АНА» деп сыбырлап тұрғандай. Жәй ғана а, н, а деген үш-ақ әріптен құралған болса да, мына әлемнің көлемін сыйғыза алатын құдіретті де алтын сөз! Өзі бір-ақ адам болса да мына әлемнің мыңдаған, миллиондаған, миллиардтаған адамдарын баса алатын нәзік жан! Осындай нәзік жанның сәбиі болғаны үшін қуанышымда шек жоқ! Аналық ақ жүрегіңнің кәусар махаббатының бұлағы өшпейтін мәңгі шырақ. Махаббатың таудан биік, теңізден терең! Ал осындай ортада өсіп келе жатырған мен бір еркемін. Кейде, анамның мен үшін жасаған талай-талай істерін ұмытып қаламын ба деп қорқамын, мүмкін оның шегіне жете алмай қалсам ше? Міне, сонда мен дүниедегі ең бейбақ та сорлы жан атанамын. Табиғаттың сорлы да жетім баласы атанамын. Бірақ, сен қорықпа ештеңеден, мейірімді анашым. Сенің есімің бес күндік өмірімнің шағын кітабында-ең алғашқы беттерінде жарқырап алтын әріптермен қашалып, өшпестей болып жазылып қалады.

    Бұл шығарманы жаза отырып, мың ойландым, мың түрлендірдім. «Ана» деген қасиетті адамды қалай сиппаттасам шынайы болып шығады екен? Мүмкін, жоғарыдағы барлық сөздің керегі жоқ шығар? Мүмкін, жәй ғана «Мама,мен сені сүйемін»,-дей салсам ба екен? Себебі, адам баласы лайықты жандарға ғашықпын деп айта алады ғой?! Жоқ, қазір сүйемін деген сөздің құны қалды ма?  Мүмкін, «Анашым, мен сенің балаң, сенімен мақтанамын!»,-десем ше? Байғұс анамның көкірегі қуаныштан жарыла ұалатын шығар!  Иә, иә. Себебі «мақтанамын» деген сөздің орны бөлек қой. Оны әркімге бір айта бермейсің. Мен де осындай ана болғаны үшін көкірегімде бір керемет тәтті дәм пайда болды, ішіме көбелектер толғандай қуанышты бір сезім биледі. Анашым, осының барлығы үшін рахмет саған! Рахмет саған! Әрдайым өзіңе табынып, өзіңмен мәңгі мақтанып өтемін!

                                           Алипова Жаннұр

 9-сынып