Анам-әкем,рахмет сіздерге!

Анам-әкем,рахмет сіздерге!
жеке
блог

 

                             Анам-әкем,рахмет сіздерге!

    Алдымыздағы  2014 жылы 11-сынып бітіріп  үлкен өмірге аяқ басқалы отырмын. Жасыңа жас қосып, есейген сайын өмір туралы көп ойланады екенсің . Өткенге көз жүгіртіп қарасам, анам мен әкемнің қиналған сәттері есіме түседі. 21 жастарында отау құрып, университеттің  5-курс студенті  бола тұра ағамды, одан кейін мені дүниеге әкелді. Бір таң қалатыным, түн ұйқысын төрт бөліп бізді бақса да, анам университетте үздік оқыған. Қалайша барлығына  үлгерген екен  деп ойланамын.  Бізді ешкімнен де кем қылмай өсірді .

   Қазіргі таңда көп ата-аналар баласын көбіне материалдық жағын ойлап жатады. Бірақ менің анам мен әкем тек материалдық қамтамасыз етуді ойламайтын, сонымен қатар  тәрбиеміз бен сабағымызды назардан тыс қалдырған емес. Күнделікті сабағымызды бақылаудың арқасында қаншама оқушының арманы болған дарынды балаларға арналған мектепті бітіргелі отырмын.

  12-13 жасымнан  бастап әкем маған қаталдықпен қарайтын.  Қысқа киінгенімді, шашымның бос жүргенін, сыныптағы ер балалармен араласқанымды ұнатпайтын.  Анам  да әкемнің алдында дұрыс отырып-тұруымды қадағалайтын. Бірақ бұның бәрі менің жүйкеме тиетін. Қатты ашуланған кездерім де болды.  Енді түсіндім анам мен әкемді...

  Өмір мен ойлағандай керемет емес екен.  Аш қасқырдай сұқтана қарайтын адамдарға, зұлымдыққа толы екен мына сұм дүние. М.Әуезов :«Ел болам десең , бесігіңді түзе» деп айтты емес пе, ал сол бесікті тербететін қазіргі қыздар екенін бүгінгі қоғам ұмытқандай. Қыз тәрбиесіне салғырт қарайтындықтан қазіргі заманда  16-17 жасар қыз емес, тіпті  12-13 жасар қыздардың да ар-намысы аяққа тапталып , қорланып  жатқан жоқ па?! Оң-солын танып білмеген қыздар сезімімен ойнаған бір жігіт үшін өз өмірін қиып күнәға батып жатыр. Түнделетіп клубта, таң алдында үйіне келетіндер қаншама.  Бір қолында темекі, бір қолында сырасы бар қыздардан қандай адам шығады?!  Еліміздің болашағы деп елбасының сенген жастары осы ма?! Әкем маған қаншалықты сенсе де айналамдағыларға сенбейді екен.  Анам мен әкем мен үшін қорқып , балапанын қорғау үшін шырылдайды екен...

   Дүниеге қыз болып келген соң ең бастысы әйел бақыты емес пе?  Балаңа  үлгілі ана, жарыңа тірек болу. Бүгінгі күні анам мен әкем маған ойын баласы ретінде емес болашақ келін, ана ретінде қарайды. Анам бар білгенін үйретіп, ақылын үнемі айтып отырады. «Сен болашақта біреудің жары, бір үйдің келіні боласың» дегенді ауыздарынан тастамай ескертіп отырады. Білім қуып шетел асып кетуіме де қарсылықтарын білдірді. Одан гөрі жақсы отбасын құрып бақытты болғанымды қалайды.                                              

   Осындай ата-анам болғанына шүкір етемін. Ардақты, асыл ананың, асқар таудай әкенің қызы болғанымды мақтан етемін. Жоғары оқу орнын бітіріп, сіздер мақтанатындай қыз боламын. Қолымнан келсе анам мен әкемді алақанымда аялап, төбемде мәңгі көтеріп өтем. Барлық артқан үміттеріңізді ақтап, өмірде өз орнымды тапқым келеді .Осындай инабаттылық пен ибалықты бойыма дарытқандарыңыз үшін, анам-әкем,рахмет сіздерге!