Аналарға арналған бақ жасайық!
блог
Ауыл мектебін гүлдендіруден басталған игі іс биыл да өз жалғасын тауып, аналар жылына орай «Аналарға арнап бақ жасайық!» деген ұранмен барша Қазақстан халқын бақ жасауға шақыру жиыны өтті. Баспасөз мәслихатын ашқан «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің директоры Б.Қабдолданова: «Қазақстан жерінің 4 -ақ пайызы орман екендігін ескерсек, әрбір ауыл, қала көшелері мен ондағы түрлі мекемелердің сондай-ақ, тұрғын үй аулаларының айналасына қарқынды түрде жыл сайын ағаш отырғызу арқылы оның үлесін арттыруға болады»,- деп халықаралық тәжірибеге сүйеніп, көгалданыру саласының қажеттілігін тілге тиек ете келіп, өскелең ұрпақтың өрісін кеңейтпек болған бастаманы Алматы облысының әкімдігі қолдайтындығын айтып өтті.
Кезекті сөз алған аталмыш бастаманы көтерушілердің бірі республикалық ғылыми-танымдық «Гүлстан» журналының бас редакторы Г.Құлжабаева:
«Анадан асқан ардақты жан жоқ. Патшаны да, батырды да өмірге әкелетін ана. Барша ақ жаулықты аналарымызға арнап, бақ жасасақ, ең әуелі аналарымызға көрсеткен зор құрмет болып, ұрпақтарымыздың бойына әдемілік пен сұлулықты сіңірер еді. Осындай өнегелі іс біздің өсіп-өркендеуімізге әсер ететіндігі анық. Сондықтан, 2012 жыл көктемде Алматы облысы, Кербұлақ ауданына қарасты Басши ауылдық округіндегі 10 га жерге аналардың құрметіне бақ жасамақпыз. Біздің бұл бастамамыз еліміздің әр өңірінде қолдауға ие болады деген үміттеміз»,- деді.
Н.Нүсіпжанов: «Анаға арнап бақ жасау, ананы құрметтеу өнегелі іс. Игі бастама әркімнің қолынан келе бермейді. Гөзел сияқты елі үшін жан аямай еңбек ететін ұлттың қамын ойлар азаматтар мен азаматшалар көбейе берсін! Бұл, бір Гөзелдің емес, мемлекеттің қолға алар ісіне айналса, нұр үстіне нұр болар еді.», — деді өз сөзінде.
Халықаралық Айтматов академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Б.Сманов: «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», — демекші, өзіміз өмір сүріп отырған ортаның тепе-теңдігінің сақталуы, бұл бүгінгі адамзат үшін келер ұрпақ алдындағы зор жауапкершілікті жүктейтіні сөзсіз. Осы тұрғыда, сіздер бастап отырған басатама жауапты да, сауапты іс. Осындай игілікті іспен қатар, журнал мен «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенін шығарып отырсыздар. Бұл деген еліміздің дамуының бірден бір көрсеткіші. Халқымызды көгалдандырудың қыр-сырына үйретіп, ұрпақты тазалыққа, сұлулыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеп отырсыздар. Қолға алған істеріңіз өрге бассын!»- деді.
«Біз бұл игі бастамаға қолдау білдереміз. Әрбір шенеулік пен кәсіпкер Гөзел Құлжабаевадай болса, жеріміз гүлденген баққа айналар еді. Бұл ақылды да, ел экологиясының жақсаруына ықпал ететін игілікті бастама»,- деп атап өтті «Табиғат» экологиялық одағының басшысы М.Елеусізов.
Л. Ахметова: «Сіздер бастап отырған бастама нәтижесін береді. Аталмыш бастамаға 501 үкіметтік емес ұйымның ақпараттық қолдау ұйымдастыруына басшылық етемін. Батыр аналарға бақ арнау – өте жақсы идея. Біз сіздер атқарып отырған жұмыстардың барлығымын таныспыз. Барлықтарыңызды бақ жасауға шақырамын!», — деді.
Қ.Кәрібаева: «Біз терең тарихы, мәдениеті бай, озық өнері бар елміз. Табиғатымыз мол байлыққа ие. Жеріміз қызғалдақ және сиверс алмасымен танымал. Сондықтан, қазақ жерін Отаным деп таныған әр азаматтың ел дамуына өз мүмкіндігінше үлес қосуы – міндет. Осы орайда, бүгінгі сіздердің өткізіп отырған баспасөз мәлімдемесі барысындағы жариялаған үндеулеріңіз маңызды деп санаймын»,- деді.
Баспасөз мәжілісі барысында келген қонақтар мен журналистер үндеу жариялаушыларға сұрақ қойып, тұшымды жауаптар алды.Жасалғалы отырған бақтың күтімі мен жұмсалатын қаржы жайында қойылған сұраққа, Г.Құлжабаева баққа жалпы, 6000 ағаш егілетіндігін, 3 млн-ға жуық қаржы жұмсалатындығын және өз еркімен келген ауыл тұрғындарын жұмысқа тартатындығын айтты.
P.S. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», — демекші, әрбір елді мекенде аналарға арналған бақ жасалып, саябақтар саны көбейсе, онда, туған жеріміз, мемлекетіміз гүлденген үстіне гүлденер еді.