Аналар үшін
Анам бар жүрегінде нұр аунаған
Қадіріне бас имей тұрар ма адам.
Көңілінен кілдей кір таба алмайсың,
Мейіріне жылынған мынау ғалам.
Әжем бар тарихтың куәсіндай
Жоймаған құдіретін бір ғасырдай.
Немере, шөберенің қорғаушысы,
Кеудесіне күллі адам сиятындай…
.
Нағашы апам – бармасам тұра алам ба,
Ақбас тау – біреу емес, мың адамға.
Ұмытады барғанда сағынышын,
Құшағына тығылам қуанам да.
Әпке — Сіңілдерім!
Тәп-тәтті қылықтары –
Жаз дидар, маңдайында тұнып бағы.
Ибасы мен иманы жүрегінде,
Жұлдызым боп тұрады иықтағы.
Жеңгелерім жамылған шәлілері,
Еркелеткен қалжыңмен қағып әлі,
Таныстыр деп жатады жігітіңмен,
Ынтық боп сынағанша асығады.
Қайын енем болары анық аялайтын,
Ақ бата, ақ тілегін аямайтын.
Қызым деп мейірім ұясына,
Періште көңіліне саялайтын.
Анашым, әпкелер, апайларым,
Арқасы ғой адам боп қатайғаным.
Көре алмасам біреуін сағынамын
Жиналғанда толады ортайғаным.
Бәрі-бәрі – аналар!
Құрсын нала,
Аналармен жылынған тылсым дала!
Өмір сүргім келеді,
Аналарым!
Өздеріңді қуанту үшін ғана!