Анаға хат...

Анаға  хат...
жеке
блог

   Маматай!...Соңғы кездері  шашыңызға біраз ақ түсірдім бе?!  Мені уайымдап, сан мәрте жанарыңыздан жас сырғанаған да шығар...Талай түндерде көз ілмей, сары уайымның жетегіне еріксіз ілесіп, келер таңға жаңа үміт артып жүрсіз бе?...Дәл қазір менің де жетісіп жүрмегенімді білесіз ғой. Әр кез жаныңызда жүрсем де, іштей Жалғыздық аталатын кемені тізгіндеп алып Ой аралына жиі барып қайтам. Еш нәрсені жасырмай, бәрін өзіңізге жайып салып, бала болып еңкілдеп жылап алғым-ақ келеді...бірақ Сіздің алдыңызда соншама шарасыз, әлсіз күйде көрінуді қаламаймын! Етегім жасқа толып, "қиналдым, шаршадым" деп бар Әлемге ренжіп, Сізді одан бетер мұңайтқым келмейді! "Қалталы таныс-туысым жоқ, "крышасыз" ешкім мені керек етпейді, деп ескі әуенге салып, мен ғана қиналып жүргендей, дүниенің бір бұрышын иығыммен тіреп тұрғандай күйге түскім де келмейді. 

   "Көп нәрсені ішіңде сақтайсың" деп жазғырады мені біреулер. Қайтем...ашылғым келмейді емес, келеді...бірақ "Мендегі құшақ жетпейтін армандарды түсінбей, жарымның сандырағына балап, жұртқа күлкі болам ба? Оның үстіне қазір бәрінің де басында бір-бір "проблема",  бос, ерігіп жүрген кім бар? Әлем сені ғана айналып жүр деймісің?!" сияқты ойлар санамда жиі қонақтап, кері тартады.

   "Принципшілсің. Бір беткейсің" дегенді бетіме басады екіншілері. Жағымпаз, жалпылдақ, өз ойы өзінде емес, адамдықтан ада, қарапайымдылық пен табиғилықтан жұрдай, өтірік күліп, өтірік өмір сүретіндерді ҰНАТПАЙТЫНДЫҒЫМ үшін кінәлі болғаным ба сонда?! "Өзгер. Өмірге басқа көзбен қара. Қазір жасандылықтан аяқ алып жүре алмайтын болдық. Бұл - заңдылық. Принциптеріңді ығыстыра тұр. Алдаудың, сатқындықтың, екіжүзділіктің көкесін алда көресің. Ондаймен де өмір сүруді, өздігінен бермесе - тартып алуды уйрен" деп кеңес берді кеше саған жиі айтып келетін Ләззат апайым. Бәлкім оныкі де дұрыс шығар, кім біліпті?!...

   "Тандемге" (радиоға) қайта бармадың деп ренжитін де шығарсыз маған, ай сайын 25 мың ішімді теспейтін еді ғой. Десек те, "Кешір. Сенің орныңа бастығымыздың туысын жұмысқа алуымыз керек болып тұр. Ренжіме. Қайта хабарласамыз" деп мені лақтыра салған қорқақ Геннадийдің (сондағы директор) қасында жұмыс жасағым келмейді менің. Соның алдында ғана "Жұмысқа қал" деп жалынбап па еді маған Кирилл екеуі (DJ)?! Бастығының сөзінен шыға алмай, "Жоқ. Біздерде дикторлыққа лайықты адам бар"  деуге жарамаған  басшыдан мен не үйренемін? Алдауды ма? Жағымпаздануды ма? Әлгі сөздерді айтқанда ең бірінші "Маманың көзіне қалай қараймын?! Не айтамын оған?!" деп лифт ішінде жылағанмын. "Керегің жоқ" деп шығарып салған ортаға өз-өзімнен, намыс-ұятымнан аттап, қанша мәрте шақырса да бара алмадым. 10 орыс жиналып алып 1 қазақ қызын жер ететіндей олар кім еді?! Әлде "Өй, қазақтарға бәрібір. "Кет" дегенге - кетеді, ақша көрсетсең қайта жетіп келеді" деді ме біреу?! Олар оңбай қателесіпті!  "Өтірік сөйлеме! Ешкімнің ала жібін аттама, нанын тартып жеме! Бөтеннің затына қол салма! Біреудің қолына қарама! Ешкімге  жалынба, еш нәрсе сұрама! Ар, намыс, ұят дегенді естен шығарма!" деп өсірген өзіңіз емес пе едіңіз? Ал қазір...осы құндылықтар арзандап, тіпті керек те болмай қалғаны ма?... 

   Жан дүнием "Қорқақ, екіжүзділерге иілмеймін" деп дауылдатып жатыр. Сонда не істеуім керек? Әзірше принциптерімді өзгертуге, айырбастауға дайын емеспін. Сынау, ақыл айту оңай ғой қашанда. Ал іштегі алай-дүлеймен, қарама-қайшылықтармен өмір сүру ше?...Істеп жүрген тірлігімнің бәрі де аяқтан шалушыларға қарсы ШАБУЫЛДАУ емес, әзірге тек ҚОРҒАНУ ғана болып тұр. Шабуылдаудың көкесі алда шығар шамасы...

   Екі ер баланың ортасында өсіп, қыз болып майысуды білмейтін бірбеткей мені ойлап мазаңыз кететінін білмей, көрмей жүр деймісіз? Сіз ғана уайымдамаңызшы! Күрсінбеңізші! АДАЛДЫҚТАН аттамай-ақ АДАМ боламын мен! Кәдеге жараймын! Екеуміз шай ішіп отырып, терезеден көз алмай үнемі армандайтын БАҚЫТТЫ күндер келеді әлі! Анашым! Тентек қара қызыңыз ешкімнен кем болмайды! Сенімсіздік үстем алып бара жатқан сәттерде алыстағы сағымдай көрінетін арман-мақсаттарымның бәріне қол жеткіземін! Әлі талай рет Сізге кешкісін Токионың ең биік мұнарасының шатырынан телефон шалатын боламын! Тек өтінем, Сіз ғана ешқашан менен теріс айналмаңызшы!...Тек Сіз ғана...маған сеніңізші!!!