"Анаға апарар жол" және "Мэри Ком" фильмдеріне жеке пікірім.
блог
PS: негізі бұл пост жарты ай бұрын шығарылу керек еді, алайда уақыт тапшылығына байланысты "ештен кеш жақсы" деп бүгін назарларыңызға ұсынылғалы тұр.
Тәуелсіздік күніне орай берілген 4күн демалысты әркім әрқалай пайдаланып жатқаны анық. Біреулер бұл мерекені достарымен қыдыру үшін онтайлы уақыт деп тапса, біреулер ойда жүрген жұмыстарын аяқтап алайын деп жанталасып бағуда. Ал мен осы күндерде ешқайда шықпай үйде боламын деп шештім. Онын үстіне далаға шығайын десем қытымыр аяз мысымды басып тастайды. Ақыры 100пайыз еріншектікке салынып, төсектен тұрмай таңның атысынан күннің батысына дейін теледидарды серігім еттім. Бір байқағаным Тәуелсіздік мейрамы ғой, ұлы күн, айтулы оқиға ғой деп дүрбелең қаққан бір арнаны көрген жоқпын. Бәлкім мен көрмей қалған болармын, алайда жай қатардағы демалыс күндерінен еш өзгешелігі болмай мейрам лебі маған жетпеді. Есесіне отандық және бірнеше шетелдік фильмдерді құмарым қанғанша көріп бір мәз болып қалдым. Жай көңіл-күйді көтеру мақсатында түсірілгендерінен бастап көзіме жас үйіретіндей классикалық туындыларға дейін бәріне куә болдым. Өзгелердікіндей көріп тастаған кино қорым қалың болмаған еді, осы мерекенің арқасында саны біразға өсіп қалды. Ақыры тектен-тек көре бермей сіздермен де бөлісе отырайын деген ниетпен жаныма жақын болған фильмдерге рецензия жазуға бел будым.
1. Менің сүйікті режиссерім Ақан Сатаевтің «Оскарға» лайықты «Анаға апарар жолы».
Жанры: драма, тарихи фильм.
Тарихатан сыр шертер туындыдан көпшілігіңіз хабардар шығарсыздар. Қазақстан түгілі өзге ел халықтары да сюжетін жатқа білетін фильм былтыр көгілдір экран арқылы көпшілікке жол тартқан еді. Басты рөлдерді еліміздің көпке танымал театр және кино актерлері Алтынай Ногербек(Мариям), Әділ Ахметов(Ілияс) және Аружан Джазильбековалар (Үміт) сомдап шыққан туындының түсірілімі Қазақ жерінен бастап Белорусия, Әзербайжан елдерінде жалғасын тапқан. Соңғы 1-2жылда тарихымызды өскелең ұрпаққа таңылту, қайсар ерлеріміздің жүріп өткен жолдарың жаңғырту мақсатында қазақ режиссерлері асқан қарқынмен жұмысқа кіріскені баршамызға аян. Солардың қатарынан ойып тұрып орын алған Ақан ағамыздың осы бір туындысы түгелімен бір ғасырды – XXғасырды қамти отырып оның әр кезеңіндегі қазақ халқының тұрмыс жағдайын, рухани және материалдық қиыншылықтарын еш бүкпесіз бізге жеткізіп отыр. Тарихты кітаптардан оқыған бір бөлек, ал оны өз көзінмен көру мүлдем басқа дүние. Кітапта тек айтулы даталар мен есте қалар оқиғалар ғана қысқартылып жазылса, фильм ресмиліктен біраз алшақта, онда қағаз бетіне түспей қалған дүниелер, кітап қадрынан тыс дүниелер көрсетіледі, сонысымен ойға қонымды, ұғынықты. Осы тұста мен жастарға егер тарихты жақсы білгілері келсе ауыр түрде, ғылыми тілде жазылған том-том оқулықтарды оқығанша осындай тарихтан сыр шертерлік фильмдерді, сериялдарды көп қарауға кеңес берер едім және де жастардың қамы үшін, ел болашағына көз тастамас бұрын өткенімізді дәл қазіргі сәттей жатқа білуіміз үшін жеңіл жолды ұсынған шоқтығы биік қазақ режиссерлеріне үлкен алғысымды білдіргім келеді. Ал енді біраз «Анаға апарар жол» фильмінің сюжеті жайлы.
Мұқан және Мәриям атты жас отбасы. Олар қанша жерден бақытты болғандарымен сәби үні жас жұптың шаңырақтарын паналай қоймады. Ақыры ұзақ уақытқы төзім мен сенімнің арқасында олар ата-ана болу бақытына ие болады. Қыстың күнгі суықта жандарын жылытқан тұңғыш перзенттеріне Ілияс есімі беріледі. Алайда жылдар бойы сарыла күткен бақыттарын Құдай көп көргендей сол заманның зұламаты Ерсайыновтарға да келіп жетеді. Мұқан халықы үшін сөз сөйлеймін деп атылып кетеді, сол кезде аналы-балалы Мәриям мен Ілиястың да жолдары екіге бөлінеді. 10жастағы қазақ баласы Ілияс мүлдем тілін ұқпайтын орыстардың ортасына келіп түседі, ал анасы Мәриям жетім қалған көршісінің қызы Үмітті қанатының астына басып, өлгеннің артынан өлмек жоқтығына бой ұсына туған жерде қала берді. Алайда жалғыз тұяғы Ілиясына деген сағынышы қажытып, қатты қиналтып жіберген кезде жанына еш нәрсе жұбаныш бола алмайтын. Осылайша Мәриямның қыл үстіндегі өмірі жалғасып жатты, ал Ілияс болса қанша жерден жанына жақпаса да жат ұлттын адамдарымен араласа күн кеше бастады. Анасында да, баласында да әйтеуір бір күні тағдыр табыстырар деген үлкен үміт болды.
Арада бірнеше жылдар өтті. Ана шіркіннің самайына ақ түсіп, бала Ілияс алпамсадай азаматқа айналды, ал оның бала ғашығы Үміт болса талай серінің жүрегінен орын алған хас сұлу болып бой жетті. Қоғам өмірі қайғы-қасіреттен біраз көз ашып, бейкүна адамдардың ұйқылары енді-енді тыныштала бастаған шақта Екінші дүниежүзілік соғысы өз қарасын көрсетеді. Ілияс осы соғыстың кесірінен түскен оқуын оқи алмай майдан даласына аттануға мәжбүр болады. Осы кезде бір ғажайып орын алады: барлық сарбаздарды жақындары қимастықпен әрі Отанды қорғайды деген үлкен сенімдерімен шығарып салып жатқан сәтте Ілияс көптің арасынан бала ғашығын байқап қалады. Жанына барып, есімін атай сөйлесе бастаған кезде пойызға итермелей кіргізіп орыс шоңжары екеуінін тілдесуіне мүмкіндік бермейді. Алайда, Үміттің Ілиясты таңуына, оның амандығына көз жеткізуіне осы бір секундтар жеткілікті болды. Үміттен естіген осы хабары Мәриямға екінші рет өмір сыйлағандай ол енді бауыр еті баласын күнде сол рельстердің бойымен күтетінді, почтаға келіп түскен хаттардан өз есімін іздейтінді шығарды. Ал Үміт болса «Мен ораламын. Тек сен күт» деген сөздерден өшіп бара жатқан сезімін қайта жаңғыртып, айналасында жүрген жігіттердің бірде-біріне көз салмады. Соғыстың бұларға сыйлаған жалғыз қуанышы да осы еді.
Жылдар жалғасып, мезгілдер алмасып жатты. Ілияспен тым болмаса хат жазысып тілдесу үшін Мәриям мен Үміт оған іздеу салды, нақты қай майданда жүргенін біліп алуға тырысты. Үміттің Ілиясты жанұшыра іздеп жүргенін көре тұра өз нәпсісі үшін оған сенімсіздік сыйлау ниетімен үшінші кейіпкер – Жолдас енеді өмірлеріне. «Қайтесін оны күтіп. Бәрібір оралмайды, басын жас өзінді ойла. Егер керек болса ана кемпірді зейнетке шығарып беремін, тек сен рахметсіз қалма» деп онсыз да күйі нашар Үмітті одан әрі қорлай түседі. Заманның әділетсіздігіне жастай ұшырап, тағдырдың қатыгездігімен жиі көріскен ол бір күні шайтан түрткендей Жолдастың айтқанын орындауға бел буады, бірақ бақытына орай дер кезінде есін жияды. Алайда сол кездерде Үміттікіндей күйде жүріп, рухтарының әлсіздігінен қолдарында биліктері бар байлардың талаптарына мойынсынып шоқ басқандардың да болғандары анық қой.
Соғыс аяқталды. Жарларын күткен арулар, балаларын күткен асыл жүрек аналар, тек түстерінде ғана кезіккен қаһармандарын күткен жеткіншек балалар, барлығы да кешегі соғысқа шығарып салған жолдың бойында енді қарсы алу үшін қолдарына гүлдерін ұстап жиналып қалған, араларыңда Үміт пен Мәриям да бар. Алайда, олармен құшақтасып көрісер ешкім келмеді, алабыртқан көңілдер ісу сепкендей басыла қала берді. Жібек жіптей нәзік үміттері үзілуге шақ қалды. Қарт ананың бойында «көзімнің тірісінде баламмен қауышсам, сәби күнгі жұпар иісін бір жұтсам» деген алаулаған үлкен арманның тек сөнуге шақ қалған шоқтары ғана қалғандай әбден қажып бітті, денсаулығы да сыр бере бастады. 15жылға түрмеге қамалғаны, өлмегені, әйтеуір аман екендігі ғана ары қарай өмір сүруге себеп болған. Анасы мен баласының ортасына сала беретін уақыттың шекарасын тек сенім мен төзімнің женерін екеуі де білетін...
Тағы да өтті жылдар. Мәриям түгілі Үміттің жүзіне әжім түскен, дауысы солғындаған. Сүйгеніме адал боламын деген қағидамен жүрегінің кілтін әлі ешкімге ұстатпаған. Міңсіз дене бітімін, әдемі келбетін кәріліктің дақтары кірлеткенімен ары таза. Ал ана байғұс зейнетке шығып қазірде жалғыз атқарар жұмысы дәл өзіндей қартайып біткен қу еменнің саясында қара жолға қарап Ілиясын күту. Үміт күн сайын кейуананың көңіліне қаяу түсіргісі келмесе де үйге қайтаруға, ашық айтпаса да «енді оралмайды» деген мағынада бірдене айтқысы келеді, сол сөздеріне өзіде сенгісі келмейді, алайда...
Сондай күндердің бірі. Үміт әдеттегідей түс уақытында анасын ертіп әкету үшін сол жерге барады. «Елден ұят болады ғой, бұл жерде отырмай-ақ қойсаңыз кайтеді» деген оның сөзіне ана жүрегі күндегідей қарсы келді. «Сонда да кеш түскенше күтемін» деген бірбеткей кемпірдің сөзі оны кейін қайтарған еді. Осы кезде мені жылатқан әдемі көрініс болады. Мен оны «Арақашықтықтың жоғалуы» деп атадым. Емен бойынан алыстай берген Үміт, қозғалыссыз отырған
Мәриям және көкжиектен көлбеңдеп келе жатқан Мәриямның бала Ілиясы. Болды, бітті бәрі. Уақыттың да, арақашықтықтардың да шекарасы жойылды. Оны жойған төзім мен сенім және ананың баласына деген шексіз махаббаты. Соңғы көрініс: Баласын құшқан Асыл Ана, анасын құшқан Ілияс және оның Бала ғашығы Үміт.
Ал енді түйін: бұндай оқиғалар сонау шапқыншылық тұсында да, Отан соғысы тұсында да болған. Қазір де бар отбасынан, жақындарынан жырақта адасып жүрген жандар. Режиссердің тек осы үш кейіпкер арқылы 2сағаттық картинада тұтас ғасырдың тағдырын мыңдаған жүректерге түсінікті түрде жеткізе білуі үлкен шеберлік. Жақындарын жоғалтып алу – бұл сол замандағы көп қиыңдықтардың тек біреуі ғана. Бұндай жағдайларды Ілияс пен Мәриямдай жеңіп шыққандар да, әлі күнге дейін қауышам деп жүргендер де, мәңгілікке жүздесе алмай кеткендер де бар. «Анаға апарар жол» бұл тек Мәриям, Ілияс, Үміттің өмірі емес, бұл – барша халықтың тарихы.
Менің түсінігім бойынша фильмнің кілттік сөзі: Төзім мен Сенім.
2. Үнді фильмі «Мэри Ком»
Менің санамда үндінің еш фильмін, сериялдарын көруге тұрмайды деген таптаурын(стереотип) қалыптасып қалған. Алайда «Мэри Комнан» соң ойымды біраз өзгерткендей болдым, себебі фильм шынымен де жүрекке жетті, көзден жас тамшылатты. Жарық көргеніне айтарлықтай бірнеше жылдар болған үндістандық фильмнің сюжеті шынайы өмірге сүйеніп жасалынған. Басты кейіпкер Индияның Манипур штатында жай ғана қарапайым шаруа болып жұмыс жасайтын отбасының қызы – Мэри. Басында қатардағы өзге балалардай мектепке барып, ойын қуып жүрген кіп-кішкентай қыздың өмірін өз жерінен шыққан Динко Сингх есемді боксшы қыз түбегейлі өзгертеді. Бұндай шабыт сыйлайтын, алдына бір мақсат қоюға итермелейтін адам бәрінін де өмірінде болған шығар, иә? Міне сондай адам Мэридің де өміріне еніп, ол енді бокспен шынайы түрде айналыса бастады. Алайда, қоғамда бұл спорт түрі әйел адамдарға жат, лайықсыз болып есептелінгендіктен алғашында бәрін жасырын түрде істеуге тура келді. Мэри өзіне сенім артқан қарт тренерінің және боксқа деген үлкен махаббатының арқасында барлығына өте тез бейімделіп кетті, ақыры аз уақыттың ішінде штатының чемпионы атанды. Әрине, елді дүр сілкіндіріп, жарты Үндістанға аты мәлім болып жатқанда ата-анасының барлығынан бейхабар қалуы ендігі жерде мүмкін болмады. Алғашқыда бокс тұғырында бәрінен биік тұрған қызының суретін газеттен көрген әке жүрегінде мақтаныш сезімі пайда болғаны анық қой, алайда жұрттың сөзі, «ұят» дейтін дүниелер әкенің қызына, оның таңдауына қарсы шығуына мәжбүр етті. Бірақ, қайсар қыз тоқтап қалмады, сүйікті ісі үшін ол өзіне күллі Жер Шары қарсы тұрса да мойымауға, әрбір сынды қасқая жеңіп шығуға даяр еді. Зымырап өткен уақыттың жылдамдығындай Мэридің де жетістіктерге жетуі, атақ-даңққа кеңелуі тым тез жүрді. Жасы 20-дан енді асқанда ол жарты құрлыққа аты мәлім үш дүркін Әлем чемпионы Мэри Ком атанды. Миллиардтаған халықты тәнті еткен оның бокстағы шеберлігі ақыры әкесінін де жүрегін жібітті.
Қанша жерден танымал, қанша жерден шебер боксшы болса да ол да адам, ол да әйел еді. Ешкімнен жеңіліп көрмеген маған есе он мың жерден Әлем чемпионы атанып кетсе де оның жүрегін жаулап алар бір адамның өміріне ертелі кеш енері хақ болатын. Ол бұған қатты қуанды, екеуіне кедергі болар ешкім болмайды деп есептеді. Ақыры ақ жүрегін қолына ұстай бар қуанышымен жаттықтырушысымен бөліскен кезде өзі күтпеген жауапты естіді.
- Егер сен тұрмысқа шыққын келсе неге боксты таңдадын?
- Мен екеуін де қатар алып жүре аламын.
- Жоқ, егер сен тұрмысқа шықсан өз карьеранды накаундқа түсіргенін.
Осы бір ауыр диалогтен кейін Мэри біраз ойланса да, өзінің боксшы ретіндегі емес, әйел ретіндегі міңдетін атқарамын деп шешті. Тұрмысқа шықты. Балалы болды. Біреу емес егіз сәбиді бауырына алды.
Барлық қиындықтар осы кезде басталды. Күні-кешке дейін отбасына тамақ әзірлеу, балаларын емізу, оларды ұйықтату, жөргегін ауыстыру сияқты Мэриге мүлдем тансық болып көрінген дүниелерден жаттығу дегенді мүлдем ұмытқан ол өз денесінін спортқа мүлдем икемсіздене бастағанын көріп те, сезіп те жүрді. Спортшы үшін ең ауыры да осы. Ақыры өз сүйікті ісімен мүлдем айналыса алмауы, үзілісінің тым ұзаққа созылып кетуі оны таңдаған шешімі үшін өкіндірерліктей жағдайға да жеткізді. Көшеде көргенде жапырылысып қолтаңба алуға тырысып қалатын жанкүйерлерінің бірі де танымайды Мэри Комның кім екендігін. Тарихтағы есімі ақырындап өше берді. Осының барлығы оны күйзеліске әкелді. Бірақ спортқа өмірін арнаған адам үшін бұнын барлығы өте күрделі екенін ұғатын оның жұбайы Мэриге карьерасын ары қарай жалғастыруға көмек көрсетеді.
- Енді ештене де бұрынғыдай болмайды. Менің енді табысты спортшыға айналуым екіталай.
- Сен бұл күнге қалай жеттің? Барлығы ары қарай солай жалғасады.
- Бірақ мен ол кезде ана емес едім. Ана атанған соң әйел адамның қаншалықты өзгеретінін сен білмейсін. Сол үшін барлығының басындағыдай болуы мүмкін емес.
- Қарапайым шаруа қызы Мэридің де үш дүркін әлем чемпионы Мэри Комға айналуы мүмкін емес еді.
Күйеуінен естіген осы бір мотивациялық сөздері оған алға жүру үшін үлкен күш сыйлады. Қайтадан барлығын басынан бастау үшін, спортқа ақырындап оралу үшін олар үйден жаттығу жасауды қолға алады. Таң атысымен ерте жүгіру, 2-3сағаттап жаттығулар жасау, үйді спортзалға айналдыру, тағысын тағы. Бірақ кішкентай сәбилер бар кезде бокс қолғабынды киіп алып қарсыласынды дүмпілдете еркін соғуға мүмкіндік жоқ, оған қоса Мэридің өзін боксқа жетектеп әкелген қарт тренерінен кешірім сұрап, нағыз жаттығу залына оралатын кезі бүгін болмаса ертең туары анық еді. Ақыры ол бір күні бар күш-жігерін бойына жинап бұрын өзі жаттығу жасаған залға келеді. Барлығы оны қуана қарсы алғанымен үлкен реніштен мұз болып қатып қалған тренер жүрегі онайлықпен жіби қоймады, алайда ештенеден қайтпайтын өжет қыз қалай да болсын бокстағы карьерасын қалпына келтіру үшін, сонымен қатар әкесіндей көретін тренерінің өзіне деген сеніміне қайта ие болу үшін жан аямай күндіз-түні жаттығады. Уақыттар өтеді. Ол өзін рингке шығуға дайынмын деп есептеген кезде кішігірім бір жарысқа қатысады, алайда жеңіске деген талпынысын төрешілердің әділетсіздіктері басып тастайды. Бұл сәтсіздік, күші басымдардың боксшыларды алалауы, олардың бірін артық, бірін кем көрулері оған психикалық соққы жасайды. Бір жағынан жеке өміріндегі әлеуметтік жағдайының төмендігі, отбасын асырауы үшін оған лайық жұмыстың жоқтығы (тіпті бір кезде оны күзетші ретінде жұмысқа шақырған еді), барлығының тек нашар жаққа ауып бара жатқандығы қашанда мықты болуға тырысатын Мэриді қажыта түсетін. Осындайда оған демеу болатын тағы да жұбайы еді. (Осы тұста менің байқағаным Үнді қоғамының шынымен тым жұпынылығы. Мысалы біздің елде чемпион болған адамдар баспанамен қамтылып, астына темір тұлпарлары қатар міңгізіліп, ақшалай көмек көрсетіледі ғой, ал олар сол чемпиондығын айғақтайтын медальдарына қанағат етуге мәжбүр. Алайда оның өзі қабырғаларында ұзаққа ілініп тұрмайтын. Ауыздарын майлауға бір тілім нан табылмай қалған кездерінде сонша жаттығулар мен күш жұмсаудың арқасында алған медальдары бірден ломбардтың сөрелерінен табылатын).
Болып жатқан қиыншылықтарға қарамастан Мэри өз титулына қайта ие болу мақсатымен Қытайға чемпионатқа аттанады. Ұмытыла бастаған «Мэри Ком» есімін қайтадан бүкіл әлемге таңылту үшін бұл сайыстың орны ерекше еді. Ұзақ үзілістен кейінгі камбэгінің сәтті өтеріне Мэри 100пайыз сенімді болатын. Алайда осындай фильмдерде бәрінің бірден жақсы өтіп кетуі киномотаграфиядағы ережені бұзғанмен тең. Ринге шығуға санаулы секундтар қалған сәтте күйеуі оған хабарласып ауруханада екендіктерін, кішкентай Найнай есімді сәбилерінің жүрегіне операция жасап жатқандығын есітеді. Осы тұста көрермендерде «Неге айтты? Оны білгенімен Қытайда жүрген Мэридің қолынан не келеді? Кейін айтса да болар еді ғой» деген сауалдар пайда болғаны анық, алайда бұл фильмнің шешуші сәті, сонымен қатар бұнын үнді фильмі екенін ескерсек осындай жағдайлардың болуы орынды.
Мэри дел-сал күйде рингке көтерілді. Денесі сол жерде болғанымен бар ойы баласына ауып кеткен. Қайткенмен ана жүрегі осындай.
Төрешілердің старттық дабылы соғылды. Мэри бірінші раундтан-ақ соққының астында қалады. Өзі қадам жасауға әлі жетпейді, қорғануға да шамасы жоқ. Бірнеше раундар өткен соң Мэридің әдемі жүзі қаннан көз аша алмай қалады. Оның осыншалық құлдырап бара жатқандығының себебін ешкім түсінер емес. Мэри өзі де іштей не болып жатқандығын аңғара алмай тұр, тек денесіндегі ауырлықты сезінуде. Алайда, оның бұл күйінің себебі денесіндегі емес жүрегіндегі жараның бетіне тұз сепкендей қинап бара жатқандығы. «Әдеттегідей басты кейіпкер жеңіске жетеді ғой» дейтін көрерменнің де көкейінде күдік қалған болар осы кездерде, себебі оның жұдырығы бір емес бірнеше рет жер иіскеп, аяғынан тұра алмастай жағдайға түсті, оған қоса уақыт та аяқталуға шақ қалды. Рингтегі ауыр айқаспен қатар, операция үстелінде қанға оранып жатқан кішкентай сәбидің де жағдайы көрсетіліп жатыр. Осы кезде мен бұл фильм «чемпиондық атағы үшін күрескен, алайда рингте дүние салған атақты боксшы Мэри Ком туралы еске алу фильмі» деген тұжырым жасаған едім. Бірақ, бір сәтте Мэридің есіне кішкентай Найнайымен өткізген бақытты шақтары түседі, және өзі алып жатқан әр соққының сәбиіне де тиіп жатқанын сезеді, өзі жеңілсе сәбиінің де өмірмен айқаста жеңілерін біледі. Соңғы рет құлағаннан соң ол аяғынан тік тұрады да шешуші әрі дәл соққыны жасайды. Сөйтіп өзінің де, сәбиінің де өмірін сақтап қалады. Төрт дүркін әлем чемпионы атағына ие болады. Бұл оның соңғы сайсы емес еді, осыдан кейін Мэри Ком 2014жылы қайта чемпион атанады.
Фильмді көрген кезде мен бұл кейіпкер сол 20шы ғасырда өмір сүрген болар, оны еске алу үшін шығарылған фильм болар деп ойлаған едім, алайда кейін қызығушылықпен ғаламтордан ақпараттарды қараған кезде қазіргі күні бар жоғы 34жастағы боксшы туралы, оның жетістіктері, өмір жолы туралы түсірілген туынды екенін көріп біраз шокта қалдым. Және санамда «Неге қазақ режиссерлеріне де осндай фильмдер, сериялдар түсірмеске, Құдайға шүкір бізде Мэри Комдардың жүзі бар ғой, әлде біздікілер құрмет көрсетуді тек сол адам дүниеден өтіп кеткен кезде ғана бастайды ма?» деген сұрақ пайда болды.