Ана тілінің уызына жарыған ұрпақ үміт үздірмейді...

Ана тілінің уызына жарыған ұрпақ үміт үздірмейді...
жеке
блог

Әдетте адамның бой-бітіміндегі, саңылау-санасындағы қасиеттерді атаның қаны, ананың сүтімен сіңеді. Яғни «ана тілі» ұғымы «ана сүті» ұғымымен бір қатардан табылады. Сондықтан да, ХХ ғасырдың басында ғұлама ақын Ғұмар Қараш: «Бала анасының құрсағында-ақ өз ұлтының тілімен ауызданады, бүтін денесі сонымен азықтанады» деп жазған. Шыр етіп дүниеге келген сәбидің жан-жүйесіне бесік жыры-ананың әлдиі арқылы табиғи түрде дариды. Бойын құшырландырады, болмыс-бітімін қалыптастырады. Бүкіл болашақ тіршілік, міне, осы қасиетті құнардан тамыр тартады. Ендеше, тіл мәселесі-ең алдымен «от басы, ошақ қасының» мәселесі.

Өз басым ана тіліміздің кемел-келешегіне кәміл түрде сенім артамын. Кешегі ықылым заманда жардың шетіне, желдің өтіне шыдас берген қазақтың тілі құрымақ емес. Қиналуы бек мүмкін, қысылуы әбден ықтимал, бірақ он миллионнан артық ұлтымыздың ар өлшемінің айнасына айналған ол құрдымға құламайды. Тек өзегі тартылмағаны, өрісі тарылмағаны, өресі төмендегені-перзенттік парызын түйсінетін қырдың да, қаланың да қазағына ортақ сын. Сондай-ақ, тату бірлік, баянды бірлікте отырған өзге ұлт-ұлыстарымыздың мемлекеттік тіл мәртебесіне мейірленген ықыласы мен ыждаһатына тосқауыл жоқ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Әрине, тіл мәселесі – уақыттың еншісінде. Санның артуы сананың орнығуымен барлығы өз орнына келеді. Бұл орайда, біздің басты байлығымыз – ел бірлігі екенін еш уақытта ұмытпауымыз керек! Еліміз қуатты болса, мемлекеттік тілдің болашағы да соншалық шуақты болмақ. Дүниеде қазақ деген ел барда қазақ тілі мәңгі жасай береді»,-деген оптимистік ордалы ойлары бәрімізді ана тіліміздің көлеңкесінен күнгейі, күмәнінен келешегі зор екендігіне айқын дәлел.

Бүгінгі жаһандану жағдайында, шекарасы жоқ шалқарда ұлттың өзін-өзі сақтауының ең басты алғышарты-ана тілін тұғырдан тайдырмау!!!