Ана тілім-асыл қазынам

Ана тілім-асыл қазынам
жеке
блог

   Тіл ұлттың жаны, ең асыл құндылығы. Тіл- халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі-оның бақыты мен тірегі. Тіл адамдардың қарым- қатынас құралы болғандықтан, ол сөйлеу әрекетінің арқауы болып табылады. Әлемде қанша ұлт болса, сонша тіл болады.Тіл- қай ұлтта болса да қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады.

Әрбір тіл адам баласының қатынас құралы болуымен қатар, сол халықтың мәдениетін, өркениетін, әлеуметтік күйін, дүниетанымын бейнелеуде маңызды және шешуші рөл атқарады.Әр тілдің сөз байлығы халықтың рухани өмірін, тарихын, ұлттық нақышты, дүниенің тілдік бейнесін сипаттау құралы болып табылады. Әрбір ұлттың мінез-құлқы ғасырлар бойы өзінің өмір сүру салтына, географиялық ортасына, әлеуметтік-саяси жағдайына байланысты болып келгендіктен сол ұлттың тілінде, сөздік қорында оның мәдениетіне тән ерекшеліктер сақталған. Тілдің белгілі бір уақыт пен кеңістік аясында үнемі жаңарып, толығып отыруына байланысты тіл иесінің де рухани дүниесін танытып, оның мәдениетінен де көрініс береді.

 Ана тілі- ең басты байлығымыз. Ана тілі- ең ұлы және тамаша тіл. Мен қазақ тілін сүйемін, мақтан етемін. Ең құдіретті де қастерлі өз ана тілім. Шыр етіп дүниеге келгеннен бері ана тіліммен өсіп келемін. Ана тілі арқылы алғашқы әліппені таныдым. Содан бері міне, өз ана тіліммен сусындап келемін. Өз тарихымды танып білдім. Туған тіліміздің абыройын асқақтату – әрбір азаматтың борышы. Сондықтан да туған еліміздің мемлекеттік тілін білуге міндеттіміз. Өйткені, тіл – бізге ата-бабамыздан  қалған мирас. Ата-баба мұрасын жалғастыру, оның мәртебесін көтеру  баршамыздың міндетіміз. Б. Момышұлының "Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту - бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту"- деген болатын. Мен өз тілімді мақтан тұтамын. Ұлтын сүйетін әр қазақ өз тілінде сөйлеу білуі қажет деп ойлаймын. Кейбір адамдар қазақ тілін бұрмалау және сөздерін өзгерту арқылы тілімізге зиян келтіреді. Әсіресе, бұл әрекетке менің қатарластарым, яғни жасөспірімдер жақын. Қазір көптеген жастар ана тілін дұрыс білмейді. Әсіресе, қалалық жерлерде үй ішінде, сыртта, қоғамдық орындарда орысша сөйлеп, қазақша сөйлегеннің өзінде шұбарлап сөйлейді ,оны өздерінің зор жетістіктері деп санайды.Абай атамыздың «Қайран тіл, қайран сөз-наданға қадірсіз...»- деген сөздері осындай жастарға арналған сияқты.

 Қазіргі жаңартылған бағдарлама талабына қарай үш тілдікті алға қойылған. Әрине, әр тілді меңгеру, бірнеше тілде сөйлеу әркімнің арманы. Жеті түрлі ілім біл, жеті елдің тілін біл деген. Бірақ, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тілінді құрметте»-деп босқа айтылмаса керек. Сондықтан да әр қазақ өз тілін міндетті түрде білуі қажет. Сауатты ұрпақ дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың.

   Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу және оны жақсы біліп, туған анаңдай сүю. Сондықтан біз  өзіміздің ана тілімізді, көзіміздің қарашығындай сақтап, орынсыз шұбарлануына қарсы тұруымыз керек.

Бұл өмірде бір күн қонақ боламыз

Мүмкін елу мүмкін жүз жыл салармыз.                                                                                       

Ана тілін ардақ тұтып, қастерлеп,                                                                                   

Құрметтейік келгенінше шамамыз!

                                                                            Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті.

                                                                       Журналистика факультеті, кино&медиа мамандығы,                                                                                             1- курс студенті Ахатова Дана

                                                                           Жетекшісі: Құдайбергенов Серғазы Ережепұлы,                                                                    Дінтану және  мәдениеттану кафедрасының оқытушысы,                                                                                 мәдениеттану магистрі, PhD докторант