Ана тілдің тазалығы – халқының даналығында
«Менің үш қорқынышым бар. Біріншісі – бесік жырын айта алмайтын келіндердің
көбеюінен, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбеюінен,
үшіншіден – салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын».
Б.МОМЫШҰЛЫ
Ұрпақ тәрбиесі – қоғамның мәселесі десек, қоғамды құрайтын адам болған соң, әр адамның азаматтық парызы болмақ. Әйгілі ғұламалардың перзент жайында толғанып, ертеңіне елеңдеуі – келешек ұрпағының қамы. Халықтың яғни бүтін ұлттың тағдыры ұрпақ тәрбиесінің құнарлылығына байланысты. Ұрпақтың ұлағатты болып өсуі – ата-ананың аялы алақаны ғана емес, халқының тілін, дінін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сусындап өскенде ғана нағыз ұлтжанды азаматты көреміз.
Бала тәрбиесі ана құрсағынан басталады. Анасының даусына құрсақта жатып-ақ қаныққан сәби, жарыққа шыққаннан кейін де, көп ішінен анасының даусын танып жылағанын қояды. Анасының мейірімді сөздері, санасына ұялап, өмірлік күш-қуат алады. Қанынан жаратылып, жанынан жан бөлінген ана мен баланың бір-бірі дегенде шығарда жаны басқа, ерекше ынтызар болатыны да осыдан шыққан. Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, аман-есен дүниеге келтірген сәбиін сылап-сипап, баптап емізген соң, аялап бесігіне салады.
Қарны тойған сәбидің ендігі жұбанышы бесік жыры. Анасының ыңылдап айтқан бесік әні әлдилеген сәби балбырап алаңсыз ұйқыға кетеді. Туған елін, жерін, әдет-ғұрпын жырға қосқан әуен әлдилеген сәбиде ұлттық сана қалыптасады. Бесік жырының құдіреті де осында.
Қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы атамыздан «Бесік жырын білмейтін келіндердің көбеюінен қорқамын» деген қорқынышын түсінген боларсыздар. Өнеге отбасынан басталады. От басы, ошақ қасындағы ұсақ-түйек саналатын әдет-ғұрып, ырым түсініктер халқымыздың ұлттық негіздері екенін естен шығармауымыз керек. Құран хадисінде: «Адамда әдеп, ынсап болмаса хайуаннан еш айырмасы болмас еді. Әдеп – діннің жаршысы, әдепті кісіде ұят бар. Ұяты бар ол иманы бар адам» делінген. Қорытып айтқанда, ұлттық тәлім тәрбие өскелең ұрпақтың өз елінің патриоты болуының кепілі.