Ана, келіп бір иіскеші маңдайымнан...

Ана, келіп бір иіскеші маңдайымнан...
жеке
блог

 

«Жетім көрсең – жебей жүр» дейді жесірін жасытпаған, жетімін жылатпаған  дана халқымыз.  Әттең,  адам біткеннің бәрі даналыққа мойынсұна бермейтіні өкінішті-ақ. Әйтпесе, алпыс екі тамырын иітіп, құрсағын  жарып шыққан сәбиін перзентханада қалдырып, жетімдер үйін жағалатып, тарам-тарам тағдыр жолдарына тастағандағы сиқымыз не?  Университет қабырғасындағы құрбыларыммен балғын  шақта батпандай мұң арқалаған сәбилердің көңілдерін аулау мақсатында «Ақбота» балалар үйіне бас сұқтық.

 Жанары жасты, көңілі жүдеу балаларды көргенде жүрегің қан жылайды екен.  Көзіңе тіке қарамайды олар. Саусағымен көрсетіп, кемсітеді дегендей сұқтана сырттай сығалап жүреді. Ойнағансып, күлгенсіп отырады да арагідік жанарларына жасырынған мұң-наламен  арпалыса кетеді. «Концерт болады» дегенді естігенде қуанғандары соншалық безендіру жұмыстарына араласып, суретке түсіріп әлек болды. Мұнда қазағың да, орысың да, жасығың да, пысығың да -  бәрі бар, бәрі – бауыр, өмір тауқыметіне ұшыраған тағдырластар. Ата-ананың мейіріміне зәру  қаршадай балаларға қарап отырып еріксіз өз тірлігіңді сүзгіден өткізесің. Не ішем, не кием демей жүрген біздер тойып секіреміз-ау. Ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда, әйтеуір жалғанды жалпағынан басып келеміз. Ал мұндағылар терезе мен есікке жаутаңдап «анашым бүгін келетін шығар» деген үмітпен қаншама сағынышқа толы сағаттар, мұңға малынған минуттар өткізді екен?!  Бәлкім сол титтей ғана үміт оты оларды болашаққа бастап келеді. Концерт бойына ән айтып, би билеп бал-бұл жанған балғындарды көргенде ерекше сезім бойыңды билеп алады. Көлге құйған тамшыдай болса да, әйтеуір шынайы бақыт сыйлағаныңа сенесің, қуанасың.

 Дүние есігін ашқаннан бері тұл жетім, әлеуметтік жетім атанып жүрген балалар ерекше қамқорлықты, түсіністікті қажет ететіндігі аз айтылып та, жазылып та жүрген жоқ. Үкімет те оларды қолдаудан кенде емес. Айтпағым – тастанды балалар мерекеден тыс кездерде де мемлекет назарында болса екен. Тағдырдан бір мәрте соққы алған олар екінші рет сүрінбесе екен.  Қатыгездіктен ада болып, дүниенің кетігіне кірпіш боп қаланса екен деген тілек қана.