Ана дегім келеді сізді менің...

Жабырқау күйден арылғым келсе, келешегімнен күмәндәна бастасам, ақ бата алғым келсе сізді іздеймін... Бөтендігіме қарамай бауырыңызға басып, болашағымның бұлыңғырланбауы үшін алаңдаған бір жан болса, ол - СІЗСІЗ! Тәңірдің маған тарту еткен алып сыйы, менің маңдайымдағы атандай бақ - АЯУЛЫ ҰСТАЗЫМ!

Сенімге селкеу түсірмеуге тырысқан бес жылымда ағаттығым аз болмапты. Алып армандарымды сіз үшін шындыққа айналдыруға талпындым. Сіздің арқамнан қағып, "қызым" дегеніңізбен жігерлендім, еңсе тіктеп ертеңіме үмітпен қарадым. Үмітіңіз үзілмеу үшін мықты болуға бекіндім.

Мен сізге ұқсағым келді... Ол үшін жылдар мен жолдар  жеткіліксізін ұғындым. Сізден ажарыңнан әр таймаған шақ алыстай берді... Бірақ жанарыңның мейірі мен нұры артуын доғармады... Сіздегі құшақ қаусыруға, тілек бақ тілеп маңдайдан сүюді ғана білді... Мен сізбен мақтандым! Мен сізбен жігерлендім! Мен сізге арқа сүйедім! Мен сіздей болуды тіледім...

"Маған арнап жазған өлеңің бар ма?"-демепсің-ау... Жақсылығымды асырып, жамандығымды жасырып әлектеніп... Ертеңіме үміт артып, жалқаулығымды жиі есіме салуды ғана біліпсіз... Адам баласы бауыр еті баласынан бөтен жүздеген оқушының біріне осындай шарапатын үйе салу оп-оңай болғаны ма? Сізді білгелі аттай 6 жыл зымырап өте шығыпты... Сол баяғы аппақ киім мен аппақ өңіңе аппақ шашың шырай бере бастапты... "Әдемі қартаюды" Алла сізге нәсіп етті... "Адамның жүрегі нұрланғанда ғана жанары нұр шашады",-деуші едіңіз... Жүзіңіздегі нұр мен жүрегіңіздегі жылуға мен де қызыға қараймын...Аман болыңызшы, біздің бағымызға... Ертең менің сүйікті ұстазымның туылған күні... Әдеттегідей шын жүректен құттықтаймын!!!

Ал енді сізге арналған жалғыз өлеңімді ұсынғым келеді...(Соншалықты махаббатқа бөленіп, мардымды өлең жаза алмағаныма кінәлімін...)

Cанамды жат ойлармен уламаған,

Қадамдатып, жолымды туралаған.

Ана десем егерде бір адамды,

Кешіре ме өзімнің туған анам?!

 

Өлең болды қыз-ғұмыр құрала мұң,

Құздардан сенің арқаң құламадым.

Ана дегім келеді бір пендені,

Әке, сенен жалынып сұранамын...

 

Жан екем, Құдай берген несібе мол,

Түскенде шын қуанам есіме ол.

Ана дегім келеді оны сондай,

Бауырым, сен де мені кешіре гөр!

 

Жаза алам ба қалауын ұғып өлең?!

Тұрады ол жымиса, күліп әлем.

Ана дегім келеді сізді менің,

Ех, ақыры айттым-ау, бүгін әрең...



Бөлісу: