Ана

Бүгін Гүлжайнаның туған күні… Анасы дайындық үстінде. Қызы жақсы көретін тәтті тағамдарды дайындап, тіпті, бөлме ішін сүйікті түсі қызылға да әрледі.Сабақтан шаршап келетін жалғыз ерке сұлу қызына тосын сый жасамақшы. Сол сәттегі Гүлжайнаның қуанған түрін көруге асығып отыр.
Анасы ылғи Гүлжайнаны аялдамадан күтіп алады. Себебі, үй мен аялдама арасы әжептәуір алыс жер. Оның үстіне, сабақтан кеш шығатыны тағы бар. 
Әдетінше, бүгін де аялдамада қызын күтіп отыр. Әр кез сабақтан қайтып келетін нөмірі 21 автобустан Гүлжайна түспеді. Анасы, жә, үлгермей басқа көлікке отырған болар, қазір келіп қалар деген ойда… Хабарласайын десе, ұялы телефонын үйде қалдырып кетіпті. Көшедегі таксафонмен хабарласайын десе, қызының телефон нөмірін де жатқа білмейді.
Бүгін Гүлжайна тым кешікті. Анасы да қорқа бастады. «Бұл қыз бұлай кешікпейтін еді ғой, не боп қалды екен? Құдайым-ай, жар бола көр!»-деп іштей дұға тілеп отыр.
Бір сағатқа жуық уақыт өтті. Ана жүрегі дір-дір етіп, бір жамандықты сезгендей...Үйге қарай асығып жүріп келеді. Тезірек үйге жетіп, қызының бір хабарын алмақ. 
Асығып-аптығып, үйге де жетті. Сөйтіп, қызына қоңырау шалды. Телефоны өшірулі. «Құдайым-ау, не боп қалды екен.Бір жамандық болмаса игі»-деп, сыныптастарының нөмірін тере бастады. 
-Алло, Айнұр?
-Иә, Күләш апай, қалайсыз?
-Жақсы, айналайын. Сен сабақтан келіп қойдың ба, қашан келдің?
-Иә, біраз болды.
-Біздің Гүлжайна әлі келмеді. Сен қайда екенін білмейсің бе, екеуің бірге қайтатын едіңдер ғой?
-Жоқ, бүгін мен өзім келдім. Бүгін тарихтан сабақ айтып болғандарды ерте қайтарды. Гүлжайна менен бұрын мектептен шығып кеткен болатын. Одан кейін білмеймін,-деді.
Ана жүрегі одан сайын дүрсілдеп қоя берді. Уайым үстінде, телефонын қолына алып, аялдамаға қарай бет алды. Жол үстінде сыныптас құрбыларынан, сынып жетекшісінен қоңырау шалып сұрады, ешкім ешнәрсе білмейді. Ана байғұс, қатты қорқу үстінде, көздеріне жас та үйіріліп жатыр. 
Ана ойы сан-саққа кетті:
«Әлде біреу ұрлап кетті ме екен? Біздің қалада ондай жағдайлар көп болып тұрады. Былтыр көрші үйдің қызын ұрлап кетіп, ақша талап еткені есінде;
Әлде машина қағып па, бірдеңе боп қалды ма екен? Жаңалықтардан соңғы кезде мұндайларды көп айтып жүр;
Әлде… бұзақы жігіттерге ұсталып қалмаса жарар еді. Құдайым-ай, жар бола көр менің ботканыма» деп келеді.
Болмағасын, қалалық полиция басқармасына қоңырау шалуға бекінді. Хабарласып айтты. Бірақ, полиция қызметкерлері «жоғалып кеткеніне сенімдісіз бе, әлі екі сағатта өткен жоқ қой. Егер бүгін келмесе, бір күннен соң іздеуге кірісеміз»-деді.
Ана қанша өтінгенімен, онысынан түк шықпады. Амалсыздан тұтқаны қоюға мәжбүр болды. 
Енді қайтпек? Қайдан іздесін? Не істесе болады? Қайда барады, кімнен сұрайды? Білмейді...
Сарсаң күй үстіндегі Ана аялдама жақ беттегі жол бойымен тура жүре берді. Не істерін білмей, ойланып келеді. «Бұл қыз қай жерде жүр екен? Аман-есен болсын. Ооо,Құдайым бір өзің қорған бола көр менің ботақаныма».
Арада біраз уақыт өтті. Бұл жүрісінен түк шықпасын білген Ана үйге барып, көрші Дулаттан көмек сұрауға бекінді. Дулат-облыстық полиция басқармасының аға лейтенанты боп қызмет атқаратын. Соған айтып, қызына іздеу салмақшы.
Үй жаққа бірнеше адым қалған кезде, қызыл күртеше киген, бойы орташа, қара сөмке асынған біреу кетіп барады. Гүлжайнаға ұқсайды. Ана айқайлап: «Қызым, Гүлжайна!» деп, қарағаны сол еді, қызы болмай шықты. 
Үй ауласына кіре бергенде, көрші үйдің есік алдында дабырлап сөйлескен дауыстарды естіді. Жақындап барып: 
-Сәлем, көрші! Амансыңдар ма? Дулат, қазір үйде ме?
-Жоқ, жұмыс сапарымен жаңа ғана Астанаға кетті,-деді.
Ана жылап, үй ішіне кірді. Не істерін, тіпті, қайдан іздерін білмеді. Көз алдында қызы үшін дайындап, дастархан жайып қойған ас үйдегі үстел көзіне түсті. Жастарын сүртіп, қызының бөлмесіне қарай жүрді де, есігін ашса…
Сөйтсе...
Гүлжайна ұйықтап жатыр екен. Ана өз көзіне өзі сенбеді. Есіктің ашылған дыбысынан Гүлжайна да оянып кетті. Ана барып, қызының беттерінен қайта-қайта сүйіп, құшақтай берді.
-Қайда болдыңыз, мен сізді күттім. Үйге келсем, жоқ екенсіз. Дүкенге кетті деп ойладым. 
-Жаным-ау, құлыншағым, сені күттім, сені...,-деді де, қатты құшақтады. «Аллаға мың да бір шүкір! О, Жасаған Ием, шүкір, шүкір...»-деп, қызының беттерінен сүйіп, тағы да туған күнімен құттықтады. 
-Анашым?
-Ау, жаным?
-Бір нәрсе айтсам, ренжімейсіз бе?
-Айта ғой, ботам. Ренжімеймін.
-Мен бүгін сабақтан шыққасын сіз сыйлаған ұялы телефонымды жоғалтып алдым. Соны іздеп біраз жол қарадым,-деді.
-Балапаным, сен аман болсаң болды маған. Оған несіне ренжимін. Ертең-ақ, басқа, одан да әдемісін аламыз,-деп, қызын қатты құшақтап, маңдайынан иіскеді. 
Уайымдап, қатты қобалжып жылаған сәттері көз алдынан бір жүгіріп өтті. Ең бастысы, қызы қазір жанында, аман-есен...



Бөлісу: