АНА

АНА
жеке
блог

Өмірде асыл жан бар ана деген,

Құшағы мен алақаны оттай жанған.

Әлемнің қай бұрышында жүрсем де мен,

Жылуы бар жалғыз пана сенсің маған.

 

Анашым, сендің маған қашанда да,

Үлкен үрей сенімімді қашырғанда.

Бар қорқыныш жүрегімнен ғайып болды,

Мол мейірім ақ жүзіңнен шашылғанда...

 

Күлгеніңде көктем аяқ басқандай,

Аппақ қардай бәйшешектер бой көтерді.

Ашылып кезек – кезек гүлденгенде

Жарқырап, барша әлемге жан бітірді.

 

Күн, түн демей еңбектеніп әрқашан,

Шырылдайсың қарлығаштай сен қанша.

Құдіретіңмен, Ана атыңмен әрдайым

Лайықтысың «Ханшайымға» сен барша.

АНА - үш-ақ әріп. Ал мағынасы тұңғиықтан терең... Мен бұл арнауымды сіздерге асыл Аналарымызға деген құрмет пен үлкен сыйластықтың қандай маңызды екендігін тағы бір еске салу мақсатында жазып отырмын. Қазіргі электронды технологияның дамығаны соншалықты, Анамыздың айтқан бір ауыз сөзін құлаққа аспай, есіріп кететін жағдайлар болып жатады. Бұл күнде, шынымен, "дос" деген сөздің түбін жан-тәнімен ұғып, қастерлей білетін жандар қаншалықты? Әлеуметтік желіде дос көп-ақ, білемін... Ал өмірде ше? Өмірде нағыз әрі шынайы досымыз жалғыз Анамыз, келісесіздер ғой? Қазір бір досың қоңырау шалып қалса, алғашқы келетін ой: "А? Бұған не керек?".  Иә, бір жағынан күлкілі, бір жағынан бұл шындық, ащы шындық...  Арасында достарыңмен өткерген қызықты сәттеріңді еске алып, ойыңды терең қазасың. Сондай шақтарда телефон шырылдаса, мүмкін солардың біреуі ме деп ойлап та қаласың. Сөйтсең, жоқ, бұл аяулы Анаң. Телефон журналындағы нөмірлердің 99,9% - Анамыздікі. Соңғы кездері көптеген ұл-қыздардың үйдің бір - екі шаруасына бола Анасының көзінен жас та шығарып жатқан кездерді көрдім. Неткен сұмдық! Үйдің тазалығы - жанның тазалығы емес пе, достар?! Осындай ұсақ - түйекке бола асыл Анамызбен өткізген қайталанбас, қайтып келмес алтын уақытымызды айқай-шумен, төгілген көз жаспен өткізу АҚЫМАҚТЫҚ деп ойламайсыздар ма?  Анамыздың қанша уақыт өмір сүретінін де білмейміз ғой. Ертеңгі күн бола ма, болмай ма оны да білмеспіз... Ойлап отырып, ішім қатты ашиды, қалайша ересектер өздерін дәннен бастап  жайқалған еменге дейін мәпелеп өсіріп, ыстық алақанында аялаумен болған, күн болып жанған Аналарын қараңғы ҚАРТТАР ҮЙІНЕ апарып отырғызып кетеді? Барша әлемге сәуле шашып тұрған Ана жүрегін қалайша қараңғы бөлмеге қамап кетеді? Неткен тасжүрек, неткен хайуан... "Жұмақ Ананың табанының астында" деген ыстық сөздерді қалай жалаңаштандырады адам баласы?! Жүрек қайда, сыйластық қайда, құрмет қайда? Балалар үйінде де сол жағдай. Эхх...

Өзіңізді бүлдіршін кезіңізден ерлік пен еңбекке шақырған, күніне елу рет құлағанда ерінбей екі аяғыңызға нық тұрғызған сол бір жандар, Әке мен Ана... Осы мақаламды оқып отырсаңыз, он екі мүшеңізді сау жеткізген, қиын шақтарда өздері аш болса да, сізді тоқ қылған Ана мен Әке, жұмыс емес, ақша емес, дос емес, ҚҰДІРЕТТІ АНА МЕН ӘКЕ. Қазір барып халін біліңіз, бір қоңырау шалыңыз, әлемнен артық жақсы көретініңізді айтыңыз. Себебі сіз оларды әлемнен артық жақсы көресіз. Гүл шоғын сыйлаңыз. Себепсіз. Себебі олар сіздің өмірге келуіңіздің себепшілері. Алланың осы бір жарқын, тұнық әрі жайдарлы күндерінде, түрлі-түсті бояулы, қанық өмірде аяқ басып жүруіңіздің себепшілері. Шынымен, бұл өмірдің сұлулығын мен ешқашан сөзбен жеткізіп айта алмаспын. Сол сияқты осы нағыз өмірді көруге, дәмін татуға мүмкіндік сыйлаған жандар мен Жаратушыға да МЫҢДА БІР РАҚМЕТІМІЗДІ айтып жеткізу мүмкін емес. Сонда да күнделікті айтып тұруға тырысқанымыз абзал, достар.

Ата - Анамызды алақанымызға салып мәпелейтін кезек біздікі. Мәңгі емес қой олар... Біздің балауса кезімізді қандай шыдамдылықпен, махаббат пен сүйіспеншілікпен және ең бастысы түсінушілікпен қабыл алды. Бізді асықтырмай өсірді, шыдады, қанша қиналса да бізге білдіртпеді. Енді біз олардың қартайуын сондай шыдамдылықпен, сүйіспеншілікпен, сыйластықпен және ЕҢ БАСТЫСЫ түсінісушілікпен қабыл алайық.

Өзіңізге бір жақсы нәрсе түйдіңіз деген сенімдемін. Келесі кездескенше.