Ән салшы, мың бала-ай

Ән салшы, мың бала-ай
жеке
блог

(алдыңғы абзац біраз пікірталас туғызып, өз миссиясын орындады, енді алып тасталды - Б.М.)

Фильм керемет! Киноны ұнатып жатқан көпшілікке қарсы ой айтып, не жыным бар?! Әдетте көп сын айтылатын тұстарда бұл жолы ақау жоқ: массовка да бай, картина да бай, актерлік шеберлік те, басты рольдегі өнер иелері қандай сүйкімді! Экшн, драма.

«Көшпенділерден» картинасының барлық жағынан қанықтығымен ерекшеленетін бұл фильм адамға (көрерменге) эмоциялық-экспрессиялық әсер етуге келгенде сәл «жеңіледі». Өз басым «Көшпенділерден» соң (өз уақытындағы артық дүние еді) көзіме жас алғанмын. Бойды еріксіз Ел мен Жерге деген махаббат билеген еді. Ал бұл фильмде соғыс, жаугершілік, шартпа-шұрт шайқас ойыңды таза қырғын төбелес техникасына қарай бұрып жіберетіндей. «Көшпенділерде» «Балапан қаз» әні жау талқандап тастаған елдің ақ жаулықтыларының шерге толы үнін естіртеді емес пе?! Ал «Мың балада» халық әндерінің инструменталды нұсқаларының жиынтығы ғана бар, әдемі, орынды қолданылған, дегенмен «Елім-айдың» үзіндісінен басқа ән естілмейді, маған жетіспегені де сол. Бір қосылып айтып, жылап жіберейін десем, болмады. "Мың баланың" жарнамасы да күшті болды енді...

Көпшілік айтып жатқан бір ақиқат: «Мың баладағы» актерлер сайдың тасындай сүйкімді, тәп-тәтті жастар және сонысымен «іші-бауырыңа» кіреді. Қолды-аяққа тұрмай, алып-ұшып, толқып жүрген Асылхан Төлеповтің көзінде от бар! Таймастың роліндегі Аян Төлепберген де сымбатты. Кинодағы еркекшора Қорлан – Құралай Анарбекова өмірде секси екен. Бәрі құрсын, кинодағы шеберліктері қандай!?! Өмірде де, кинода да жанып тұр. Тфа, тфа. Алда әлі талай шедеврлерге түсіп, шыңдала түседі деген тілегіміз бар, сәттілік тілеймін!

Айтпақшы, Зере туралы. Қашан да батырға қатын кесел болған. Жаугершіліктің тыншыған мезгілін күтпей, ғашықтықтан қателік жасаған Зереге жыным келді. Қасымдағы Назеркеге айтамын: «Ана актриса залда бар ма, көрсетші, барып шашын талдап жұлайын, махаббатшыл шіріктің» деп. «И вообще он тебя не любит!» деп те айтқым келді.))))) Абырой болып, актриса залда болмады. Сөйтсем, бұл да олардың шеберліктерінің дәлелі ғой.

Кинода шұбырып, жауға аттанған мың бала қашан көзіме көрінер екен отырдым. Ақыры көрінбеді. Ол аздай, жаңағы бес-алты дос бірінен соң бірі қыршынынан қиылып қалады. Бірақ олардың намысы өлмейді. (Солай жұбатасың өзіңді). Дегенмен Ақан Сатаев сатаевша және елге ұнайтын дүние жасап шығарды. Мен ол кісіге мықты денсаулық пен табыс тілеймін!

Енді ана жолы Дінмұхаммед айтып кетті ғой, «егер жоба авторларының көздеген мақсаты күрделі, адам тағдырының ой-шұңқырына көз жүгіртетін, кейіпкердің өмірі мен сол кезеңдегі ірі тарихи оқиғалалардың өріліп, тұтасуын суреттейтін детальді фильм емес, жалпыға бірдей бағытталған, даралықтан гөрі имиджге баса мән беретін, шабыс-шайқасы, махаббаты, ұлттық ерекшелігі бар экшн дүние жасау болса, онда ол мақсат орындалды дей беріңіз» деп.

Бұдан артық не қосуға болады?!

(Сурет пен Дінмұхаммедтің пікірі http://mynbala.kinostan.kz/-тен алынды)