Бір кездері кеңес халқының ең сүйікті телебағдарламасы болған «Жыл әні» байқауына 40 жыл толды! Ол – бұрынғы Кеңес Одағы көлеміндегі ең өміршең телевизиялық фестивальдердің бірі, КВН-нан кейінгі ғұмыры ұзақ жоба. Бұл бағдарлама бізге ән атаулыға талаппен, талғаммен қарауды үйретті.
40 жыл бойы үздік әні үшін марапатталғандардың арасында екі әнші рекордшы саналады. Олар – София Ротару мен Лев Лещенко. Бұлар телевизиялық фестивальдің қорытынды сайысына 36 рет қатысқан. Соның ішінде, КСРО-ның, Украина, Молдова мен Ресейдің халық әртісі София Ротару жаңа жыл алдында өтетін гала-концерттің барлығына да қатысып, жылдар бойы 74 ән орындаған!
Лев Лещенконың үлесінде – 61 ән. Осы жоба шеңберінде ең көп құрметке ие болған әртістердің қатарында Иосиф Кобзон, Мүсілім Магомаев, Эдита Пьеха, Валерий Леонтьев, Валентина Толкунова, Алла Пугачева, Ирина Аллегрова, Филипп Киркоровтар бар. «Жыл әні» байқауының марапаттары әр жылдары Роза Рымбаева, Еркеш Шәкеев, Батырхан Шүкенов сияқты қазақстандық әнші-музыканттарға да берілді.
2010 жылы Игорь Крутой мен Ұлықбек Есдәулетовтің "Жұлдызым" әні "Жыл әні" атанды. Оны Роза Рымбаева мен Батырхан Шүкенов Ақ Азиаданың ашылуында орындаған болатын.