«Әу демейтін қазақ жоқ» - деп бүгінгі таңда сахнаға шығып ән айтып, тіпті бір айда бірнеше бейнебаянның тұсауын кесіп, әнші атанып жүрген жандар жетерлік. Дауысы жоқ ақшасы бар, көркі жоқ бірақ, қымбат киімі бар өздерін әншіміз дейтіндер қоғамда шашетектен. Дана Абайдың:
Құр айқай бақырған,
Құлаққа ән бе екен?
Өнерсіз шатылған.
Кісіге сән бе екен? – деген өлеңі ақшаның көмегімен әнші болып жүргендерге айтылса керек сірә. Өйткені жасыратыны жоқ, қазірде құр айқайы бар кей әншілердің түсіріп жүрген бейнебаяндары ұлттық болмысымызға да мүлде жат. Осы күнге дейін 10-ға жуық бейнебаян түсіріп үлгерген Жігіттер квартетінің әншілері де бүгінде эфирлерден көрсетіліп жүрген бейнебаяндарға көңілдеріміз толмайды дейді. Қазақ эстрадасында өзіндік ерекше орны бар бұл жігіттер жас әншілердің батысқа еліктеушілігі жиілеп баратынын айтады. Бейнебаян түсіру заман талабы. Сол арқылы көп әншілердің атаққа қолы жетіп жатады. Бірақ сол бейнебаянды табиғаты тамаша өз жерімізде емес, шет елге барып түсіру үрдісі бүгінде жиілеп барады. Отанымыздың көрікті мекендерінен қарағанда өзгелердің тау-тасын, көл-жағалауларын артық санайтын әншілердің бәлкім тыңдармандарды жаулау тәсілі осылай шығар. Кім білсін? Десек те «Жігіттер» квартеті енді өз бейнебаяндарын Ташкент қаласында емес, өз елімізде түсіреміз деп отыр. Бейнебаян демекші, бір қызығы бүгінде қазақ эстрадасынан ойып тұрып орын алған әнші Саят Медуов әлі күнге дейін бейнебаян түсірмеген. Оны елге танытқан ерекше орындаушылығы мен сәтті таңдалған әндері. Саят Медеуов бейнебаянға қаржы құртқанша сол ақшаны ән кешін өткізуге жұмсағанды әлдеқайды дұрыс көретін әнші. «Музыка мен ақындық сөз бір-бірімен жымдаса отырып, жүрекке жылы, ұнамды бірлік жасайды» - дейді ойшылдар. Ән тыңдағанда құлақтың құрышы қануы үшін әншілерге әннің сөзіне де аса мән берген жөн. Өйткені «ән адам жанын жарқындатып жалындатуға тиіс» - дейді Бетховен. Жанымыздың жалындауы үшін тыңдап отырған әннің сөздері де жалынды болуы керек. Әншінің өзге әншілерден өзіндік дауысы мен киім кию ерекшелігі болуы шарт. Бірақ сол киім ерекшелігі бүгінде мүлде бөлек. Өзге елдің сән үлгісін қазақ сахнасына алып шығып, жастардың санасын улауда. Бұл бүгінгі эстраданың ащы шындығы. Сахнаға шыға салысымен халық жүрегінен орын алған әнші Алтынай Жорабаеваға бүгінгі таңда еліктейтін жас әншілер көп. Бірақ, Алтынай ізін басып келе жатқан кей әнші сіңілілеріне көңілі тола бермейтінін айтады. Ерің ғана көруі тиіс жерлерді елге көрсетудің қажеті жоқ. Әсем дауысты әншіні халық өзі-ақ даралап алады дейді. Не істесек те ел мүддесін естен шығармағанымыз жөн. Ең бастысы, ендігі жерде мағыналы сөзі бар жағымды әнге ұлттық болмысымызға сай бейнебаян түсіретін әншілердің саны артса құба-құп.