ӘН ӘЛЕМІНІҢ ХАНЗАДАСЫ - ДИМАШ!

Көшбасшы. Түпсіз терең өнер әлемінің алтын қазығы. Феномен. Бұлбұл үнімен, сазды ырғағымен талай ұлттың жүрегін бір арнада түйістірген тұлға.Тек қазақ емес, бүкіл әлем мойындаған жан. Иә, бұл – қазақтың Димашы, әлемнің Димашиы. Алты жасында «Айналайынды» аузына қаратып, жиырма екісінде жаһанға жаңа серпіліс пен леп берген Димаш – бүгінде әлем сүйіктісіне айналып үлгерген әнші. Сандарлы соқпағы мен бұралаң-бұралаң кедергісі көп өнер жолын бағындыра білген қазақтың айбынды ұлы қытайлық «I am a singer» жобасының да шыңына шықты.

    Қытайдың «Hunan TV» арнасынан көрсетілім жасалған «I am a singer» жобасына қазақтан тұңғыш болып жиырма екі жасар Димаш Құдайбергеновтың қатысқаны мәлім. Осы жоба арқылы қазақ үнінің әлем сахнасында жаңғыруына әуелі Алланың құдіреті сеп болса, екінші осы жобаға қатысуға ұсыныс білдірген Естай Нүсіпжанов ағамыздың еңбегі мол. Қытайда білім алып жүріп, «Мен-әншімін» жобасына қызығушылығы ауған отандасымыз екі жыл бойы конкурсқа жол іздеп, талай есіктерді қағып, талайлаған табалдырықтарды тоздырса керек. Үшінші жылға ауды-ау дегенде, жоба конкурсына Қазақстанның қатысуына мүмкіндік беріліп, эстрадада жүрген жұлдыздарға ұсыныс жасаған Естай ағамыз:

-         Бұл туралы ұсынысты Димашқа алғаш әкесі Қанат арқылы жасағанмын. Бірақ, көпшілігі бұл конкурстың маңыздылығын аса түсінбеді, белгісіз себептермен біразы бас тартты.Бірақ, Құдай тағала бұл жобаға қатысуды Димашқа бұйыртып тұрыпты,- дейді бір сұхбатында.

 Бас-аяғы 14 айналымнан тұратын байқау қатысушысы Димаш әділқазылар шешімімен қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз, т.б тілдерде әуелете ән шырқаған. Қай тілде ән орындамасын, көрермен жүрегіне жол тауып, бойындағы тұнып тұрған дарыны мен кең диапазоны, нәзік, сыңғыр үні арқылы әлем назарына ілікті. Бразилиялық Марсия Никайдо сынды facebook қолданушысы:

-         Бұл сайыс емес шығар деп үміттенемін. Егер сайыс болса, басқа қатысушыларға жасалған әділетсіздік бұл. Мұнымен жарысуға кімнің шамасы келеді?Құдды бір әншінің ішінде үш әнші тұрған сияқты. Ғажап! – деп таңданысын білдірсе, Швециялық Эса Сейтту (facebook қолданушысы) :

-         Менің бұл әнді тыңдап отырғаныма бірнеше сағат болды. Әннің не туралы екенін де білмеймін. Мынау – адамның емес, періштенің даусы. Музыка арқылы соғысты тоқтатуға бола ма? Иә, мына жігіт тоқтата алады. Мен әлемнің жеті кереметі туралы естігем, бірақ, мына әншінің ғажайыбы бәрінен асып түсетін сияқты. Мынандай дауысты жаратқан Құдайға енді сенбесіме амал жоқ! –дей келе, Димаштың мүмкіндігі зор дауысын әлемнің жеті кереметіне теңестіргендей болды. Бұдан бөлек, әлемдік деңгейде шоқтығы биік жұлдыздардың Димаштың өнерін өте жоғары бағалап, тіпті, дуэт айтуға ұсыныс жасағандарының бар екені беймәлім емес. 3 айға созылған жоба нәтижесінде қазақтың Димашы 2-орынды иеленіп, ел абыройы мен мәртебесін асқақтатты.

 Сондай-ақ, елдің, әлемнің ұлының елімізде өтіп жатқан халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің төрінде дүркіретіп ән кешін өткізгені – ірі жеңіс, қаншама қажыр-қайратты талап еткен еңбегінің жемісі деп білемін. 1925 жылы қазақтың        Әміресі Париждің Экспосында «Балқадишаны» әуелетсе, араға 92 жыл салып, Димаш ЭКСПО сахнасын әнмен тербеді, ескірген жолды қайта жаңғыртты.  

   Бірімізге аға, бірімізге іні болып келетін Димаш Құдайбергеновтың бойынан мен нағыз қазақылықты көремін. «Мен -әншімін» байқауының жетінші кезеңінде қандасымыз «Дайдидауды» шырқап қана қоймай, аспан асты елінде ұлттық аспаптарымызды насихаттай білді, кино әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар Джеки Чанмен кездескен сәттің өзінде қолына ағаш домбырасын алып, күйшілік өнерін көрсеткені мені қайран қалдырды. «Ері елінің айбынын асқақтатты» деген осы емес пе?

    Жаратқан тарапынан таудай талап пен бармақтай бақ бұйырған Димаш Құдайбергенов – қазақтың маңдайына біткен адал перзент, Асан қайғы мен Жаяу Мұсаның қаны берілген ұрпақ, Әміре мен Шәмшілердің ізін болашаққа жалғаушы алтын көпір.

 



Бөлісу: