Әміршіл-әкімшіл жүйенің  қолшоқпарына айналған билік иелері

Коммунистік әдебиетте ұзақ жылдар бойы Қазан төңкерісі адамзат дамуында жаңа кезеңді ашты : буржуазиялық төңкерістердің дүниежүзілік тарихи кезеңі аяқталып , дүниежүзілік социалистік революциялар кезеңі басталды деген қағида берік орнығып келді . Бүгінде мұндай жақсы кезеңнің қолдан , күшпен , тіптен зорлықпен жасалғаны айқындалып , жоғарыдағы қағидаға шындап күмән келтіре бастадық . Дегенмен де , тарихымызда бір нәрсенің басы ашық : 1917 жылы Қазан төңкерісінің болғаны және одан кейінгі онжылдықтарда қандай да болмасын бөтен ойлау , социалистік құрылысты сынау , оның әлеуметтік шеңберіне сыймау тәрізділері және т.б. қоғамға ұнамсыз әрекеттер атаулының әкімшілік немесе ішкі істер органдары күшімен қуғындалғаны , жедел тойтарыс алғаны белгілі . Бұл мәселеде Қазақстан өзіндік ерекшеліктерімен өзгешеленеді : кеңестік , әсіресе , сот тергеу аппараттарының , заң органдары жүйесінің әлсіздігі және олардың жеткілікті жабдықталмауы , қазақ қоғамында дәстүрлі заңдылықтың орнығуы , рулық қоғамдық қатынастар үстемдігі , ақсақалдар соттары , Ресей әкімшілігінің ұзақ жылдар бойы отарлау саясаты нәтижесінде қалыптасқан ұлтаралық жанжалдар ахуалы – осының бәрі Қазақстанда кеңестік құрылысты орнықтыруға үлкен кедергі келтірді .20 - шы жылдардың орталарында қазақтың заң қызметкерлері болып жүргендері көп емес , ал олардың білім дәрежесі өте төмен . Бұлардан әлеуметтік әділеттілік күту мұндай жағдайда әрине , өз жемісін бере қоймайтын да еді . Оның үстіне жаңа кеңес өкіметі бұрынғы патшалық Ресей жағдайында білім алған және қазақтарға және алаш қозғалысына қатысқан қазақ зиялыларына үлкен сенімсіздікпен қарады , сондықтан да оларға заң жұмысын , революциялық заңдылықты қорғау ісін сеніп тапсыра қоймады . Мұның өзі бұл жұмысқа тартылғандардың білімінің ғана емес , тәжірибесінің жетіспей жатуына алып келді .Ф.Голощекиннің Қазақстанға басшы болып келуіне байланысты жағдай тіптен ауырлай түсті . Ол 1927 жылы 13-15 қараша аралығында болып өткен ҮІ Бүкілқазақтық партия конференциясында өзі келгелі осы бағытта жүргізілген шараларды былай деп қорытқаны бар : « Революциялық заңдылық туралы бірнеше сөз . Ондағы олқылықтар кеңестендіру жолындағы кеселдердің бірі . Біз , жолдастар , мұнымен көп еңбектендік , бұл жайлы V конференцияның , II , III пленумдардың , кеңестердің V съезінің қарарлары бар . Өзгерттік , тазарттық аппаратты , бірақ істің жағдайы әлі мүшкіл болып тұр . Бірқатар үлгі болар процестер өткізу және бірінші кезекте өздері революциялық заңдылықты бұзатын , және де ... кім біліп жатыр ... бәлкім оларды жасыратын кейбір жауапты қызметкерлерді , өзіміздің әкімшілік қызметкерлерін , біздің судьяларымызды жауапқа тартатын жол . Жүсіпбеков төрағалық жасайтын комиссияны біз осыдан екі апта бұрын құрдық ... ... Төменгі органдардың сапалық құрамы өте нашар . Тоқжановтың жазуынша 16

адамның 14 - парақорлар . Бұл аса таңданарлықтай ! Олар революциялық заңдылықты қалай жүзеге асыра алады ? Мұның өзі отарды күзетуді қасқырға беру емес пе ? Біздегі сот қайраткерлерінің жеке құрамын толық жақсы дей алмаймыз , Онан соң , зан харпінің адамдары бізде қоғамдық талаптармен санаса бермейді .  Келтірілген үзіндіден Қазақстанның сол жылдардағы басшысының революциялық заңдылық дегенді жамылып , өзіне ұнамайтын кейбір жауапты қызметкерлерді заң органдары арқылы жазалауға аңсары ауып тұрғанын аңғару қиын емес . Бірақ , оның ойлаған ойын толық жүзеге асыруына Смағұл Сәдуақасов , Нығмет Нұрмақов , Жалау Мыңбаев , Сұлтанбек Қожанов тәрізді қайраткерлер кедергі жасады . Ол айтқандай , С.Сәдуақасовтың белгілі қазақ жазушысы Жүсіпбек Аймауытовты қызғыштай қорғап , сот залында әділетсіздік тырнағынан күшпен босатып алғаны рас . Мұның бәрі Голощекинге ұнамады . Тарихшы Талас Омарбеков еңбегіне сүйенсек, 1928 жылдың қаңтар және ақпан айларында И.Сталиннің Сібірге астық дайындауды жеделдету үшін сапарға шыққаны белгілі . Өзінің осы сапарында ол сот және прокуратура органдарына РСФСР Қылмысты істер Кодексінің 107 - бабын пайдаланып , астық дайындау жоспарын орындамаған шаруаларды жаппай соттауды ұсынды . Ал , ет дайындау науқандарында ет тапсыруды орындай алмаған шаруалар « малды қаскүнемдікпен сойып алғаны және талан таражға салғаны үшін » РСФСР ҚК - нің 79 - бабының 1 - ші тармағымен сотталуға тиіс болды . Егін егу науқанын бүлдіргені үшін , контрреволюциялык үгіт насихат жүргізгені үшін адамдар қылмысты істер кодексінің 58 - бабының 7,8,10 - тармақтарымен , ал жауапты қызметкерлер қызмет бабын теріс пайдаланғаны үшін 111 тармағымен сотталды . И.Сталиннің 1928 жылдан бастап , астық дайындау науқандарында сот және прокуратура органдарын шаруаларды жаппай жазалау құралы ретінде пайдалануын олардың өздері жүргізіл отырған әділетсіз , күштеу , зорлау науқандарына зандылық сипатын беру әрекеті деп қараған жөн . Өйткені , қара халық сот және прокуратура органдарын ақиқатты анықтаушы , әділеттілікті орнықтырушылар деп бағалап , оларға жүгінгені , олардан араша сұрағаны белгілі . Обалы не керек , қоғамда орныққан мұндай психологияны сот , прокуратура органдары да жақсы түсінді . Сондықтан да зорлап астық дайындау науқаны басталған кезде И.Сталиннің және орталықтағылардың қатал нұсқауларына қарамастан , прокуратура сот апараты негізінен тек астық дайындау конторларындағы қызмет бабын пайдаланушыларды және жоғарыда айтқанымыздай ҚК - нің 107 - бабымен астықты қайта сатып , алыпсатарлықпен белсенді айналысушыларды ғана соттап келген болса , ал 1929 жылға қарай заң органдары барлық әдептілік атаулыны жинап қойып , өздері де ар - ұяттан бас тартып , астықты тікелей өсіретін және оны өз қолында ұстап отырған еңбекқор шаруаларға қырғидай тие бастады . Енді жеке меншік қожалық иеліктері астық дайындау науқанын бүлдірушілер және соған шақыруға насихаттаушылар ретінде ҚК - ның 58 - бабының 10 - шы тармағымен жаппай сотталды . Айта кеткен жөн , ҚК - ның осы бабымен аталған жылдары тәркіленген ірі қазақ байлары да сотталып жатты . Обалы не керек , өздерінің қандай әрекеттерге барып отырғанын әрине , жақсы түсінді . Архивтердің қат - қабат қойнауында жинақталған ресми құжаттардан мынаны анық біле аламыз : 1928-29 жылдар бойына заң органдарының аппараттарын Сталиндік - Голощекиндік қылмысты істерге жұмылдыру үшін Қазақстанның Заң халық комиссариаты округтік сот және прокуратура органдарының басшыларына бірнеше рет сөгіс жариялады . Міне , осыдан соң ғана жергілікті заң органдары әділетсіздіктің , көпе - көрнеу қиянаттың нақты кұралдарына айнала бастады және шаруаларды « тұқымдық астықты жасырды , малды қасақана сойып тастады және талан таражға салды » деген айыптармен жаппай соттай бастады . Сот , прокуратура органдары халықты жаппай соттаудың қалай жүргізіліп жатқаны жайлы жоғарғы органдарға үздіксіз мәлімдеме жасап отыруға мәжбүр болды . Егер бұл мәлімдемелерде көрсетілген жазаланған адамдар саны өткен он күннен төмен болса , ол округтегі сот немесе прокурор аппараты басшыларының өздерін жазалану қаупі күтіп тұрды . Сондықтан да олар жергілікті жерлерге арнайы сот тергеу бригадаларын көптеп шығара бастады . Мұндай бригадалар өздерінің жұмыстарын , әсіресе , көктемгі егін егу науқаны тәрізді шұғыл әрекеттер кезеңінде белсенді түрде жандандыра түсті .Мұны қуғын - сүргін әрекеттерінен көре аламыз : аталған жылдары сот органдарында 8.936 iс қаралды , адамдарға 4.721.474 сом айып салынды . 1.230.013 сомның дүние - мүлкі , 540.035 пұт астық , 4563 ірі қара және ұсақ мал , 24 косiпорын , 31 құрылыс тәркіленді . Бұдан басқа өкімшілік тұрғыдан және жергілікті жердегілердің өз бастамаларымен көптеп , қайта - қайта салықтар салу есебіне Қазақстанның бес облысында 3128  қожалык қуғын сүргінге ұшырап мемлекетке 1.225.583 сом , яғни әр шаруа қожалығына шаққанда орта есеппен 386 сом айып ақша төлеуге мәжбүр болды . 1929-30 жылдары астық дайындау науқандарында қуғын - сүргін күшейе түсті . Ал мұның өзі көптеген ауқатты шаруалардың өз қожалықтарын тастап , беті ауған жаққа бей - берекет безіп кетулерін туғызды . Сондықтан да Қазақстан үкіметі қонысынан басқа жаққа көшетін кулактарға анықтама қағаздар беруге және олар көшіп барған басқа жерлерден оларға жаңа жерлер беруге тыйым салатын заңдар шығарды . Оның үстіне бұл бойынша , кейіннен бұрынғы мекеніне қайта оралғандар өздерінің бұрынғы жер үлестерін қайтарып ала алмайтын болды . Зан халық комиссариаты өзінің жергілікті жерлерге таратылған жасырын нұсқауында астықты шұңқырларға тастаған және мемлекетке өткізбей әдейі өртеп жіберген адамдарды қаскөйлер , қаскүнемдер ретінде экономикалық контрреволюцияға айыптайтын жоғарыда аталған ҚК - нің 58 - бабының 7 . 7 - тармағымен соттады . Жоғарыда көрсетілген жылдардағы астық дайындау науқандарында 19.2 39 адам әкімшілік жолымен жазаланды , 14.108 адам сотталды , олардың ішінде 6.485 адам кулак ретінде , 4.108 адамдар ауқаттылар ретінде айыпталса , 184 адам орташа , 575 тіптен такыр кедей болса да сотталып кетті . Соттау жолымен шаруалардан 13.208.699 сом 92 тиын және 82.799 пұт астық өндіріліп алынды . Заң органдарының көпе - көрнеу қылмыстарына наразы болғандар , сөйтіп ашық бас көтергендер және кектесіп , қастандық жасау әрекеттеріне барғандар да аяусыз жазаланды . Мысалы , тек 1929-30 жылдардағы астық дайындау науқандарында үкімет саясатына қарсы қастандық әрекеттерге барды деген кінәмен 113 адам сотталды . Олардың әлеуметтік құрамына келер болсақ , көрсетілгендердің 63 - і кулакқа , 29 - ы ауқаттыларға , 19 - ы орташаларға , 10 - ы кедейлерге жататынын аңғарар едік . Дәл осы науқанда үкіметке қарсы контрреволюциялық үгіт - насихатпен айналысты деген айыппен 290 адам сотталды , 81 - і кулак , 67 - сі ауқатты , 107 - сі орташа , 57 - сі кедей қатарына есептелді . Айта кеткен жөн , көрсетілген қастандық әрекеттерге байланысты мәліметтер республиканың 7 округі бойынша ғана беріліп отыр . Ресми есепке мәліметтер уақытылы түспегендіктен Сырдария , Қостанай , Орал округтері кірмей қалды . Сот , прокуратура органдары біртіндеп өздері асыра сілтеулерді ұйымдастырушыларға айналды . Мысалы , Ақмола округінде сотталғандарды жанұяларымен бірге 24 сағаттың ішінде Соловки лагеріне асығыс жөнелтіп жіберу орын алды . Дәл осы округтегі Азат ауданында астық тапсырмаушыларды , соның ішінде кедейлерді де ұрып - соғу , азаптау , көл суына айдап апарып тұншықтыру және т.б. жүгенсіздіктер болды . Алматы жөне Петропавл округтеріндегі кейбір селоларда тұтас « қара байкот » жарияланды . Бұл бойынша қақаған қыста терезелері ашылып тасталынды , пешті қыздыруға , от жағуға мүлде тыйым салынды . Тұтас деревняларды қамтыған мұндай «қара байкоттар » шаруаларды астық өткізуге итермелейді деген пікір орнықты . Ал мұның заңсыздығы , Конституцияны аяқ асты ету екендігі , тіптен адамгершілікке жатпайтындығы сот органдарын толғандыра қоймады . Ақтөбе , Павлодар округтерінде кедейлерді ұрып - соғып қана қоймай , қақаған қыс айларында мұздай суға шомылдыру , суық амбарларда қамап ұстау , кулактар үйлерінде оларды мазақтап , тірі адамға жаназа шығару төрізді оспадар әрекеттерге барды . Егін егу науқандарында тұқымдық астық тауып бермеген орташалар мен кедейлерді жаппай аяусыз жазалауға жол берілді . Оларды осы үшін соттады және сот арқылы көмпескелеу барысында олардың тіптен қасықтары , ыдыс - аяқтары да тәркіленді . 1930 жылдың егін егу науқанында ғана ( Қазақстан бойынша 10.263 адам сотталды. Әрине , бұл әрекеттерді толық объективті деп айтуға болмайды . Сот , прокурор органдары өз қылмыстарын жабу үшін және өздерінің таптық бағытты берік жүргізіп отырғандығын көрсету үшін бай - кулактар қатарын әдейі көбейтіп бергені , олардың қатарында орта шаруалардың да аз еместігі бүгінде дәлелденді . Ал , енді 1929-30 жылғы астық дайындау науқанында сотталғандарды нақты жіктеп көрсетсек , төмендегідей мәліметтерге жүгінеміз Ескерте кетеріміз , деректер толық емес мұнда Сырдария Қостанай және Орал округтерінің мәліметтері кірмей қалған . Ал , енді сотталғандарға , әлеуметтік қорғаудың қандай шаралары қолданылды дегенге келсек , ол төмендегідей : шартты түрде сотталғандар – 1259 , 1 жылға дейін – 2549 , 3 жылға дейін 4673 , ату жазасына – 66 , зорлап жұмыс істету – 2098 , басқа әлеуметтік қорғау шараларына – 1920 адам болып шығады . Ресми деректерден көріп отырмыз , сот , прокурор ұйымдары жазалау жұмыстарын белсенді жүргізе бастаған . Әрине көрсетілген деректерге ОГПУ органдарының , әртүрлі « үштіктер » мен « бестіктердің » жазалау мәліметтері кірген жоқ . Олар әлдеқайда ауқымды және көлемді , сондықтан да жеке әңгіме етуге лайық . Біз бүгін тек сот және прокурор органдарының әкімшіл әміршіл жүйенің қолшоқпарына қалай айнала бастағанын бейнелейтін деректерге көз жүгіртумен шектелдік . Осының өзі - ақ , біз өмір сүріп келген қоғамның ішкі мәнін әшкерелеп , оқырманды жаңа ойларға жетелейді , жас ұрпақты демократиялық , құқықтық қоғамның қадір қасиетін бағалай білуге баулиды деген ойдамыз .

 Әл-Фараби ат. ҚазҰУ тарих кафедрасының доценті Ф.Қозыбақова

Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті Серікбол Бүрлен



Бөлісу: