"Аманатқа қылма қиянат" (с) Халық мәтелі
блог
Біздің үйде не көп десеңіз, том-том кітап көп. Тіпті, көпшіліктің қолына тие бермейтін, кезінде санаулы данамен шығып, басым бөлігі кітапхана мен бірер кісілердің кітап сөрелерінің төрінен ғана көрінетін кітаптар біздің үйден табылуда. Мұның барлығы ата-анамның ерен еңбегі. Тапқан-таянғанына кітап сатып алып, өз кітапханасын байытқан. Кейде анам "Мына кітапты ұзын-сонар кезекке тұрып, макулатура өткізіп сатып алғанмын. Кейін құрбыларым кезекпен алып оқыған" деп еске алып отырады. Әке-шешемнің жинаған бай қорының арқасында біз де бала кезден сол кітаптарды оқып өстік. Үйге келген жұрттың көзі сол кітаптарымызға түсетін. Талай кітаптарымыз қолды болды. Тіпті, аттай қылып сұрап алып кететін кісілер қайтарып әкелмейтін. Иә, өзің барып іздейсің, иә, сол күйі жоқ болатын. Сол себептен де қолды болып кетпесін деп көптің уысына түсе бермейтін кітаптарды ары тығып қоятынбыз. Соның бірі Зейнеп апаның "Шуақты күндер" кітабы.
Бұл кітап 80-ж.аяғында санаулы данамен шығып, бірден ел арасына таралып кеткен. Мұқабасы көк, қара жазумен аты мен авторы жазылған кітап. Былай қарасаң, қатардағы көп кітаптардың бірі. Ал бірақ, ашып қарасаң, ол кітап тұнып тұрған тарих, педагогикалық-психологиялық ілім, ұлағатты сөздерге бай шығарма. Ол қазіргі бірінен кейін бірі шығып жатқан, жайдан-жай жазылған, ойдан шығарылған сандырақ емес, ол - нағыз шедевр!
Алғаш рет "Шуақты күндерді" қолыма 2-сыныпта алып, оқи бастадым. 9 жастағы бала үшін өте салмақты кітап дер едім. Бірін түсінсең, бірін түсінбейсің. Соған қарамастан анам бұл кітапты оқығаныма еш қарсылық білдірмеді. Керісінше, "Оқи түс", "Әр сөзге аса мән бер", "Дұрыс түсінуге ұмтыл" деп айтатын. Міне содан бері, "Шуақты күндер" кітабын жиі ақтарамын. Осымен неше мәрте оқығаным нақты есімде жоқ. Бірақ, бір айтарым, әр оқыған сайын өзіме өмірдің жаңа парақтарын ашқандай боламын. Бұл - менің ерекше сүйіп оқитын кітаптарымның бірі!
Қателеспесем, шамасы 2-3 жыл бұрын газет-журнал беттерінде "Шуақты күндер" кітабы қайта басылады", "Жалғасы шығады" деген мақалаларды оып мәз болып, жаңа кітаптың шығуын асыға күттім. "Құдай пейіліңе береді" дегендей, діттеген ой-мақсатыма жетіп, қалаған қызметіме орналасқан кезде маңдайыма Зейнеп апа мен Бахытжан атамыздың ұлы Ер-ағаммен танысып, бірге қызмет жасау бұйырды. Жоғарыда айтылған "Шуақты күндер" кітабында Бауыржан атамыздың немересі Ержанның қылықтары жазылып, фотосуреттері жарияланған. Енді, міне сол кітаптың кейіпкері маған бағыт-бағдар беріп, өз ақылын айтып, өз тәжірибесімен бөлісіп келеді. Тек маған емес, мен секілді жас қызметкерлерге өз білгенін айтып, ақыл-кеңесін аямайды.
Бір күні Ер-ағамнан кітаптың жалғасы туралы сұрағанда, ол кісі "Бұл басқа кітап. "Бабалар аманаты" атаумен шығады. Бірақ, "Шуақты күндерде" басылмай қалған дүниелер де осы кітапта жарияланады" деді. Кейін Айгүл әпкеміз жаңа кітаптан үзінділер жариялап жүрді. Бұйырған күні, кітап жарыққа шықты.
Өткен жылы қазіргі қызметіме ауысып жатқанда Ер-ағам "Бабалар аманаты" кітабын сыйға тартты. Ішінде Зейнеп апамның өз қолымен жазылған ақ тілектері бар. Апамның тілектері лайым қабыл болсын деп, сол күні-ақ кітапты оқып бастап кеттім. Алғашқы жазылған сөздерінен-ақ кітап мені өзіне баурап алды. Сол леппен бұл кітапты бір оқығанда үш мәрте оқып шықтым. Кейін "Мен оқиын" деген анамнан бастап кезекке тұрған жандар бірінен кейін бірі оқып келеді.
"Бабалар аманатын" бір оқығаннан-ақ блог жазуыма болар еді. Бірақ, мен ол кезде "Жақсы кітап, оқуға кеңес берем" деп құр сөзді көбейткім келмеді. Себебі, ол кезде де, бәлкім, бірін түсінсем, бірін түсінбеген болармын. Ал бүгінде бірнеше мәрте оқылған кітап мен үшін ерекше. "Шуақты күндер" секілді жаңа кітапты қанша оқысам да өзім үшін жаңа парақтарды ашуды тоқтатқан емеспін.
Бұл екі кітапты "Жас келіндерге өсиет", "Жас ұрпаққа үлгі болатын дүние" деп көпшілік айтып та, жазып та келеді. Мен де қосыламын. Сондай-ақ, бұл кітап жас буынға ғана емес, еңбектеген бүлдіршіннен еңкейген қартқа арналған тағылымды шығармалар. Бұл екі кітапты парақтаған кез-келген жастағы жандар өзіне керектісін алады, көкейде жүрген сауалдарына жауап таба алады дер едім.
Қазір кез келген кітап дүкеніне кірсеңіз, кітап сөрелері психология, педагогика, өз-өзіңді тану ілімдері бойынша жазылған орыс, шетел әдебиеттеріне толы. Әрине, оларды нашар деп, жоққа шығара алмаймын. Бірақ, оның көбі пайда табу мақсатымен жазылған сайып келгенде "Бәрі өз қолыңда!", "Ниетіңе жет!" деген ертеден белгілі түйін шығаратын көп сөзді көбейткен, сандырақ шығармалар. Ал Зейнеп апаның қос кітабы өмірден алынған оқиғалар желісімен, көрген-білген-түйгенімен жазылған, ал ең бастысы, оқырман қауымға шын пейілден (материалдық көзқараспен емес) жеткен дүние.
Жазбамның тоқ етері
-
Болашақта жарына адал, қайын жұртына сыйлы, еліне абыройлы келін болғым келеді десеңіз;
-
Кішіпейіл, ізетті, инабатты болғым келеді десеңіз;
-
Жастарға үлгі-өнеге болам, ақыл айтам десеңіз;
-
Кемшіліктерімді жасырып, көпті үйренемін десеңіз;
-
Бойдағы кір-лас қылықтарды тастап, көркем мінезді болуға ұмтылам десеңіз;
-
Өз-өзімді танимын, өмірімді өзгертемін десеңіз;
-
Арман-мақсаттарыма жетем, десеңіз;
-
Қартайғанда салиқалы қарт болғым келеді десеңіз;
-
Әр күнімді қуаныш пен шаттыққа толтырам десеңіз;
Ал ең бастысы, шынайы болмысымды сақтап, адами қасиетімді жоғалтпаймын десеңіз "Шуақты күндер" мен "Бабалар аманаты" кітаптарын оқуға асығыңыз.
Сөз соңында! "Шуақты күндер" кітабын табу қиын болса, Орталық не Жамбыл атындағы кітапханаға баруға кеңес беремін. Ал "Бабалар аманатын" кітап дүкендерінен табуға болады.
Атам қазақ "Аманатқа қылма қиянат" деп айтқан екен. Сол үшін де бабалар ізін жалғастыруға асығайық, достар!