Аманат

Аманат

Астанаға аттанатын күн жақындаған сайын уақыт та өтпей қойды. Анасы бірсыпыра киімін жуып-шайып, үтіктеп әуре. Қанат та уақытты текке өткізбей Елбасыға деген сыйлығын күн сайын бір көріп, қол сөмкесіне бір салып сүрткіштеп қояды. Қыс мезгілі ортан белінен асқалы бері атасы екеуі осы Келіншектаудың сұлбасын ағаштан шауып бір ай бойы әуреге түскен.

-Осыдан жаз шықсын, екеуміз міндетті түрде «Келіншектаудың» сұлбасын аяқтап, Астанаға жолға шығамыз. Кем-кетік жерін түзетіп, әрлеп, бояп боламыз дегенше мына қыс-көктемді аяқталар,-деген атасы да көктем шыға «Мәңгілік алыс сапарға» бет алған еді.

Атасы өмірден өткелі бергі уақыт ішінде әрі-сәрі күй кешіп жүрген Қанат жастыққа бас тие салысымен ұйқыға кетті.

Қанат үшін атасы екеуі әзірлеген Келіншектаудың сұлбасын Елбасыға қалайда тапсыру басты міндет, ата аманаты болды.

Созақтың қиыр түкпірінен Астанаға бет алған Қанат поездың терезесінен қос қапталдағы сайын даланың дөңгелене жүгірген алабынан көз айырмай қараумен болды.

Таңертең «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан түскен Қанатты ағасы Нұрбақыт күтіп алды.

Ажарлы да алып, ару Астана келбетін үйдегі теледидардан көрген бір басқа да, шынайы көзбен көрген бір басқа екен.

«Бәйтерек», «Тәуелсіздік» тұғыры, «Хан шатыры» «ЭКСПО» ғимараттары, стадион сияқты Астананың көрікті жерлерін күні бойы аралаған Қанат әркезде ұмытпай Елбасыға деген сыйлығы салынған қол сөмкесін сыртынан бір сипап қойды.

Ағасы екеуі Тұңғыш Президент мұражайына кіре бергенде қарсы алдыларынан Елбасының жарқыраған нұрлы бейнесі жарқ ете қалды. Қандай ниеттестік десеңізші! Ауылдан шыққалы бергі арманы орындалғанына ол шын қуанышты еді. Дереу қол сөмкесіндегі сыйлығын ала сала күлімдеп қарсы алдында тұрған Елбасыға ұсынып тұрып:

-Құрметті Нұрсұлтан ата! Бұл біздің сынып оқушылары атынан атам екеуіміздің бірнеше ай дайындап жүрген сыйлығымыз. Астана қаласы сіздің төл тума қолтаңбаңыз болса, бұл «Келіншектау» сұлбасы атам екеуіміздің сізге деген адал пейілінен туған қолтаңба. Шын ниетпен ұсынамыз!-деді.

Елбасы да Қанаттың келетінін білгендей мұның қолына әдемі алтынмен әптелген тобылғы сапты, тоғыз өрмелі қамшыны ұстата берді....

Қанат ұйқысынан көтеріңкі көңілмен оянды. Әлгінде ғана көрген түсі өзіне өңінде болған қызықты сәттей көрінді.

Артынша асығыс-үсігіс Елбасы берген алтынмен апталған тобылғы сапты қамшысын іздеп жастығы мен көрпесін ақтара берді.

-Балам тұрдың ба? Әлгінде мектептен тәлімгер ағайың Құрышбек сені іздеп келіп кетті. Әлде бір байқау болады, соған сені қатысады деді ме?-деп әжесі ши үстіне жайған құртарын жинап жүріп әңгімесін сиырқұйымшықтандырып тындырды.

-Әрине қатысамын. Атамның аманаты ғой!-деп қуанған Қанат әжесі әзірлеген шайға да қарамай асығыс киінді де мектебіне қарай жүгіре жөнелді.

Арада апта өткенде Қанат тәлімгер ұстазы мен Астанаға бет алды.

«Асқақ арман алдамайды, шынайы көрген түс жақсылыққа жорылады» деген әжесінің ақжарма тілегінен қуат алған Қанат Елбасы қолынан тобылғы сапты, алтынмен зерленген тоғыз өрмелі қамшыны алатынына сенімді еді.

Елнұры Жеңіс,

«Тұран» университеті журналистика факультетінің 3 курс студенті



Бөлісу: