"Аман-есен жүргеніңе шүкір де!"

"Аман-есен жүргеніңе шүкір де!"
жеке
блог

Сәлем, Массагет!!! Қалайсыздар?  Көрінбей кетті ғой деп жатқан боларсыздар) Бармын, бармын! Осындамын) Жалпы блог (әлжуаз әңгімелерімді)  жазбағаныма біраз болыпты... Бәріңізге Ақтаудан жалынды сәлем!..

 

 

  Күйбең тіршіліктің қамымен көп нәрсеге мән бере бермейтініміз рас. Барды бағалай білуді де ұмытып кетіп жатамыз. Әсіресе, денсаулығымызға көңіл бөле бермейміз. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ».  Бірде дәрігердің:  «Соңғы шыққан айфон деген сияқтыларды алуға құмарсыңдар, сол соңғы шыққан үлгіні аңдығандай, денсаулықтарыңызға қарасаңыз қандай керемет болар еді» деген сөздерін құлағым шалды.  «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде » дейді ғой. Әрине, бұның бәрін, айтуға (жазуға) оңай, бірақ шын мәнісінде басымызға түспейінше біз түсіне бермейміз. Ойламаған жерден, аяғыңызды не қолыңызды ауыртып алсаңыз, еңбекке жарамсыз адам болып шыға келесіз (ондайдан құдай сақтасын, әрине). Сонда ғана, былай істер ма едім, деп өкінген боларсыз.  Бұл жай мысал ғана. Расында, дәл қазір, деніңіз сау, екі көзіңіз мөлтілдеп осы жазбаны оқып отырған болсаңыз, онда бұл - керемет)). Бүгінімізге шүкірлік етуді ұмытпайық. Өзімнің түйгенім, адам баласы өз басына түспейінше, ештеңенің қадірін ұғына бермейді екен... «Денсаулықтың қадірін, Ауырғанда білерсің... Аяқ-қолдың қадірін, Ақсағанда білерсің...»  

Мына өлең қатты ұнап қалды. ( Бөліскімкевотр сіздермен :)) Ауторы да мен емес) Мархабат!

Таудан биік секілденіп талғамың,
Ардан биік секілденіп арманың.
Пенделікпен ұмытасың тәубеңді,
Сынағына шыдай алмай Алланың.

Ай мен күнге өптіргенге шекеңді,
Көлгірсисің көрмедім деп шетелді.
Тәубеңе кел, шетел түгіл зағиптар,
Көре алмайды өзі туған мекенді.

Қошемет те көрмесеңіз несі бар,
Бар жағдайды ақылменен шешіп ал.
Жылы сөзді естімеген кезіңде,
Керең болып туғандарды есіңе ал.

Тәубеңе кел пенде болсаң есі бар,
Сабырсыздар қадірсіз боп тосылар.
Дүниеге қолың жетпей қалғанда,
Қос қолы жоқ пенделерді есіңе ал.

Бақыт мәңгі тұрсын десең басыңда,
Қанағат қыл, ашуланба, тасынба.
Көлігім жоқ деп ренжуің бекерлік,
Аяғы жоқ адамдардың қасында.

Топ алдында төрге озғың кеп төтеден,
Тым болмаса айтпадым деп екі өлең.
Ақын болып тумадым деп налисың,
Мылқау болып туғаныңда не етер ең?

Әркім айтқан құлақ түріп пікірге,
Бой ұрасың бейберекет күпірге.
Тау мен тасқа соға бермей басыңды,
Аман-есен жүргеніңе шүкір де.