Амал мерекесі. Батыс Қазақстандықтар үшін көрісу күні, яғни адамдар бір-бірімен қол алысып, төс қағысып, құшақтасып амандасады. Үйде таңертең әркім өз тірлігімен айналысып, біріміз сабаққа, біріміз жұмысқа асығып анамның құйған бір кесе шайына да қарамай, шығып кететінбіз. Бүгінгі таңды ерекше қарсы алдық. Отбасы мүшелері төрт көзіміз түгел жиналып, дастархан басында жақсы лебіздер айтып, күліп-ойнап, көңілденіп отырып анамның ертемен біз үшін пісірген «наурыз көжесін» іштік. Түстен кейін сабақтан соң ата-әжемізге көрісіп бардық. Ақ дастархан жиегінде әр түрлі әңгімелер сабақтасуда. Мен де көкейімдегі сауалымды ортаға салып: «Көрісу салты қай кезден бастау алған? Тарихы қалай екен?» дедім. Атамның інісі жауап берді. Бұл бізге Еуропа халқынан келген болса керек. Анық уақытын білмедім. Сонау б.з.б. адамдар жерін не мүлкін жалға бергенде жазу-сызу болмағандықтан, қазіргі келісімшарт есебінде жыл сайын бір күні өзінің аман-саулығын білдіріп, «Осы жылды аяқтадым. Қарызым жоқ. Келесі жылға да аламын» деп мүлік иесіне келіп қол алысып, төс қағысатын болған. Бұл күн бұрынғы күнтізбе бойынша жылдың басы болып саналатын 1 наурыз, арабтардың жыл санауы бойынша 13 күн ығыстырылып, біздің жыл санауымызда 14 наурыз күніне сәйкес келген екен. Алғашында бұл жайт туралы оқыған шығармаларымның ешқайсысында кездеспейтін көрісу салты қай кезден бастау алды екен деп ой толғадым. «Абай жолы» романында барлық дәстүр кездеседі де, көрісу күні туралы айтылмайды. Сөйтсем, Семей өңірінде, Солтүстік, Оңтүстік өлкелерінде қазір де жоқ екен ғой. Тек қана Батыс Қазақстан жерінде тойланатын ғұрыпқа басқа жақтың қазақтары күледі. Ал енді мұның себебін сұрағанымда, мынадай жауап алдым: біз теңіз жағалауында тұрғандықтан Еуропа халықтары басқа өлкеге қарағанда Батысқа сауда ісімен, т.с.с. көбірек келген. Сондықтан Еуропа арқылы тек бізге жеткен көрінеді...
14.03.2012.
Пы.Сы.: Әлеуметтік желілерде авторы белгісіз мына бір шумақтар жүруші еді, сіздерге жолдап жіберейін, Батыстықтар!
Құтты болсын бір жасың,
Жаңа жылың жыл басың.
Алмасам да қолыңды,
Көрісті деп ойларсың.