АЛЫНБАҒАН СЫЙЛЫҚ...

Жақын адамдарыңа сыйлық алудан өткен рақат жоқ шығар, әлде маған ғана солай ма?! Жә, мәселе онда емес... Дүниеге ұл болып келуін өзім іштей тілеген әрі ата-анасына да келесі перзенттерінің ұл болуын ырым етіп, жоралғы жасаған бауырымның ұлына арнайылап сыйлық  іздедім. Әдетте, жазда туылған балаға жаздық киімдер сыйлап жатады. Өз басымнан өткен, маусымда дүниеге келген баламның киім сөресінде футболка мен шортидан көп нәрсе болмайтын. Сондықтан туған күні жаздың ыстық күндерімен тұспа-тұс келетін кішкентай бауырыма ондай жеңіл-желпі нәрсе алғым келмеді әрі сыйлығымның ерекше болғанын қаладым. Жиегін оюмен өрнектеген аппақ немесе ашық түсті ұлттық киім алуды жөн көрдім. Оюмен көмкерілген баскиімі, белдігі, балағында әдемі оюы бар шалбары, жейдесі... Тіпті сүйкімді бауырымды ойша «киіндіріп» те қойдым.

Алдымен «Сымбат» сән үйіне бардым. Өрекпіген көңілім су сепкендей басылды. Қою көк, қою жасыл, қою күрең түсті киімдер. Оюлары тым өрескел, баланың киімінен гөрі алаша мен сырмаққа қолайлылау келеді. Ал ақ түсті  әдемі жұқа матадан тігілген ұлттық киімнің оюлары тым қарабайыр әрі тым үлкен. Әр жеріне қызылды-жасылды арзанқол тастар тағылыпты. Баскиімі дулыға пішіндес, ал оның желке тұсындағы желегі қатты матадан тігілген. Мұның 1-2 жасар балаға «ұнамайтыны» (ыңғайсыз, «кигісі» келмейді) анық. Жейденің кеудесі де қатты матадан әрі өте ыңғайсыз етіп тігілген... Ал бағасы... Сапалы болса бағасына қарамайсың ғой. Қысқасы, бағасын білгенде қазақ болғың келмей кетеді...

Сән үйінің жайы мынадай болғанда, базарды сөз етіп керек емес. Ең арзан, ең сапасыз мақпалдан тігілген ұлттық киімдердің тігісі қалай болса, солай. Мұнда да қою түстер басым. Баскиімі тәуір болса, жейдесінде олқылық, жейдесі көрімдеуінің шалбары сұрықсыз. Кіп-кішкентай киімнің оюы «добалдай». Сонымен не керек, салым суға кетіп кері қайттым. Менің басқа ұлттық киімдер тігетін сән үйлеріне баруға уақытым тым тығыз болды. Мұндай қиыншылыққа тап болатынымды білгенде мата таңдап, арнайы тапсырыс берер едім... Арнайы тапсырыспен дайындалатынын «сымбаттағылар» да айтты. Сонда базарда толып тұрғаны бар, өздеріндегі дайыны бар – еңсеңді езетін, бойыңды басып тастайтын қап-қара, қою көк түсті сапасыз матадан тігіліп, алашаның оюы салынған сұрықсыз ұлттық киімді кім алады? Кімге керек? Бала алғашқы қадамын неге қою түсті киім киіп бастауы керек?

...Ал кішкентай томпақ бауырыма түбінде бір ұлттық киім сыйлаймын. Тек арнайы тапсырыспен!

 

 



Бөлісу: