«Алтын домбыра» айтысындағы әділетсіздіктер...
Күні кеше Алматы төрінде «Алтын домбыра» Республикалық ақындар айтысы өткені баршамызға мәлім. Айтысты тамашалап келген жұртшылық ақтық сыннан кейін қазылар туралаған шешімге қарсылық танытып жатты. Бір тарап әділ-қазылармен толық келісіп, жүлде иесін құттықтасты. Енді осы бір арада орын алған әділетсіздіктердің бас-аяғын түгендеп көрсек....
Аталмыш айтысқа барлық өңірден жалпы саны 20 ақын қатысты. 3-қарашада өткен осы іріктеу кезеңінен үздік деп табылған 12 ақын ақтық сынға жолдама алды. 4-күні олар келесі ретпен өнер көрсетті:
1.Мейірбек Сұлтанхан – Өміржан Көпбосынов
2.Серікзат Дүйсенғазин – Мұхтар Ниязов
3.Еркебұлан Қайназаров – Қалижан Білдашев
4.Аспанбек Шұғатаев – Болатбек Оразбаев
5.Рүстем Қайыртай – Ержан
6.Жансая Мусина – Иран-Ғайып Күзенбаев
Ақтық сында ұпай сандары бойына тең түскен 4 ақын 3-ші айналымға шығып, бақтарын сынады:
1.Серікзат Дүйсенғазин – Болатбек Оразбаев
2.Мұхтар Ниязов - Жансая Мусина
Сонымен не керек, алтын домбыраның Мұхтар Ниязовқа берілуін дүйім жұрт әділетсіздікке балап біраз шу шығарды. Яғни, Алматылық көрермендердің көзқарасына сүйенсек, Алтын домбыраны Албан жұртының баласы, Оразалы ақынның шәкірті, Алматылық – Болатбек Оразбеков алуы керек еді. Қазылар алқасында отырған Мұхамеджан Тазабеков, Аманжол Әлтаев, Бауыржан Халиолла, Дәулеткерей Кәпұлы сынды аты алты алашқа мәлім болған ақындар әділетсіздік танытты. Бірақ халық аты аталған осы ақындардың өз уақытында қандай белестер мен биіктерден көрініп, айтыстың ақтаңгерлері атанғандарын ұмытты-ау, сірә. Сөз өнерінің, айтыс өнерінің қадірі мен қыр сырын тыңдарман қауымға қарағанда жетік білетін азаматтардың қабылдаған шешімін дұрыс емес деу қаншалықты дұрыс деп ойлайсыздар? Айтыстың феномені атанған Тараздық - Мұхамеджан Тазабеков. Ол кісінің сөз саптауы, ойы, тапқырлығы аңызға айналған еді. Ал Арқаның атынан шығып айтыс сахнасында өте әдепті, биязы өнер көрсететін, Арқаның сал-серілерінің тұяғына баланатын – Аманжол Әлтаев ше? Ол кісіден асып айтысып, көлік мінген ақын әлі жоқ. Аманжол айтыста 35-тей автокөлік жеңіп алған азулы ақын еді. Ал шындықты шырылдата айтып, қазылардың да ұйымдастырушылардың да ырқына бағынбайтын дуалы ауыз – Бауыржан Халиолла сөз қадірін түсінбей ақындарға әділетсіздік танытты дегенге кім сенеді? Шығыстың шыңға біткен шынарындай Дәулекерей Кәпұлы да айтыс аламанында желгенде алдына ақын салмайтын жүйрік еді ғой. Осы аталмыш айтыскерлер өнер көрсетіп, айтыс сахнасында жарқ-жұрқ еткендеріне куәгер халық өздеріңізсіздер. Бәрі де бір-бір алтын домбыраға лайық жандар. Аламан алаңында ыстықты да суықты да көріп, айтқан сөзі атылған оқтай болған ақындардың қазылығын айтысты көріп тамашалағаннан аспайтын халықтың сынап-мінегені орынды ма? Алтынына балаған ақындарды еткен төреліктері үшін жерден алып жерге салатындай не көрінді? Міне, бір әділетсіздік! Айтыстың алыптарын жерге таптап кеттіңдер... Әділетсіздік демей немене?
Көрермендер «Болатбек» деп қиқулатты, «Болатбек» деп бәрін таптауға дайын еді... Бірақ осыдан бір жыл бұрын Болатбек ақын мен сүйікті ақындарыңыз Ринат сөз қағыстырғанда бәріңіз кері пікір танытқан едіңіздер ғой. Ринат, Ринат деп шулаған дауыстар әлі есімде. Иә, Бөкеңді бәрі Ораз ақынның тұяғы, шәкірті деп төбелеріне көтереді, бағалайды. Дегенмен сол бір айтыста Болатбекті Ринат Заитов шәкірттік атаққа малданып кеттің, Ораздың шәкірті тек сен ғана емес, бәріміз де Ораздың көзін көріп, қолын ұстап, керек десең тең жүріп, тел өскен едік деп сөзден біраз ұтқан еді. Шынымен де, айтыстың алхимигі Оразалының ойсырап қалған орны бар, дегенмен Болатбек Оразалы емес, рулас, жерлес шығар, бір көріп, екі сабағын алған шығар, бірақ ол өз алдына бір ақын, Болатбек ақын. Енді сол Оразалы Досбосыновтың шәкірті болғаны үшін сахнада тұрған қалған қатысушы 19 ақын, бүгінгі айтыстың әкесі – Жүрсін Ерман, қазылық еткен 6 азамат пен ел ағалары, қала әкімі – Бауыржан Байбекке құрметсіздік танытып, дабыра жасап, айғай-шу тудыратындай не болды? Иә, бір ақын үшін қызбалыққа салынған болар, бірақ біздің ең үздік деген ақындарымыз бар, ұлт жанашырлары бар, бәрі сонда кім болғаны? Сахнадағы қоқыс па? Сөзіне құлақ асып, айтқанына тоқтала алмайтындай... Осы азаматтар болмаса бір Болатбек Оразбаевпен айтыс өтер ме еді? Атадан қалған әдебің қайда, үлкенге құрметің қайда? Сыйың қайда? Атам заманнан тақсырға даты барлар жапа-тармағай сөз жарыстырған емес, бір рет датын айтатын еді, бәрінің атынан бір дат айтылатын еді, бір сөзге тоқталатын еді... Билік еткенге, төрелік танытқанға білегін сыбағанды қайдан шығардық... Мен үшін, билікке сый көрсете алмау да әділетсіз... Сыйға лайық еді ғой...
Әр адамның өз пікірі бар, мен айтайын, сен айт, ол таңдасын, сонда не болады? 3 мың адам 3 мың түрлі пікірде, сонда біз не үшін сол қазыларды тағайындадық? Өтірік емес, жершілдік, рушылдық үлкен көрініс тапты. Өте қатты көрінді... Елбасы елінің басын құрай алмай жатса бұл жақта бөлініп әлек. Жарайды, бөлін, өз жеріңнің ұланын қызғыштай қоры, бірақ қонағың бар, қонақ ақындарың бар... Қаймана қазақ қонақты сыйлайтын еді.... Қонақ алдында ішкі ым-жымдарын білдірмей қабақты түймей, соңғы талғажауы болса да ұсынып, Құдайдай құрметтейтін еді... Нағашым албан, туған жерім Алматы болса да ұялдым, осы үшін қос бетім қызарды... Алматылық алқа жұрт, мұның әділетті ме еді?
Ал ақындар «асханасында» жүргенде естігенімді айтайын. Барлық ақын, бәрі осы тұста Мұхтар Ниязовтың көрсеткен өнерін қатты бағалады. Тіпті сахнада еш шегініп, іркілмей жүрген Жансая ақын да «Мұхтар 3 айналым болсын, 5 айналым болсын шаршамайды, ойы өте жүйрік, сөзге сақ» деп таңданысын жасыра алмады. Ақындар бір ауыздан арамыздағы нағыз бабында тұрған, үздік атағына лайық деп ұйғарып, тіпті ойланбастан бас жүлденің Мұхтар Ниязовқа берілуі керектігін тілге тиек етті. Сонда жалпы осы айтыста қарсыластай саналған 19 ақын алтын домбыраға лайық десе, өз шамаларымен салыстырып ұйғарса, неге сол жүлде өз иесін тапты деп қуанбасқа? Айтыс деңгейіне ақындардан асып біз қалай баға бере аламыз?
Болатбек ақынға жаулығым да, қастығым да жоқ. сәлемім түзу. Алған 1-орыны үшін де күндемеймін, керісінше мерейі үстем болсын, хайырлы болсын деп тілек білдіремін. Ол кісі де жұртшылықтан мұндай интрига күтпеген шығар, әркімнің шамасы өзіне мәлім ғой. Дегенмен 1-орынға лайық ақын, дауым жоқ. айтпақшы, Мұхтар Ниязовты сәләфит деп бір толқыдыңыздар. Неге? Өз аузынан естідіңіздер ме, көзбен көрдіңіздер ме? Сізді орыс, ананы еврей, басқаны буддист деп қалың қазағымды кезекпен тілдесек жақсы ма? Сондағы Мұхтар ақынның асыл дінімізден хабардар боп, радикалдылықтан аулақ болуға шақырып, бар мәселенің ақ-қарасын ажыратып бергені сұмдық па? Мұсылмандықта бір шарт бар, егер бір мұсылман себепсіз келесі мұсылманды дінсіз немесе адасқан деп айыптаса, сол мезетте айыптаушының өзі діннен шығып кетеді. Яғни біз өзіміздің діндес бауырларымызды себепсіз қиыспас айыпқа қиюымызға құқығымыз жоқ. Солай айтқан күнде, ойлаған күнде, қайтадан калимамызды айтып дінді қабылдауымыз керек. Ғалым, пәтуашы болмаған соң сөз төркінін түсіндіре де алмаспын... Дей тұрғанмен мін таба алмай «адасқан, сәлефит» деп күйе жағу қай жағынан болсын білімнің саяздығынна шығар... Әйтпесе кім өз бауырын жамандыққа қияды. Әсіресе дүйім жұрт алдында керемет өнер көрсетіп, Жаратқанның берген дарынын паш еткен кезде, қайтарған жауаптарыңыз осы болды ма? Енді мұны кім әділетті десін?
Сонымен сіздер айтпақшы Болатбек ақынға әділетсіздік жасалса, мен үшін 19 ақын, 6 төреші, Жүрсін Ерман, әкім Бауыржан Байбекке әділетсіздік жасалды. Себебі сыйсыздық кімнің болсын көңілін жабырқатып, еңсесін түсіреді. Жер-жерден домбырасын арқалап келген ақындарға құрмет көрсетілмесе, әкіміміздің айтылған сөзі тыңдалмаса, қазыларды «аферисттердей» балағаттаса, одан өткен әділетсіздік бар ма? Әсіресе өнеріне лайық жүлдесін қанжығалаған Мұхтар Ниязовқа қырын қарап, елемеу үлкен қиянат іспеттес, мен үшін! Дұрыс түсініңіздер, мен Мұхтар ақынды жақтайтындай жершілдігім жоқ, себебі Қызылордалық емеспін, туған, тұрған топырағым Алматы, әкем Қарағандылық. Тым болмаса нағашым да емес, нағашы жұртым албан. Таныстығым болмаса достығым да жоқ, тіпті дастархандас та болмаппын. Керісінше марқұм Оразалы ақын шәйін ішіп, төрінде талай жастық таянған шаңырақтың қызымын. Негізі осы айтыста Еркебұлан Қайназаров, Рүстем Қайыртай, Мақсат Аханов сынды ағаларға жанкүйер болып, Мейірбек Сұлтанхан, Ершат Кайболдиндай достарымның тілеуін тіледім. Жансая Мусинаның өнерін ерекше бағалаймын, қызығамын. Жалпы қай өңірдің болсын, қай жастағы болсын барлық айтыскер ақындарды жеке дара болмыстары, өнерлері үшін бағалауға тырысамын. Осындай ұшы қиыры жоқ пікір айтатындай кім десеңіздер, ешкіммін, шынында... Мен бар болғаны бір жылдағы 12 айда 8-12 айтысқа барып айтыс көріп, ақындармен тілдесіп, шамам келсе шашбауларын көтеріп, өтініштерін орындап, айтыстар жайлы ақпараттар жинап, өзінше аудио, фото, видео архиві бар қазақтың кішкентай ғана қарапайым қызымын. Бар шындығым, қазақтың ұлттық өнерін қатты жақсы көремін, оның сондық қастерлі екендігін түсінемін. Ал сол өнердің боздақтары – айтыскер ақындар бір тұтас ұлы өнерімізді ұлықтап, баршамызға жеткізіп жүрген азаматтар. Әрқайсысы артық, бәрі керемет... Бір пайдасы жоқ бос өсекке толы, жігерсіздердің отырып алып айта беретін, айта беретін әлеуметтік желіде ұлы ұлтымның ұлттық өнерін, ұлағатты ұрпақтары – ақындарымды табалай берулеріңізді қойсаңыздар! Бір телефон нөмірін жаттай алмайтын, 4 жол өлеңнің басын құрай алмайтын, сахнада 1 сөйлем сөйлей алмайтын, тіпті домбыра да шерте білмейтін кейбір кісілер ақындарды сынайды. Әділетті ме? Мүмкін сондай әділетсіздіктерді әділетсіздік деп айтуым да әділеттілікке жатпайтын шығар, білмеймін... Айыпқа бұйырмаңыздар! Бәріңізді жақсы көремін!