Еліміз егемендік алған уақыттан бері арада қаншама уақыт өтті. Қазір «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманда өмір сүрудеміз. Дегенмен, кей кездері отаршылдықтан құтылсақ та көптеген дүниелердің еш өзгеріссіз қалағандығына әттең-ай деп жататынымыз бар.
Мәселе қазақ тілінің қазіргі жағдайынан басталары анық. Баяндаманың басын бірауыз қазақшамен бастап, соңында бірауыз қазақшамен бітіретін жандарға да көзіміз үйренісіп кеткені қай заман?! Әлихан Бөкейхановтың «Қазақтардың басын қоспай, қазақ қазақ болмайды» деген сөзі дәл айтылғандай. Қейбір қандастарымыздың өзі- өз тіліне жаны ашымай тұрғанда басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілінің болашағына бас ауыртпасы анық. Айтпағым, тіл жайында емес, азаматтық жайында. Осы орайда, азаматтықтың қазақ тіліне қандай қатысы бар деген сұрақ туындауы да мүмкін. Елімізге жыл сайын шет елден қаншама азаматтар келіп жатыр. Оған себеп- мамандардың жетіспеушілігі. Арнайы шақыртумен елімізге келген өзге ұлт өкілдерінің қазақ елінің азаматтығын алуы көп уақытты алмайтыны рас.
Осы сөздеріме дәлел ретінде Есенгүл Кәпқызының «Қай елдің азаматысыз?» мақаласын да айта кеткенім жөн шығар. Азаматтық туралы мақала 2005 жылы жарияланған екен. Бірақ, арада 14 жыл өтсе де көптеген дүниелер өзгеріссіз қалып, керісінше, әттеген-ай дейтін жағдайлар көптеп кеткен тәрізді. 14 жыл бұрын да, қазіргі таңда да көптеген бағдарламалармен шет елге қандастарымыз кетіп жатыр. Әрине, шет елде білім алып жатқандары мақтанарлық дүние. Бірақ Қазақстанға қайтып оралмайтындарының саны да алаңдатады. Жалақының көптігі, еңбектің бағалануы, Америка секілді елдер «Маған кел» өзіне шақырып тұрғандай көрінеді.
Бір қызығы, Америка елінің азаматтылығын алу үшін сол елде 10 жыл тұрақтауың қажет. Тек ол ғана емес ағылшын тілін жетік меңгеріп, сол тілде тапсырылған емтиханнан сәтті өткен жағдайда ғана, сол елдің азаматтығын ала аласың.
Бүгінде Республика халқының саны – 16 196 800 адам. Өзге ұлт өкілдерінің саны 140. Осы орайда өзге ұлт өкілдері еліміздің азаматтығын қалай алады деген сұрақ туындайды. Еліміздің азаматтығын алу өте оңай. 5 жыл көлемінде Қазақстанда тұру, одан бөлек қазақтың қызын өзіне жар ету немесе қазақ жігітке тұрмысқа шығу. Бар болғаны осы. Ешқандай қазақ тіліндегі емтиханды қажет етпейді. Міне осыдан барып, сөз басында айтып өткен қазақ тілінің жағдайына тақырып қайта ауысады. Осындай жағдайлардан соң, ел болашағына расымен де алаңдайсың.
Өзге елге оқумен, жұмыспен кеткен бауырларымыз елге қайта оралмай жатқанда, өзге ұлт өкілдері еш емтихансыз, қазақ тілін меңгермей-ақ оған қоса қандастарымызға үйленіп-ақ, Қазақстан Республикасының азаматтығын алып жатыр. Әділеттілік қайда, заң неге әлсіз?! Меніңше, азаматтық алу заңына өзгерту енгізу қажет. Оған қоса, мамандар аз екен деп өзге ұлт өкілдерін елге шақырғанша, қандас қазақтарға ғана азаматтық беру қажет.