АЛТЫБАҚАН
блог
Алтыбақан – ойын емес, ойынға тән ереже жоқ. Бірақ 7 сырықтан тұратын атрибуты бар. Демек, бұл әлдебір ежелгі жоралғының (ритуал) тетігі болғаны...
Жалпы, алты бақанды тігінен үш-үштен бастарын байлау мен жетіншісін олардың бастарын қосуға пайдалануда үлкен космогониялық таным жатыр. Бұл рәсімде ежелгі ғаламның пайда болу құбылысы орын тапқандай, бізге жеткен әфсаналар бойынша алты күн ішінде жеті планета жаралды емес пе?! Ендеше, алты бақанымыз – ғаламның жасампаз алты күні де, сырық санының жетеу болуы – әуелгі жеті планета құрметіне деген нышан. Көлденең тартылған жетінші сырық – Күннің белгісі, ол сәулесімен Күн жүйесін жарықтандырып, біріктіріп тұрады. Ал, бұларға бекітілген әлпеншек (әткеншек - маятник) Тәңір-Іңір дуализмінің үйлесімін паш етуге арналған қондырғы емес пе?! Тәжіктер секілді, жылына бір рет келетін мерекесінде кәрейлер де қыздарын әлпеншек тептіретін салты бар. Алайда, бұлардың алтыбақандық атрибуты кездеспейді.
Оның үстіне, қазақтарда Алтыбақанды күн батуға дейін құрып бітіреді де, оны тебу салтанатын күн батқан соң бастап, таң атқанша жалғастыру рәсімі бар. Бұл дегеніміз – Жұт (табиғи тапырық - хаос) пен Жаманаттың, Түнектің киесі болып табылатын Іңірге ырық бермеу ниетінің көрінісі, әрекеті, ырымы! Және де кәзіргідей оны күндіз бала-шаға ермек етіп, әлпеншекке айналдырмаған, Алтыбақан тебу рәсімі ұлы Үйлесім бастамасы ретінде, қатал сақталған. Ендеше алтыбақан – Наурыздың таңды қарсы алу ғұрпының бір атрибуты. Қыз бен жігіттің тербелуі – Күн мен Айдың үйлесімін паш ету, Тәңір мен Іңір таласын болдырмау. Жалпы, жер бетіндегі әлпеншек біткен өзінің негізін Алтыбақаннан алды деуге негіз бар. Өйткені, барлық ойынға негіз болған сенім идеологиясы мен оның жлоралғысы. Ежелгі замандарда ешкім өнертапқыштықпен айналыспаған, оған діни, сенім мен нанымдар ғана түрткі болып жол ашқан.