Алты күннің азабы

«Құтты болсын! Сіздің аяғыңыз ауыр...» Әдемі толықсыған дәрігер әйелдің арғы сөзін ОЛ шала естіді. Барлық ойлар миын жаулап алып, жан-жақтан, әр түкпірден жұлмалап жатқандай сезілді ОҒАН. ««Шақшадай басы шарадай болды» деген осы екен ғой?!» деп ойлады да, әрең жымиды.  Бірақ, артқа қайтар жол жоқ екені де белгілі. ОЛ өзінің шынайы жағдайын, сәбиді алып қала алмайтынын, жігітінің бұл хабарға қуана қоймайтынында жақсы білді. Сезімі алдамады да, жаңалықты ести салған «жігітсымағы» орнынан су шыққандай ыршып тұрып, безек қақты. «Алдырт...» ОНЫҢ бар естігені сол болды...

Ертеңіне дәрігермен келісіп, баланы алдыртпақ болды. «Аптаның соңында сізді күтеміз» деп хатшы қыз күлімдей қарады. Қыздың күлкісінен ОНЫҢ жүрегі мұздап кетті. «Несіне мәз?! Әлде мені мазақ еткені ме?!...»

1 күн: Орнынан әлсіреп тұрды. Анасына сездіртпейін деп үйінен шығып кетті. Көшені кезіп жүргеніне 3 сағаттай болды. Қайда бармақ? Кімге қажет? Не істемек? Қоңыр көздері аялдамадағы сәбилі жас әйелге түсті. Баланың таза, пәк күлкісін құмарлана естіді, ести бергісі келді. Іші жылып сала берді. «МАМА...» ОЛ селк етті. Қасынан төрт жасар ұл бала анасына қарай жүгіріп бара жатыр екен. Көздерінен жастар домалап, әдемі иегіне қарай сырғып бара жатты. ОЛ аялдамадан біреуден қысылғандай жан-жағына жалт-жалт қарап қашып кетті.

2 күн: Анасының маңдайынан сүйген жылы лебінен оянды. Бір сәт анасына еркелегісі де келді. Бірақ, өзінің қазіргі жағдайы ОНЫ өз қалпына тез әкелді. Анасын бөлмеден шығарып жіберіп, қыстыға жылады. «Ақымақпын.. Анашым... Кешір мені...» Бүгінде үйінен таңғы ас ішпей шығып кетті. Тағы адамға толы сол қала... Ал ОЛ жалғыз. Көп жүргендіктен бе, басы айналып кетті. «Сүйіктісіне» хабарласты. «Менің қолым бос емес. Әпкем ауруханада»... «Неге?» деп те сұрап үлгірмеді, бар естігені «гу-гу-гу»... Тағы жас. Тағы күрсініс. Тағы амалсыздық. «Апта тезірек бітсе екен» деп қана тіледі ішінен ОЛ.

3 күн:  Үйден шыққысы келмеді. «Анашымның туыстарына кеткені қалай жақсы болды!» деп ойлады. Іші пісіп, теледидар қосты. Арналарды бірінен соң бірін ауыстырып отырып, «Балапан» арнасына көзі түсті. Кішкентай ботақандар теледидардан мультфильм көріп, мәз болуда. Бәрі шетінен сүп-сүйкімді, тәп-тәтті. Жүрек түбі шымырлап кетті. «О, Жаратқан ием, аясаң нетті? Қинамашы! Менде басқа шара жоқ...»

4 күн: Көршісінің есік қаққанынан оянып кетті. «Қалқам, мен бірер минутқа дүкенге барып келейін дегенмін. Кішкентайымды қарай тұрасың ба?» Келісті. Кішкентай балақайдың «тәтелеп» ары-бері жүгіргені көңілін көтерді. Келіп бетінен өпкені, қолынан ұстағаны, барлығы ерекше сүйкімді, қызық. Сәбиге қосылып, жүгірді, ойнады, тығылды. Сылқ-сылқ күлді. ОНЫҢ шынайы күлгені осы еді. «Бала деген жаман да емес қой. Менің бөбегімде ертең осылай шабысып жүрсе, қалай жақсы болар еді?!...»

5 күн: «Сүйіктісі» хабарласты. «Жаным, кешке бір жерге барайық. Мен сені сағынып кеттім» ОЛ телефонды баса салды. Кеше ғана өз ханзадасына балаған жігіт бүгін ол үшін аждаһадан да қорқынышты, жиіркенішті көрінді. «Махаббат деген таза сезім емес пе еді?! Махаббатты азғындауға біздің қандай хақымыз бар еді?! «Махаббат» деп пәк дүниені ластағанымыз күнә ғой?! Қалайша алдандым? Қалайша?» Көздері енді ғана көре бастағандай. Барлығы сұр түстей көрінген өмірдің шынайы бейнесін енді сезінгендей...

6 күн: «Сәлеметсіз бе?! Мен бүгінге жазылған едім. Мен баланы алдыртпайтын болдым. Ол МАҒАН қажет!» Телефонның ар жағындағы дауысты естімей, ол тұтқаны қоя салды. Арқасынан бір жүк түскендей, ӨЗІН жеңіл сезінді. Балаша айғайлап, қуанғысы келді. Ас үйдегі анасына жүгіріп барып, құшақтай алды. Анасы түк түсінбей мәз. ОЛ да мәз. «Өмірімде бұндай бақытты болған емеспін! МЕН БАҚЫТТЫМЫН!» Әрине, ол анасына барлығын айтады. Анасы оған ұрсар, ұрар, жаның да шығарары хақ. Бірақ, ОНЫҢ сәбиі тірі қалады. Сәбиі өмір көреді. «Менің анам» дейді. Барлығы болады, тек қана сену қажет.

P.S: Махаббат – адамзаттың басқа жандылардан айырмашылығы. Әрине, хайуандар ұрпақ жалғастырады, олардың өзіндік махаббаттары бар. Бірақ, біздер үшін «махаббаттың құдіреті» әлдеқайда биік, қасиетті, асыл сезім. Алдамшы дүниенің қызыл-жасылына мастанып, «МАХАББАТТАЙ» құдіреті бар дүниені қорлап жүргеніміз - адамзатқа күйе.

2009 жылы cтатистика бойынша, әлемде 30 миллион жасанды түсік жасалса, соның 300 мыңы Қазақстанға тиесілі. 2008 жылы 1.940.947 бала туылса, 1.230.000 жасанды түсік жасалған. Қолдағы мәліметтерге жүгінсек, Алматы қаласы бойынша жылына 17972 түсік жасалады екен. Солардың 80 пайызы махаббатты құштарлық сезімімен шатастырып, кері басқан жандар.

Жетімдер үйін толтырып не ПЕРІШТЕЛЕР қатарын көбейте бергенше, «нағыз бақытқа ие» бала жаның бағалай білейік. Бұл оқиға біреудің бетіне салық салу емес, ойлы адамға ой салу. Себебі, дүниеге келген әр сәби бақытты болу үшін жаралған.  



Бөлісу: