Алтайдың алтын тамыры - Ұлықбек Есдәулет
блог
Қазақ қашаннан поэзиялы халық. Қазақ поэзиясында өзіндік ерекшелігімен дараланатын дарынды ақындардың бірі, әрі алдында Алтайдың асқақ армандары қол бұлғап өлең өлкесінде өзіндік өрнегімен танымал болған ақындарымыздың бірі – Ұлықбек Есдәулетов.
Ақынның өлеңдерін сүйіп оқитын, әр сөзінен шабыт алатын оқырманының бірі менмін. Мектеп кезінен ізденіп, қызығушылығымды оятқан ақынның отты жырлары еді. Әуелде Алма Аманжолованың орындауындағы «Қара пима» әнін естіген болсам, кейіннен осы әнді жазуға себепкер болған Ұлықбек Есдәулеттің «Қара пима» поэмасын оқыдым. Өте керемет! Өмірден алынған ой қозғарлық оқиға. Оның шумақ-шумақ болып жеткізілуі де бір бөлек екен...
"Қара пима" – өмір шындығы. Заманның улы шындығын әшкерелеу үні. Иә, атышулы десе атышулы поэма. Себебі, поэманың көтерген басты тақырыбы - әке мен бала проблемасы, қазіргі заман.. Поэма негізінен екі бөлімнен тұрады. Поэманың басында алай-дүлей ақ боран, қарға көмілген ауыл, "көңілін ой күпті қылған" балаға кездесеміз. Поэмадағы мына сәттен бастап оқиға шиеленісе түседі.
"Достарым жүр қой далада,
Отырғанша үйде қамалып,
Кетем деп ертең қалаға,
Айтайын да жаңалық!..."
Киінбек еді...
- Отыр! - деп,
Әкесі тыйып тастады.
- Салып қой пешке отын! - деп,
Қалтасын қармай бастады
Қалтасынан ақша, сатарға дүние таба алмаған әке баласының пимасын қолтықтай шығады. Артынан жылап, жалаң аяқ жүгіріп шыққан балаға да қарамайды.
"Пимамды қалдыр, папалап ",-
Баласы қалмай жүгірді.
Шарт етіп шойын шапалақ,
Омбылап қарға жығылды.
Адам ағзасын улап алар "ащысуға" құмарлық әкені баладан, баланы әкеден айырады. Бұл поэманың көтерген тағы бір басты мәселесі – тәрбие. Осындай қиындығын арақпен жеңбек болған әке балаға қандай тәрбие бермек деген ойға қаласың. Поэмаға қайта оралсақ. Әкесі емделу орталығынан келіп, баласына қателігі үшін жаңа пима сыйламақшы болады. Сонда баласы:
Қолымен басып өкпені,
Баласы:
- Енді пиманың...
Қажеті маған жоқ... - деді.
Қараса... кеште баяғы...
Пиманы сатып ант ұрған...
Үсіген екі аяғы
Кесілген екен балтырдан!...
Өзегіңді өкініш өртейді. Мүмкін бұл әкеге қателігі үшін берілген жаза шығар?! Осы орайда Мұхтар Шахановтың:
Бір адамға байланысты,
Бір адамның болашағы,
- деген жолдары еріксіз ойыңа оралады екен. "Неге әке үшін бала жазалануы керек?" деген сұрақ та мазалары анық. Осындай заманның айықпас ауруын жырлауы ақынның азаматтық бет-бейнесін аша түседі десек қателеспес едік.
«Нағыз ақын қара топыраққа гүл бітіреді, қара тасқа тіл бітіреді» деген рас екен-ау. Сол нағыз ақын – Ұлықбек Есдәулетов десем жалған айтпағаным болар. Ақынның өлеңдерінің тақырыптары сан алуан: экология, маххаббат, адамдар мен тағдырлар, уақыт тақырыбы, табиғат саздары және т.б.
Ақынның жүрегі қашан да нәзік болатыны белгілі. Оны ақынның табиғат тақырыбына арнаған өлеңдерінен көруге болады. Мысалы, Арал теңізі мен Қара Ертіске арнаған өлең жолдарынан-ақ, көз алдымызда біртіндеп сұлулығынан да, тазалығынан да айырылып бара жатқандығын жырлағанын көреміз ? Арал теңізінен тараған тұздар мұздықтарды ерітті, даланың шөбін, егінді тұздандырды. Міне, осыған қамыққан Ұлықбек ақын:
Сенеміз бе?
Сенбейміз бе?
Қайтеміз?
Бүгін алшы неше түскен тәйкеміз.
- Аралым! - деп айқайлап кеп, күні ертең
деп жүрмейік "Арал деген қай теңіз?"
- деп жырлаған болатын. Ал «Қара Ертіс» деген өлеңінде:
Қара Ертіс, маған ай-күнсің,
Қарқара толқын айбынсың.
Қазаққа қазір айдынсың,
Қай күні бізден айнырсың,
Қай күні теріс ағар деп,
Қан жұтқан менің қайғымсың?!
Қара Ертіс – қара қайғымсың!
- деп толғанады.
Байқағанымыздай, Ұлықбек Есдәулетовтің шығармаларының әрқайсысының өзіндік зілдей салмағы мен ой саларлық мағынасы бар. Мен мысал еткен шумақтардың өзінен қоғамдағы барлық мәселесі көз алдыңа келгендей әсер қалады.
Ақын туған халқын таудай көтере отырып, ара-тұра ұлттың басындағы олқылықтарды, кемшіліктерді уытты тіл найзасымен түйреп-түйреп алады. Мен үшін де және ақынның өлеңдерінің негізі болып табылатын «халқы» үшін де «Ұлықбек жырлары – отты шығарма». Оның жан-жағын шарпып өтерлік өзіндік бір жалыны бар.
Сіздерге де Ұлықбек Есдәулет шығармаларын оқуға кеңес беремін. Оқып та жүрген шығарсыздар, бәлкім?!