Әлсіздік

Пыс-пыс етеді. Періште ұйықтап жатыр. Бөлме іші белгісіз елестерге толы. Шизофрения оларға жан бітіре түскендей. Әрқайсысы келіп, құлақ түбіне сыбырлайды. «Ол сені сүйеді», «Сен оны сүйесің», «Сендер бақыттысыңдар». «Лайым солай болсын» дейді ішінен күбірлеп, күбірлегені періштесін оятып алмайын дегені. Дүние құрып кетсе де оның ұйқысы аман қалуы керек. Бұл оның, балгердің ойы. Құлақ түбіне сыбырлаған жандардың әрқайсысын құшып құшақтағысы келді. Қарашығы қайда қараса сонда ілесе барады олары. Үрейі сәт сайын ұлы сезімге айналып бара жатқан балгер балконды ашты да темекісін тұтатты. Түтін. Мөлдір ауада сағымдай оратылып, кейде жоққа айналып, кейде қылаң беретін жандар түтін биін билейді. Жапонның қыздарына ұқсап бара жатады да, енді бірде жарқұстай сан мың көзді қауырсындарын жаяды. Бейне бір жындармен ойнақтаған болып балгер отыр. Болашағын болжап.

Бір жан айтады:

- Бәр өз уақытымен, бұл әдетіңді қой.

Балгер айтады:

- Бәрі өз қолыңда...

Түнгі дискуссия таңға жуық бітті. Бұл жеңді, ол жеңілді. Дуасын жалғап біраз үнсіз отырған соң екінші жан тіл қатты:

- Өзіңді бақытсыз ету де өз қолыңда.

Сөзсіз жеңілді. Екінші жан данагөй екен. Әлемнің ең тәтті ұйқысы – таң ұйқысы. Жеңілген жеңгенді мойындай құлады. Періште оянып кетіп, балгердің ұйқысырай сөйлеген сөздерін естіп жатты:

P.S. Бірінші жан:

- Сен оны қалай мойындаттың?

Екінші жан:

- Адамның бір ғана әлсіздігі бар – Оның естігісі келген сөзі – өзіне шындықтай көрінеді.



Бөлісу: