Алшынның жауаптары
блог
Алшынға сұрақтарды жібердім, еш өзгертусіз қаз қалпында салып отырмын Алшынның жауаптарын.
Өзіңізді кейде " жұлдыз" сезініп кетпейсіз ба?
Қай күніме бола өзімді жұлдыз сезіне қояр дейсіз. Ал кейде достарыма “мен ақынмын ғой” деп мақтанып, қалжыңдайтын кездерім болады. Кейде өзімді осылай жұбатпасам өзге артықшылығым да жоқ сияқты.
Эстафеталардың таяқшалары берілгесін неге жазбайсыз? Әлде өзіңізге ол қорлық болып санала ма?
Қарбаласпын десем бәрібір сенбейсіз. Ал шынымды айтсам, осы таяқшалардың кезегі өзіме келгенін білмей қаламын. Сондай сәттерде агентте ескертіп қойсаңыздар ғой. Оның несі қорлық болсын. Сұрақтардан, сыр бөлісуден қашқан емеспін.
Өкінішсіз өмір деген қандай өмір? Ол бар ма? Сүрер ме едіңіз таңдау берілсе?
Өкінішсіз өмір - Аллаға құлшылық. Оның өзінде де өкіншісіз өмір бар деп сенбеймін. Қанша тақуа болсаң да, тіпті болмашы күнәң үшін өкінетін боласың. ӨКІНІШТІСІ, ондай өмір сүріп жүрген жоқпын. Иманды ғұмыр кешуге тырысып келемін. Ал бірақ, өкінішсіз өмірді таңдауға тура келсе ғұмырым сан қайтара берілсе де сүрмес ем. Онсыз тіпті мағына да жоқ секілді ме қалай?!
Қолыңызға сиқырлы таяқша түсті. Мына өмірде нені өзгертер едіңіз?
Әр кім өзінде жоғын қалайды ғой. Алдымен шексіз байлыққа қол жеткізгім келеді. “Сыйқырлы таяқша берілсе байлық керек емес” дейтіндерге “Шексіз байлық берілсе, сыйқырлы таяқшаны сатып алар ма едің” деп сұрасаңыз алмас еді. Ал сосын, ақшаға сатып алуға болмайтын отбасымның амандығы.
Ең алғашқы еңбекақыңызды неше жасыңызда алдыңыз? Оны не нәрсеге жұмсадыңыз?
Ең алғашқы еңбекақымды осы сайтта жүріп алдым. Қайда кеткенін білмеймін. Ал ең алғашқы қаламақымды 10 жасымда алып, анама сыйлағанмын. Теңгеге сындырып есептегенде 180 теңге шамасында екен.
Қазіргі қазақ жастары яғни қазіргі заман , жаңа ғасыр жастары патриотпа өз елің жақсы жағынан таныта алама? калай ойлайсыздар ,осы сұрақтарыма ойларыңызбен бөліссеңіз
Қазақ жастары отаншыл, ұлт сүйгіш болып есеймесе, оған кінәлі кеңес одағының құлдық тәрбиесімен уланған үлкендер кінәлі. Жастар мынадай, жастар анадай деп кінәлайтын ақсақалдарға айтар уәжім де сол. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады. Ұрпағы орысша ғана сөйлейтін қаншама ақын-жазушы ақсақалдарды көрдік. Саналы ұрпақ тәрбиелей алмадың ба, ендеше кінәні өзіңнен ізде. Қазыр жастар құлдық санадан арылғанымен, Отансүйгіш қасиеттен жұрдай. Әрине, бір шыбықпен бәрін айдауға келмейді. Айтайын дегенім басым көпшілігі солай. Шетел асып оқып жатқан жастардың көбі ақшамен барады. Ал олар онда білім алмайды. Елге қуыс кеуде болып оралып жатыр. Ал шынайы білім қуып барған жастардың көбі сондағы жақсы жұмысқа қызығып қалып қояды. Ата-анадан ұлтты сүюдің шынайы тәрбиесін көрсе жат елде өлсе қала ма?! “Елге қайт, қазағыңа қызмет қыл” десе әке сөзін есті бала жерге тастай ма?! Бірақ бір сенерім - халқын сүйген өзіңдей замандастарым барда қазақ халқы ешқашан құрымайды. Келесі бір дәуір ұрпақтарын отансүгіш етіп тәрбиелей алсақ екен. Алла соған қуат берсін!
Массагеттегі қай блоггермен кездесіп, сұхбат алғың келеді?
Әттең, бұл жайлы ойланып көрмеппін. Бірақ, сұхбаттасқым келетін адамдар көп.
Осы күнге дейінгі ғұмырыңызда сағынышпен еске алып, “шіркін-айлап” қайтарғыңыз келіп тұратын жасыңыз қай жас? Мүмкін 18 әлде 25 шығар?
Өзім 25 темін. Мүмкін қайтарым алар жасым 6,12,18 шығар. “Қайта айналып келер ме, қайран жастық” деп өкінердей қартайып тұрған жоқпыз. Жас емес, кейбір сәттерімді, тағдырдың жазуымен айрылып қалған жақындарымды қайтарып алғым келеді. Бәрінен де балапанымнан баулыған марқұм атамды қайтарып алғым келеді. Бала кезімде, таң алдында жарықтықтың намаз оқып отырған кезінде, көзім жылтырап, тұлғасына көзім тоймай қарап жатушы ем. Атқа мінсе алдына алып отыратын. Сақалы мойнымнан, желкемнен қытықтап келе жататын. Әттең, сол бір кездерім қайта бір оралса ғой, шіркін!
Қазақ несімен қазақ?(Сіздің осы тақырыпта жеке ойыңызды, пікіріңізді білгім келеді.)
Қазақ - кешегі сал-серілердің асқақ, майда, сазды әндерімен, жүйке-жүйеңді балқытып, сай-сүйегіңді сырқыратып жіберердей қоңыр күйімен, жүрегіңді суырып алардай десті батырлығымен, Алты құрлыққа атының тұяғы жеткен тарихымен, Аспандағы құс тілін білетін бапкер, саятшылығымен, жүйелі сөзге тоқтайтын шешен, білмділігімен, таусылмас теңіздей өлең жырымен, тағы-тағылар. Айта берсең таусылар ма?! Қазақ осылармен қазақ. Ертеңге таусылмас жыр қып жүрер этнографиялық мәдениетімізді ұлықтай жүрсек екен.
Проза жазу үшін алдымен неден бастаған жөн?
Проза жазу үшін қазқтың қара сөзінің жілігін шағып, майын ішу керек сияқты. Біздің қазіргі прозашыларымыз тек жаңашылдық іздеп аласұрғанымызбен, сөзге жұтаңдық басым. Әсіресе жастар әдебиетінде. Ал өз басым прозашы емеспін ғой. Тек көңілге түйгенім осы. Ең алдымен көп оқу керек деп ойлаймын, өте көп оқу керек. Оқығанда жай ғана емес, көңілге түйіп, санаға құйып оқу керек.
Өміріңізде болған ең үлкен қорқыныш?
Қорқыныш көп болған шығар. Өмірде ештеңеден қорықпайтын адамнан қорқу керек дейді ғой. Өте қатты қорыққаным жайлы бір әңгіме бар еді ұзақтау болып тұр. Сонда да қысқартып айтайын. 7-8 жас кезімде көрші ауылдағы әжем үйіне бардым. Өзім нағашы атамның қолында өскем. Ата-анам қалада тұрады. Немере ағаммен ойынға беріліп, әбден кеш бата атамның ұрсатынын ойлап, қалай да қайту керек деп ойладым. Сайтан өзек дейтін өзек бар еді. Жаңбыр құйып тұр. Әбден қас қарайған. Әлгі өзектен өтерде астыма мінген Тортөбел бір бассайшы. Құлағын қайшылап, әлсін-әлсін үрке берді. Сонда да қамшылап, зорға келеміз. Әлден уақытта үлкен қара шинел киген біреу жолыға кетті. Жаяу кетіп барады екен. Қасына таяғанда “Ассалаумағаликумдеп” сәлем бердім. Менімен бір бағытта жаяу кетіп бара жатқан жолаушы, оның үстіне өзім қорқып келе жатқан соң мінгесіп алыңыз дедім. Атым үркесоқтап әлгіні мінгізбейді. Жаңбыр төпелеп тұрған тас қараңғы түнде бейтаныс жанның бет-бейнесін анық көре алмадым. Зорға мінгесіп келе жатырмыз. Әңгіме айтса екен деп қоям. Үнсіз келеді. Өзектен шыға бере “мен осында қаламын. Үйге жақын қалдым” деді. Ақсақалмен қоштасып бола бергенімде астымдағы атым бас бермей ала қашты. Сол құйындатқан беті ауылға бірақ кірдім. Айтқандай-ақ атам жолға қарап тұр екен. Иесін де танымаған жануар белдеуге кеп бірақ тоқтады. Артымнан ентігіп жеткен атам не болдылап, шырылдап жүр. Жолда кезіккен адам жайлы, Тортөбелдің содан қорыққанын жөнінде айтып бердім. Содан киімімді ауыстырып, тамақ та ішпестен төсекке бірақ құладым. Тәңертең оянсам, көрші молда ақсақал бар атам екеуі түндегі адам жайлы әңгімелепсіп отыр екен. Төсекте жатып естіген сол әңгімеден қатты қорықтым. Сөйтсем әлгі адам түсіп қалған жер иен дала, жақын маңда үй атаулы жоқ екен. Ойласам қазыр де қорқам. Әлде мені қорғап Сайтанөзектен өткізіп жіберген ғайыптың құдіреті шығар. Ит біліп пе?!
Ақын адамдар қыз-қырғынға жақын адамдар ғой. Ақындардан жалпы сенімді өмірлік жолдас шығады деп ойлайсыз ба?
«Ақынға жар болу – тәңірдің ілуде бір кезігер ізеті» дейді. Қыз-қырқынға дегеніңізге келіспеймін. Мұны сіз сұлулыққа деп алғаныңыз жөн шығар. Ақын ғана емес, жалпы аяулы жарыңыз сұлулық атаулыны сезінбейтін болса, сіздің бойыңыздағы әдемілік пен асыл қасиетті қалай ғана қадірлей алсын?! Есті жанның бәрі де сұлулыққа құмар. Ақынның соры – ашық ауыздылығында! Өзгелер ішіне жасырып, сұқтанар сұлулықты ақын тамсанып айтып салады. Сондықтан да Абай «Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей» деген жоқ па?! Бар сұлулық атаулыға сұқтана қарап алып, ештеңе болмаған кісіше кірпияздыққа салынғаннан жаман не бар?! Сұлусың ба, сұлу екеніңді өзіңе айтып, мақтап тұрса, сен үшін бұл да үлкен қуаныш қой. Ақын жарыңыз не жігітіңіз болса қуаныңыз дер едім.
Сұрақтарыңызға көптен-көп рахмет. Ой бөлісіп, өзім де жеңілдеп қалғандай болдым. Қашан да деніміз сау, бауырымыз бүтін, берекелі болайық!